«Халықтық ІРО»: ЕКІНШІ КЕЗЕҢГЕ ӘЗІРМІЗ БЕ?

Баршамызға белгілі, «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша енді қор нарығына «КЕГОК» компаниясының акциялары шығарылатыны белгілі болды. Бұған дейін елімізде кенжелеу қалған бұл салада қазақстандықтардың тәжірибесі аздау екендігін ескерген мамандар екінші кезеңнің ақпараттық-насихаттық шараларын қайта бастады. Бүгінде барлық дерлік аймақтарда инвесторлар мен қарапайым тұрғындар арасында «Халықтық ІРО»-ны түсіндіру жұмыстары қарқын алды. Біз өз кезегімізде осынау маңызды тақырыпқа қайта оралып, кейбір тұстарын ескергенді жөн көрдік.

Биржа дегеніміз не?

Биржа дегеніміз – негізінен ғаламтор арқылы келетін құнды қағаздарды сату- сатып алу туралы ұсыныстар түсіп отыратын компьютерленген орталық.
Инвестордың өзі биржаға тікелей сұраным жасай алмайды. Бұл делдал арқылы істелінеді. Ол трейдерді биржада жұмыс жасау үшін арналған бағдарлама-терминалмен қамтамасыз етеді, бүкіл бухгалтерлік есептерді жүргізеді. Мәмілелерді сирек жасаған жан терминалсыз да жұмыс жасай алады. Мұны тек үлкен көлемде сауда жасайтын инвесторлар ғана өз еркіне алуы мүмкін. Өйткені сауда тұғырнамасы ауқымды нәрсе – делдалға сатып бергені үшін төлеу қажет және әрбір мәміле үшін де биржаға ақысын өтеуі тиіс. Биржа механизмдері – Стратегия таңдалып болған соң, яғни акциясын алмақшы боп тұрған компания белгілі болғаннан кейінгі әрекеттер – биржадағы қағаздарды сату-сатып алу басталады.

Содан кейін инвестор терминал немесе компьютер арқылы акциялар құнының өзгерулерін бақылай отырып сату немесе сатып алу үшін өзіне ең тиімді сәтті таңдайды.

Ең алдымен биржаға акцияның аты, қағаздар саны және қалаған сатып алу не өткізу бағасы көрсетілген сұраным жіберіледі. Мұны терминал арқылы (жеке компьютерде орнатылған бағдарлама) немесе делдалды шақырып істеуге болады.

Ал, биржа автоматты түрде белгіленген баға немесе ең тиімді баға бойынша ұсыныстарды қарастыра бастайды. Бұл дегеніміз егер инвестор екі мың теңгеден акцияларды сатып алуға сұрау жіберсе, биржа басқа сұранымдар арасынан осы бағаға сәйкес не арзанырақ қағаз «сатушыларын» іздейді.

Егер сәйкес ұсыныс табылса, онда екі жақ мәмілеге келеді.
Аталған баға бойынша сәйкес ұсыныстар болмаса, сұраным қанағаттандырылмайынша немесе инвестордың өзі алып тастамайынша биржаның деректер базасында тұра береді.

Биржада «стоп сұраным» деген ұғым бар. Ол сұранымда көрсетілген «шартты баға» мен биржадағы баға сәйкес түскенде ғана орындалады. Мысалы, трейдер акцияны үш мың теңгеге қымбат емес, бірақ екі мыңнан арзан емес бағаға сататынын қаласа, онда қағаздың құны екінші белгіленген бағаға түскенде биржа оны автоматты түрде сатылымға қояды.

Немесе керісінше, егер ол қағазды ең төменгі баға екі мың теңгеден алғысы келсе, үш мың теңгеден түсіп келе жатқан акция қажет деңгейге жеткен сәтте делдал оны автоматты түрде инвесторға алып береді. 

Сақтау  камерасы

Инвестор әртүрлі компаниялардың акцияларын (эмитенттердің) олардың қызметі мен бағытына қарамастан ала береді. Барлық сатып алынған қағаздар біріккенде оның «инвестициялық портфелі» болып табылады.

Бірақ қазіргі таңда акциялар электронды, документсіз түрде айналымда жүргенін түсіну керек. Бұл сатып алынған қағазға құқығыңыз Орталық Депозитарийдегі жазумен ғана бекітіледі. Ешқандай қағаз көрсеткіштер жоқ.

Инвестор ережелері

Инвестициялау – бұл өнер. Егер ақылмен келіп, есті шешімдер қабылдасаң, өз ақшаңды тәуекелсіз көбейтіп алуға болады. Сондықтан, нені істеуге болады, нені болмайтындығының негізгі ережелерін жадымыздан шығармаған жөн.

Бар ақшаңызды бір компанияға салмаңыз. Бұл жұмыртқаларды әртүрлі себеттерде сақтау қағидасы деп аталады. Осылай бір компанияның акциялары құлап жатса, екінші компанияның акциялары арқылы өзіңді сақтап қалуға болады.

Ұзақ уақыттық бағдарламаларға салған кезде қаражаттарыңызды есептеп салыңыз. Бағалы қағаздарды соңғы ақшаға алуға болмайды. Мұндай мақсаттар үшін «артық» бюджет қажет.

Таныстарыңызың сөзіне сүйене отырып олар істейтін компанияға ақша салмаңыз. Көп жағдайда басшылық компанияның болашағын әсірелей суреттейді немесе қалағаныңды шындық сияқты қылып көрсетеді.

Таныстарыңыздың жетістіктеріне немесе сәтсіздіктеріне көп мән бере бермеңіз, өз пікіріңіз болсын. Сіздің жағдайыңыз олардікінен әрқашан ерекшеленеді (жанұя құрамы, кіріс-шығысы, жасы, тәуекелге бейімділігі, жанұя жоспарлары).

Күрделі қаржы мәселелері бойынша шешімдерді жанұя жиналысында шешіңіз. Бір бас жақсы, екі бас – одан да күшті.

Егер сізді асықтырып жатса, қандай да бір себептермен тезірек шешім қабылдауды ұсыныс жасап жатса, есіңізде болсын: қаржы мәселесінде асығуға тыйым салынады.

«Халықтық IPO»

бағдарламасының арнайы сайтының материалдары бойынша әзірленді.

 

«Қазақстан жеке инвесторлар ассоциациясы» қоғамдық қорының президенті Серік Омар:

«Бірінші ереже – тек бос ақшаны ғана инвестицияға салыңыз. Жақын арада сізге қажет болатын ақшаны ешқашан инвестицияға салмаңыз. Ал, қарызға алған ақшаға инвестиция салуды мүлдем ойламаңыз.

Өкінішке орай тәуекелдерден мүлдем құтыла алмаймыз. Қор нарығында олар үнемі бар. Сондықтан, қандай да бір компанияның акциясын сатып алмас бұрын, оны толықтай зерттеңіз, оның бизнесін, жетістіктерін біліңіз. Қаржылай көрсеткіштерін қараңыз. Сарапшылар пікірін оқыңыз. Әрі акцияны аталмыш компанияның болашағына сенсеңіз ғана сатып алыңыз. Өйткені, егер компания шығындарға ұшыраса, сізде онымен қоса өз қаржыңызды жоғалтасыз».

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз