Жарнама
Экономика

«Атырау облысы су арнасы» тарифін төмендетті

             «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында реттеліп көрсетілетін қызметке қатысты 2020-2021 жылдарға бекітілген тарифтік сметаның орындалуында еліміздің осы саладағы заңнама талаптарының бұзылуына жол берілген. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінен хабарланды.

            Департамент басшысы Әлібек Төлептің айтуынша, «Табиғи монополиялар туралы» заңның тиісті талаптарына сәйкес, «Атырау облысы су арнасы» КМК-ы да табиғи монополия субъектісі ретінде есепті мерзімге бекітілген тарифтік сметаны орындауға міндетті. Алайда, құзыретті мемлекеттік құрылымдар тарапынан жүргізілген тексерулердің қорытындысы қызмет көрсетуші кәсіпорын тарапынан бұл талаптардың тиісті деңгейінде орындалмағанын немесе заң талаптарының бұзылуына жол берілгенін көрсеткен.

            ­- Нақтылай кетсек, «Атырау облысы су арнасы» КМК-ның реттеліп көрсетілетін қызметі бойынша өткен екі  жылға бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы есепті талдау барысында осы аталған қаржылық құжаттың шығын баптары бөлігінде елеулі кемшіліктердің орын алғандығы белгілі болып отыр. Атап айтқанда, кәсіпорынның қамтуындағы Атырау қаласы және Мақат ауданы аумағындағы сумен жабдықтау және суды бұру, яғни оның теңеріміндегі  магистральдық құбырлар мен таратушы желілер арқылы суды тұтынушыға жеткізу сарқынды сулардың бағытын бұру және тазарту жөнінде реттеліп көрсетілетін қызметтер тарифтерінің бұрмалану фактілері тіркелген. Сайып келгенде, мұның өзі заң талаптарына қайшы келетін, соның салдарынан тұтынушы құқықтарының  бұзылуына себепші болатын жағдайларға соқтырды. Нәтижесінде, ведомоство басшылығы бекіткен мөлшерлеменің қызмет көрсетуші кәсіпорын тарапынан негізсіз немесе рұқсатсыз өзгертілуі   тарифтік сметаның шығын баптарының бес пайыздан жоғары көлемде орындалмай қалуына, оған қоса амортизациялық аударылымдарға қаралған  қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуына әкеліп соқтырғаны әшкереленді, — деп түсіндірді депармент басшысы.

            Осыған орай, жүргізілген талдау қорытындыларымен анықталған мән-жайларды негізгі ала отырып, департамент 2022 жылдың 1 мамыры мен 2023 жылдың 30 сәуірі аралығында қолданысқа енгізу тәртібімен «Атырау облысы су арнасы» КМК-ның реттеліп көрсетілетін қызметтеріне төмендегідей мөлшерде уақытша өтемдік тарифтерді бекітті. Мәселен, суды магистральдық құбыр және тарату желілерімен  орташа өткізу тарифі — 102,23 теңге/м3 (ҚҚС – сыз); оның ішінде, тұрғындар үшін — 64,53 теңге/м3; басқа тұтынушыларға — 213,72 теңге/м3 болып белгіленді. Сәйкесінше, орташа есеппен алғанда осыған дейін қолданыста болып келген тарифтерден 18 пайызға жуық төмендетілді. Осындай тәртіппен алдыңғы екі жылда тұтынушылардан заңсыз немесе артық алынып келген коммуналдық қызмет ақысы (жалпы сомасы  385,7 млн. теңге көлемінде) кері қайтарылатын болды.

            Ал, сарқынды суларды бұру және тазарту қызметінің  орташа өткізу тарифі – 71,16 теңге/м3 (ҚҚС – сыз); одан тұрғындарға  – 27,33 теңге/м3; басқа санаттағы  тұтынушыларға -137,87 теңге/м3 көлемінде бекітілгенін білдік. Мұнда да тарифтер орташа есеппен 3 пайыз шамасында кемітілген. Тұтастай алғанда, келтірілген шығын есебінен абоненттерге қайтарылатын қаржы сомасы 22,4 млн. теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Атырау облысы су арнасы» КМК әкімшілік шара ретінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің тиісті бабымен салынған 5 млн. теңгеге жуықтайтын айыппұлды толығымен төлепті.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button