«Атырау – Астрахан» жолы қашан пайдалануға беріледі?

68fd13f1a19461579867f10659c9bc6a xl Экономика

Жыр болған «Атырау – Астрахан» жолы туралы мәжілісмен Сәлімжан Нақпаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ATPress.kz.

Мәжіліс депутаты 2019 жылдан басталып, 2022 жылы толық аяқталуы тиіс «Атырау – Астрахан» жолының мардымсыздығын жоба жасаушылардың білімсіздігі мен оны қадағалайтын министрліктің салғырттығынан деп санайтынын жеткізді.

– Жол әлі аяқталған жоқ, тіпті қашан бітетіні де белгісіз. Соның салдарынан жол-көлік апаттары орын алып, жергілікті тұрғындардың наразылығы туындап жатыр. Бұл мәселеге мәжіліс депутаттары араласуымен министрліктің жауапты қызметкерлері жұртшылықпен арнайы кездесуде түсінік беріп, біздің тарапымыздан бұл мәселе бақылауға алынды. Бұған қоса жол құрылысына Индустрия және  инфрақұрылымдық даму министрі   Өскенбаев биыл жолдың бетіне асфальт төселген соң 2022 жылдың соңында халыққа пайдалануға жолды ашатындарын, ал жоба жұмыстарын түгелдей 2023 жылы аяқтайтынын айтқан еді, – деді депутат.

Халық қалаулысының айтуынша, ол кездесуде министр өзі ай сайын барып бақылап тұратынын айтқан. Алайда, ол да нәтижесіз. 

– Министрдің уәдесі сұйық сорпадай болып барады. Міне, мамыр, маусым айлары да өтті. Министр барды, бірақ бақандай 4 мердігері бар жол құрылысы әлі де орнынан қозғалмады.  Трасса бойында 50-60  шақырым болатын әлі де жолшының қолы тимеген учаскелер жатыр. «Жол азабын жүрген білер» демекші, қауқарсыз министрлік пен жауапсыз мердігердің себебінен халық зардап шегуде. Тұрғындар күте-күте шаршағандықтан, жолды бақылауға алып, әлеуметтік желілер арқылы мұндағы сын көтермейтін  құрылыс барысын айтып, облыс, республика халқын құлақтандыруда. Осының бәрі халықтың үкіметке, ұлттық жобаларға деген сеніміне нұқсан келтіруде, – деді ашынған депутат.

 Сәлімжан Нақпаев жолға керекті қаражат халықаралық қаржы институттары арқылы толық шешілгенін, мердігер саны төртеу, тіпті олардың жалдаған субмердігерлерінің одан да көп екенін айтып, көңіл көншітпейтін бұл іске  Премьер-министрдің бірінші орынбасары өзі араласу керек деген талабын білдірді.

«Ең басыты өкініш, министрлік жұмысты ұйымдастыра алмай отыр. Роман Василиұлы осы мәселеге өзіңіздің араласуыңызды, әлі де болса Атырау-Астрахан тасжолының маңызын жете түсініп, орын алып отырған жол апаттарының алдын алып, жол байланысын же

тілдіру үшін халықтың асыға күткен жобасының уақытында іске қосуды талап етеміз. Жол құрылысына өзіңіздің баруыңыз және және жеке бақылауға алуыңыз қажет. Осы орайда біріншіден, «Атырау – Астрахан» тасжолының құрылысын аяқтау үшін әрбір жол учаскесіне арналған әр қадамдық жол картасын жасақтау, екіншіден, осы жобаның барысы жөнінде арнайы жиналыс ұйымдастырып, онда жол құрылысында болып жатқан қиындықтарды ашық айту қажет. Депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз. Сауал жолдаушылар: «Аманат» партиясы фракциясының және «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері: Нақпаев, Тұрғанов, Ожаев, Бисенбаев, Жаңбыршин, Мұсабаев, Тәжмағамбетова,  Имашева, «Ақ жол» Қазақстан республикалық  партиясы фракциясының мүшесі Ерубаев» деді Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев.

Айта кетейік, еліміздің батысындағы ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау – Астрахан» жолының маңыздылығы көптен айтылып келе жатыр. Бұл жолмен Атырау қаласына 100 мыңнан аса халқы бар Исатай, Құрманғазы аудандарының тұрғындары қатынайды және көрші Ресей елінің Астрахан облысымен сауда-чаттық, туризм, тұрмыстық қарым-қатынастар жасалады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз