Атырауда жан басына шаққанда 7 миллион теңгедей өнім өндірілген

whatsapp image 2021 10 12 at 18.32.45 Жаңалықтар

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдіктің отырысында өңірдің 2021 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.  

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат, басқарма басшылары және селекторлық режимде аудандар әкімдері қатысты.     

Атырау облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткіштері туралы мағлұмат берді. 

whatsapp image 2021 10 12 at 18.32.45 2

«2021 жылдың 1 жартыжылдығында облыстың жалпы өңірлік өнімі 4 трлн. 595,7 млрд. теңгені құрап, жан басына шаққанда 6 млн. 961,3 мың теңгеге жетіп отыр. Ал, республиканың жалпы ішкі өнімі көлеміндегі облыстың үлес салмағы – 14,2%.

Мемлекеттік бюджетке 1 071,3 млрд. теңге, жергілікті бюджетке – 307,2 млрд. теңге салықтар мен басқа да міндетті төлемдер жиналды»,-деді ол.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өнеркәсіп саласында 5 772,5 млрд. теңге өнім өндірілген. Соның ішінде, жетекші рөл атқаратын тау-кен өнеркәсiбiндегі өнім көлемі 5 211,7 млрд. теңгені құраған. 

Спикердің айтуынша, облыс бойынша 9 айда 646,3 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, бұл 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 141,6 пайызға жеткен. 

Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаныш Мамбетов 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 34,15 млн. тонна мұнай мен 17,8 млрд. текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілгенін хабарлады.

 Басқарма басшысының айтуынша, осы кезеңде негізгі капиталға 2,1 трлн. теңге инвестиция салынған. Ал, облыста жұмыс жасап тұрған 50 927 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар, бұл өткен салыстырмалы кезеңіне қарағанда 101,9% жеткен. 

Облыстағы жаңа жұмыс орындарын құру туралы баяндаған Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мамбетовтің айтуынша, өңірде жыл басынан бері  18 907 жұмыс орындары құрылған, оның 9 000 тұрақты, 9 907 уақытша жұмыс орындары. 

Жалпы, жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 22 576 адамдардың ішінен 20 864 адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 13 733 адам, уақытша жұмыстарға 7 131 адам жолданған.

whatsapp image 2021 10 12 at 18.32.46

9 айды қорытындылаған жиында Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады. Ол әсіресе тұрақтандыру қорын толықтыру, ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкелерін өткізу, кәсіпкерлер, тауар өндірушілер және ірі сауда орындары арасында жасақталған меморандумдар, басқа да шаралар жөнінде  тоқталып өтті. 

Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өзінің орынбасарларына, қала, аудандар әкімдері мен басқарма басшыларына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша жұмысты жандандырып, тиімді шаралар алу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз