ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАЗМҰНҒА – АЙРЫҚША МАҢЫЗ

Бұдан былай, елімізде  жер қойнауын пайдаланушы ірі кәсіпорындар мен компаниялар жүзеге асыратын ірі жобаларда қазақстандық мазмұнның үлес салмағын ұлғайтуға  күш салынады. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаевтың таяуда ғана Атырау облысы бизнесмендерімен өткізген кездесуінде айтылды.

 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік өкілдігінің баспасөз қызметінен хабарланғанындай, басқосу барысында ҰКП төрағасы Тимур Асқарұлы күні бүгінге өзі басшылық жасайтын құрылымның алдында тұрған міндеттерге тоқталды.

Оның айтуынша, келер жылдың көктемінде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны үлкен жобаны бастайды. Мұның өзі отандық бизнес үшін үлкен драйвер болғалы тұр. Оның үстіне, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жалғасады. Қашаған жобасы да алдағы жылдың аяғында іске қосылады деп күтілуде. Сондықтан да, мұнай сервисі, машина жасау секторында және олармен байланысты салаларда қызмет атқаратын компаниялардың барлығы дерлік жұмыспен қамтамасыз етіледі. Дәл осы тұста жер қойнауын пайдаланушы құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуі керек.

– Жуық арада бұл жайында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен де өзара келісімдер жасап, бір мәмілеге келетін боламыз, – деді одан әрі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаев. – Нақтылай кетсем, жоғарыда айтылған жобаларды сәтті жүзеге асырудың екі тетігі, яғни, екі жолы қарастырылған. Оның бірі – ұзақмерзімді келісім-шарттар. Екіншісі – тауарларды жеткізіп беретін және сапалы сервистік қызмет көрсететін әлеуетті жабдықтаушылардың қатарын түзу. Осыған орай, «ҚазМұнайГаз» ұлттық  компаниясының басшылығы да өз ойларымен ортақтасып отыр. Мәселен, бірдей насостар екі жерде екі түрлі бағамен сатылады. Ал, онымен айналысып отырған сол бір ғана компания. Бұған жол бермеу мақсатында құрылатын бағаларды мониторингілеу және сенімді әлеуетті жабдықтаушыларды қалыптастыру орталығының жұмысы да осы тұста көрінеді. Міне, осы екі құрал біздің қолымызда болуы керек. Тек сонда ғана оң нәтиже мен табысқа қол жеткізуге болады.

Дәулетқали АРУЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз