Жарнама
ЭкономикаСарапTime

Атырау агрокешенінің келешегі

«ӨНІМДІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЛАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРДЕН АЛДЫН АЛА ТІКЕЛЕЙ САТЫП АЛУ ЖОЛДАРЫН АЙҚЫНДАУ ҚАЖЕТ» ДЕГЕН БОЛАТЫН ҮКІМЕТТІҢ КЕЗЕКТІ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ. АТЫРАУ ОБЛЫСЫ МҰНАЙ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ШОҒЫРЛАНҒАН АЙМАҒЫ БОЛҒАНЫМЕН СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ КӘСІП ИЕЛЕРІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА, СОНЫҢ ІШІНДЕ МАЛ БАСЫН КӨБЕЙТІП, ТҰҚЫМЫН АСЫЛДАНДЫРУҒА ДЕН ҚОЯ БАСТАДЫ. МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ АЛҒАНДАР БҮГІНДЕ МЫҢҒЫРТЫП МАЛ ӨСІРІП, АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ШАРУАШЫЛЫҚҚА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНДАҒЫ ШАРУАГЕР АНА МӘРЗИЯ ӘБІШЕВА.

Бір кезде мемлекет қолдауымен алған 300 тоқтының басын 5 есеге арттырып, бүгінде қожалығын кешенді шаруашылыққа айналдырды. Жасы 70-ті желкелеп қалса да, Мəрзия апай əлі шаруадан қалмаған. Мал баққанға бітетінін түсінген іскер ана түлігін көзден таса қылмауға ұмтылады екен. – Кешегі тоқырау жылдары тұсында талай кəсіпті байқап көргенбіз. Таза пайда қойда екенін білдік. Себебі, Шопан ата төлі – өте өсімтал мал. Кейін мемлекеттен қыруар көмек болатынын түсінген соң асыл тұқымды шаруашылық құруды мақсат еттік. Қазір бағымымызда 1500 бастай «еділбай қойы» бар. Бұл түлік етті, майлы, өсімтал. Ата-бабамыздың талай ғасырлар сұрыптауынан өткен өз малы. Қысқа төзімді, жайылғанда жылқы сияқты қыста анау-мынау қарға жайыла береді, — дейді шаруагер ана.

Ауыл шаруашылығын өркендетуге мемлекет тарапынан қарастырылған қолдаудың нəтижесінде мұнайлы өңірде мал басы көбейіп, ондаған жаңа шаруашылықтар мен қожалықтар құрылды. Олар біртіндеп мал басын асылдандыруға ден қоя бастаған. Бүгінде Атырау өңірінде «қазақтың ақбас сиыры», «авердин-ангус» секілді етті мүйізді ірі қара саны еселеп артты. Оның нəтижесінде облыстың етке сұранысы өтеле бастады. Өнім сапалы əрі арзан. Алыстағы Азғыр өңірінде де атакəсіп ұмыт қалған жоқ. Құрманғазы ауданына қарасты Асан ауылдық округіне қарасты шаруашылықта қазақтың кəдімгі «ақбас» тұқымды сиыры көбейіп келеді. Айбас құмының қойнауын қоныстанған екі фермада бұрын 50 мыңнан астам қой мен екі табын сиыр еркін қыстап шығады екен. Кейін ол жайылымдар бос қалған. Енді мемлекет қолдауына сүйенген шаруашылықтар қайтадан қырға шығып, ата кəсіпті жандандыруға жұмыстанып жатыр. Себебі, «тамыр тартқан тарықпас» деген, елімізде ет-сүтке деген сұраныс жыл санап артып келеді. Осы шаруашылықта 500-ден астам мүйізді ірі қара бағылуда.

– Күтімін келістіре алсаң, мал жарықтық, барын аямайды ғой! Бұл – ет бағытында өсірілуде. Əзірге тек мал басын көбейтіп жатырмыз. Жері шұрайлы, суы мол құдығымыз бар. Бұйырса, түлік басын мыңға жеткіземіз деп отырмыз, — дейді шаруашылықтың аға бақташысы Жəйлібек Ғалымжанов.

Құрманғазы ауданына қарасты шекара бойындағы аймақта 635 шаруа қожалығы болса, оның 18-і асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Себебі, шығыны аз, пайдасы мол. Айталық, ет бағытындағы қазақтың «ақбас» сиырының тайөгізі орташа есеппен 550-600 келі ет береді. Ал, «еділбай» қойының ісектері 50-60 келіні еркін еңсереді екен. Айтқандай, 2017 жылғы мал шаруашылығы жетістіктеріне арналған көрмеде осы өңірдегі «Сүйіндік» асыл тұқымды қой зауытының қошқары 140 келі тартып, дүйім елді таңғалдырған.

Міне, атакəсіптің пайдасын пайымдағандар, сол үшін де, мал басын жаппай асылдандырып, жаңа жетістіктерге ұмтылуда. Оларға мемлекет тарапынан да қолдау көп. 2021 жылдың он айында Құрманғазы ауданындағы мал тұқымын асылдандыру жəне түрлендіру жұмыстарын жүргізген шаруашылықтарға 146 млн. теңге субсидия төленіпті. Бүгінде мұнайлы өңірдегі Құрманғазы, Қызылқоға жəне Жылыой аудандарында мал басы жақсы өсіп келеді. Енді шаруалар малдың санына емес, сапасына көңіл бөле бастаған. Тек өткен екі жылда облыста 12 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіретін кешенге айналды.

Жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығын кешенді дамыту мақсатында ірі жобалар қолға алына бастады. Қала іргесінде 1500 басқа арналған мал бордақылау алаңы, Қызылқоға ауданында сүт өңдейтін кешенді ферманың құрылысы басталды. Қомақты қаражатты қажет ететін бұл жобаларға да мемлекеттің зор көмегі бар. Бір кезде үзіліп қала жаздаған атакəсіпті тірілтуге мемлекетіміз ерекше ден қоя бастады. Бұл – қуантарлық жəйт. Мысалы, өткен екі жылда Атырау облысы бойынша 407 жеке тұлға 3,6 млрд. теңге несие алыпты. Осы үрдіс биыл да жалғасуда. Өткен 6 айда ауыл шаруашылығы саласында 93 жоба қаржыландырылған. Шілде айынан бастап ұлттық жоба бойынша тағы да қаражат қарастырылды.

Еліміздің ауыл шаруашылығы кешенін өркендетуге арналған осындай игі шаралар ауыл тұрғындарының əлеуетін арттырып, атакəсіпті жандандыруға игі ықпал ете бастаған. Нəтижесінде: 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша облыста өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы малдары санының өсу үрдісі: Сиыр +3,0%-ға дейін 212,9 мың басқа, оның ішінде аналығы +2,8%-ға дейін 108,0 мың басқа; Қой +1,5%-ға дейін 703,0 мың. басқа. Жылқы +5,0%-ға дейін 114,4 мың басқа өскен. Бағалай білсек, бұл кешегі кеңестік қоғам жете алмаған көрсеткіш. «Өзім дегенде, өгіз қара күшімді салам» деген қазақы қағида өз жемісін бере бастады. Жалпы, түліктің дені жекенің меншігі болғанымен, оның игілігін көретін – өзіміз. Ендігі мақсат осынау мыңғырған малдың өнімін ұқсату болып отыр. Ол үшін ет-сүттен өзге, жүн-тері өңдейтін кəсіпорындар керек.

– Мал басын көбейтуге жеңілдіктер жеткілікті. Оның игілігін көріп те жатырмыз. Мысалы, осы қойдың өзінен пайда орасан. Бірақ, біз оны тек ет бағытында ғана пайдаға жаратудамыз. Егер жүнін жаратып, терісін ұқсататын болсақ екі есе пайда болар еді. Міне, осыны үйлестіре алмай жатырмыз. Оған бір-екі қожалықтың шамасы келмейді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, керемет болар еді. Себебі, жүнді қырқып алғаннан кейін, оны жуып, тазалап, тайлап, солай тапсырсақ қанша пайда табар едік! Бүгінгі нарықта сұраныс тек таза түйе жүні мен арқар-меринос қойының жүніне ғана. Алушылар «қылшығы көп» деп еділбайды менсінбейді. Сол үшін де малдан пайда табамыз десек, біртұтас шаруашылық кешенін құруымыз керек, — дейді қызылқоғалық малбегі Мəрзия Əбішева.

Ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп келген тағы бір жағдай, шаруаның шыққан шығыны мемлекет тарапынан өтелуі, яғни, субсидия мəселесі екені даусыз. Дегенмен жергілікті биліктің табанды талаптарының нəтижесінде төккен тер текке кетпейтін болды. Мысалы, тек биылдың өзінде мемлекеттен 3 млрд. 330 млн. теңге бөлінсе, оның 43 пайызы шаруа иелерінің қолына тиді. Бұл шара жыл соңына дейін жалғасатын болады. Тек тиісті құжаттарды сауатты толтырып, уақытылы тапсыру керек. Атырау «мұнайлы өңір» аталғанымен ықылым заманнан ата-бабамыз мал бағып, егін егумен де бізді осы заманға жеткізді. Демек, оны жалғастыру бізге, ұрпаққа парыз.

Əрине, бүгінде мыңдап қой, жүздеп жылқы ұстап ешкімді таңғалдыра алмасымыз анық. Олай болса, сол төрт түліктің өнімін ұқсататын жаңа технологияға бет бұрып, халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруді қолға алатын кез келді. Ол үшін салаға инвестиция тарту керек. Бұл бағытта облыста қолға алынып жатқан шаралар жеміссіз емес. 2021 жылы жалпы сомасы 830 млн. теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылды, Соның ішінде Атырау қаласының аумағында «Отбасы» шаруа қожалығы жобалық құны 200 млн. теңге тұратын, аумағы 1 гектарлық жылыжай кешенін іске қосты. Индер ауданында «Асыл Агро» ШҚ 80 гектарлық, Махамбет ауданында «Жұмағалиев» ШҚ 100 га, Атырау қаласында «Сағиева» ШҚ 160 га жаңбыр жаудыратын қондырғыларға қол жеткізді. Ал, Атырау қаласының аумағында «Джумагалиева» ЖК бағасы 400 млн. теңге тұратын 1000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын іске қосты. Бұл мал бордақылау алаңы жылына 235 тонна ет дайындай алады.

Сондай-ақ, «Oz Sut» ЖШС жылына 720 тонна сүт қабылдай алатын сүт өнімдері цехын іске қосты. Биыл облыс бойынша тағы 6 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Əрине, мұның барлығы жақсы көрсеткіш. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында ұқсамай жатқан тірлік те жеткілікті. Мысалы, біз аралап көрген Қызылқоға ауданында 38 мыңнан аса сиыр, 20 мыңға тарта жылқы, 2000-ның үстінде түйе малы бағылады. Оның сыртында ұсақ мал деп менсінбейтін қой-ешкінің өзі 170 мыңға таяпты. Енді осынша малдың өнімін қаншалықты ұқсатып отырмыз?

  • ҚҰРЫЛҒАНЫНА 80 ЖЫЛҒА ТАЯҒАН АУДАНДА БІРДЕ-БІР МАЛ ӨНІМІН ҰҚСАТАТЫН ӨНДІРІС ЖОҚ. БҮГІНГІ МАЛШЫНЫҢ КӘСІБІ МЫҢҒЫРТЫП МАЛ ӨСІРІП, ТӨЛІН САТЫП, ШЫҒЫНЫН ӨТЕУДЕН АСПАЙ ОТЫР. ӨКІНІШТІСІ, МҰНДАЙ ЖАҒДАЙ ОБЛЫСТЫҢ БАРЛЫҚ АУДАНДАРЫНА ТӘН. СОЛ СЕБЕПТЕН ДЕ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ҚҰРЫЛҒАН АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ ТЕК ЕТ БАҒЫТЫНДАҒЫ ТҮЛІКТІ ҚОЛАЙЛАП АЛҒАН. ӘРИНЕ, ЕТ ТЕ КЕРЕК. ДЕГЕНМЕН, МАЛДЫҢ ЕТІНЕН 36 ТҮРЛІ, СҮТІНЕН ЖҮЗДЕГЕН ӨНІМ ШЫҒАРҒАН БАЯҒЫ ҮРДІСТІ ЖОҒАЛТЫП АЛМАДЫҚ ПА?! ТІПТІ ТҰЯҒЫ МЕН ТЕРІСІНІҢ ӨЗІН КӘДЕГЕ АСЫРҒАН АТА[1]БАБАМЫЗДЫҢ ЕҢБЕКҚОРЛЫҒЫ ҚАЙДА? ЕНДЕШЕ, МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАП, ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ЖАЛҒАП ОТЫРҒАН ЖЕҢІЛДІКТЕРДІ ПАЙДАЛАНЫП, АТАКӘСІПТІ АЯҒЫНАН ТҰРҒЫЗА АЛСАҚ, ПАЙДАСЫ ӨЗІМІЗГЕ, ӨНІМІ КӨПКЕ НӘПАҚА БОЛАРЫ АНЫҚ.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button