
Атырау мұнай өңдеу зауытының басшысы еңбек ұжымына есеп берді
Атырау мұнай өңдеу зауытының Бас директоры Ғалымжан Жусанбаев кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Ол зауыттың 2024 жылдағы өндірістік, экологиялық, әлеуметтік және қаржылық қызметінің нәтижелері туралы есеп беріп, 2025 жылға арналған мақсат-міндеттерді айқындады.

Ғалымжан Жусанбаев баяндамасын өткен жылғы елеулі оқиғалар мен жетістіктерден бастады. Олардың ең маңыздысы – мұнай өңдеу бойынша тіркелген тарихи көрсеткіш. Ел ішіндегі сұраныстың үштен бірін қамтып отырған алпауыт кәсіпорын өткен жылы 5 млн 547 мың тоннадан астам мұнай өңдеп, рекордық нәтижеге жетті. Бұл 2023 жылы өңделген мұнайдан 71 мың тоннаға артық. 5 млн 055 мың тоннадан астам тауарлық өнім шығарды. Оның ішінде автобензин – 1 млн 646 мың тонна, дизель отыны – 1 млн 658 мың тонна, сұйытылған мұнай газы – 213 мың тонна, әуе отыны – 188 мың тонна. 4 млн 910 мың тоннадан астам өнім Қазақстанның түрлі аймақтарына жөнелтілді. Өңделген шикізаттың 69,2%-ы ашық түсті мұнай өнімдеріне тиесілі. Шикізат өңдеу тереңдігі 85,1%-ды құрады. Отынды тұтыну және мұнай өнімдерінің шығынын азайту деңгейі 10,9%-ға тең.

2024 жылы зауыттың экологиялық көрсеткіштері шекті нормадан асқан жоқ. Мәселен, атмосфераға ластаушы заттарды шығару көлемі 11 мың 459 тоннаны құрады. Ал шекті көрсеткіш – 16 мың 225 тонна. Ағынды су құрамындағы шығарындылар көлемі 5 мың 702 тонна болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 526 тоннаға аз.
Есептік кездесуде өндірістегі қауіпсіздік техникасын сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Бас директор зауыт аумағында қауіпсіздікті күшейту үшін тиісті шараларды қолға алып, мердігер компаниялармен жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Баяндама соңында Ғ. Жусанбаев жиналғандарды 2025 жылға арналған негізгі өндірістік мақсаттармен таныстырды. «Жыл соңына дейін зауыт алдында 5 млн 400 мың тонна шикізат өңдеу, 4 млн 907 мың тонна тауарлық өнім шығару, мұнай өңдеу тереңдігін 83,7% -ға жеткізу, сондай-ақ отынды тұтыну және мұнай өнімдерінің шығынын азайту деңгейін 10,3%-ға дейін төмендету міндеттері тұр», – деді зауыт басшысы.
2025 жылы Атырау мұнай өңдеу зауыты 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Айтулы датаға орай кәсіпорын қызметкерлері мен ардагерлерінің, сала майталмандары және аймақ басшыларының қатысуымен бірқатар мерекелік шаралар жоспарланған.