АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР

 Жалпы, елімізде үдемелі индустриялық даму жобалары неліктен қолға алынып жатыр? Бұл шараның көздеген мақсаты не? Оған неге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде? Байқауымызша, бюджеттің қомақты қаражатын пайдаланып отырған бизнес иелерінің кейбіреуі осы жайды білмейтін тәрізді. Немесе әдейі білгісі келмейді. Әйтпесе, облыстық әкімдік жанындағы үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы осы проблеманы таразыға тартудан басталмас еді ғой.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, бұған дейін қажетті қолдауға ие болған кейбір кәсіпкерлер алған міндеттемелерін орындамай отырған көрінеді. Ол қандай міндеттемелер? Бизнес иелеріне өз істерін одан әрі дамытуға немесе жаңадан кәсіп ашуға жергілікті атқарушы билік тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, банктерден алған несиелерінің үстемесін жабуға қажетті қаражат бөлінгендіктен, кәсіпкерлер де мемлекет саясатын жүзеге асыруға жәрдемдесуі керек. Демек, алдымен жаңа жұмыс орындарын ашып, оларға отандық мамандарды тартуы шарт. Сөйтіп, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін көбейтуге үлес қосуы қажет. Міне, кәсіпкерлерге қойылып отырған талап – осындай.
Алайда, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, қысқа мерзімде жүргізілген мониторинг нәтижесінде ғана жеті бизнес иесінің алған міндеттемесін орындамағаны анықталған. Үйлестіру кеңесі мүшелерінің алдында бұрынғы қызметшілерді сақтап, оған қоса жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бюджетті көл-көсір салықпен толтыруға уәдені үйіп-төгіп берген кейбір кәсіпкерлер шыға бере жалт еткен көрінеді. Осы тексеруді одан әрі жалғастырса, әлі талайдың былығы ашылатын секілді. Өйткені, жергілікті бюджеттен өздері сұраған қаржысын алып, жағдайын жақсартқан кейбіреулер енді кәсібін дамытудың орнына бұрынғы күйінен де айырылып қалыпты. Бұған дейінгі қызметкерлері де қысқарған, жаңадан жұмыс орны да ашылмаған, бюджет түсімін де кемітіп жіберген. Алдағы уақытта олар үйлестіру кеңесі мүшелері алдында тиісті жауап беретін болады.
Содан соң қандай шара алынбақ? Объективті себептерсіз уәделерін орындамаған кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету уақытша тоқтатылады. Ал, берген қаражатты мақсатты жұмсамай, талан-таражға салғандар болса, оларға бұған дейін берілген ақша сот арқылы кейін қайтарылады.
Мұндай шұғыл шараға барудың тағы бір себебі бар. Осы отырыста белгілі болғанындай, бұған дейін өңірдің үдемелі индустриялық дамуына орталықтан 800 млн. теңге бөлінуі жоспарланған болса, ол республикалық бюджетті нақтылау кезінде 107 миллионға дейін күрт кеміпті. Демек, осы аз ғана қаражатты барынша тиімді пайдаланып, ең қажетті жобаларды қолдауға тура келеді.
Әрине, алда тағы да қаражат бөлінуінен үміт те жоқ емес. Қанша дегенмен, экономикалық даму қарқыны жоғары, әлемдік деңгейдегі ірі жобалар жүзеге асырылып жатқан өңірге жүз миллион теңгеден сәл ғана асатын ақша түк болмайды. Сондықтан, екінші деңгейдегі банктердің өздерімен істес болуға ұмтылған кәсіпкерлердің меселін қайтармай, жобаларын қабылдағандары абзал. Ал, әкімдік тарапынан қолдауға кепілдік беріледі. Әзірге осындай өзара түсіністікпен жұмыс жасаған жөн.
Бұл жолы да үйлестіру кеңесі мүшелерінің талқысына тартылған жобалардың барлығы қолдауға ие болды. Олардың бәрінің де өзіндік маңызы жоғары, пайдасы бар. Мәселен, «Дүтмағамбетов Ж.М» жеке кәсіпкерлігі «Цеснабанкпен» арнаулы техника мен елу мүйізді ірі қара алу үшін 14,1 млн. теңгелік несиеге келісімге келген. Махамбет ауданында 530 га жер телімі де бар екен. Енді етті-сүтті сиырлар өсіріп, өңірдің азық-түлік проблемасын шешуге азды-көпті үлесін қосқысы келеді.
Ал, «Құрманғазиев Р.К» жеке кәсіпкерлігі құрылыс материалдары ретінде пенополистирол шығаруды қолға алмақшы. «Қазақстан Халық банкінен» 18 млн. теңге несие алуға келісіп те қойыпты.
Осы орайда бұл материалдың қазір қолданыста қаншалықты сұранысқа ие екендігі де біраз сөз болды. Өйткені, оның отқа тез тұтанғыштығы, күннің ыстығында жағымсыз иіс пен залалды заттар шығаратындығы жөнінде мамандар тарапынан әңгіме де бар. Сондықтан, бұл жоба да қолдауға ие болғанымен, мәселенің осы жағын салмақтау тапсырылды.
«NGN-SERVICE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көшіру жабдықтарын алуға жәрдем сұрайды. «БанкЦентрКредиттен» 28 млн. теңге несие алмақшы. Бұрынғы 27 жұмыс орнының үстіне тағы да бесеуін ашпақшы. Оған алынған қаржыны мақсатты пайдалану тапсырылды. Өйткені, қағаз көшіру мен қағаз басу арасында айырма бар. Сондықтан, бір жұмыс үшін алынған жабдықты екінші бағытта пайдалану заңбұзушылық болып табылады.
…Міне, бұл жолы өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері осындай жобаларды таразыға тартты. Ешкімнің де беті қайтарылмады, бәрі де қолданды. Тек, қайталап айтқанда, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отырған жобалардың бәрі де өңірде жұмыссыздық мәселесін шешіп, жергілікті бюджетті толықтыруға қызмет істеуі керек.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз