Теңіз кенішіндегі тың жоба 24 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі мұнайшы Жолдасқали Досмұхамбетов Жылыойдағы жаңа кен орнының құжаттарымен жан-жақты танысқан соң «Ау, жігіттер, мына жерде теңіздей телегей «қара алтын» жатыр ғой» деп таң қалған екен. Бүгінде аты әлемге әйгілі кеніштің Теңіз аталуы содан көрінеді. Қайткенде де, алып алаң атына заты сай өнім беріп тұр. Ел экономикасының еңсесін көтеріп, Қазақстанды мұнайы мол мемлекеттер қатарына қосты.

ҚАБАТ ҚЫСЫМЫ – ӨНІКТІ ӨНІМ НЕГІЗІ

  Бұдан біраз бұрын «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған қоғамдық тыңдаулардың бірінде кеніштегі ұңғымаларда қабат қысымы азайғаны айтылған-ды. Сайып келгенде, бұл – табиғи құбылыс. Жоғары қабаттағы өнім алынғандықтан, оның астында қуыс пайда болады. «Қара алтын» қаншама тереңдіктен өндірілгенімен, оның табиғи түрде жер үстіне шығуының әлсіреуі сондықтан. Мұны мұнай-газ саласынан хабардар кез келген кісі біледі.

 Кезінде Ембі кәсіпшіліктерінде мол өнім берген кен орындары бүгінде қайтарымы кеміп, кейбірі өзін игеруге жұмсалатын шығынды да ақтамай отыр. Геологиялық-технологиялық шара саналатын жерасты қысымын қолдан көтеру сол себепті қолға алынады. Ұзақ жылдар бойы ембілік мұнайшылар бұл бағытта техникалық суды пайдаланып келді. Яғни, қосымша ұңғыма қазып, оның суын мұнайлы қабаттың астына айдап, сол арқылы «қара алтынды» жоғары көтереді. Әйтсе де, бұл өнімді ұңғымалардың сулануына соқтырды. Бұған жерасты сулары қосылады. Бүгінде, ембілік мұнайшылардың өздері мойындап отырғанындай, кейде бір тонна мұнайдың құрамында өте көп мөлшерде су болады екен. Бұл, әрине, тиімділік емес. Ал, ТШО басшылығы басқа жолды таңдады. Теңіз мұнайы тым тереңнен алынады. Сондықтан, оның қабат қысымы да жоғары. Пайдалануға берілген бастапқы жылдардан бері мол мұнай жоғарыға жеңіл көтерілгенімен, кейінгі кезде кеміп келе жатқаны сондықтан. Демек, «тшолықтар» қабат қысымын арттыру үшін «қара алтынмен» бірге шығатын ілеспе газды пайдаланбақшы. Сонда кенді қабат та суланбайды, артық газ да ауаға жағылмайды. Турасын айтқанда, «екі қоянды бір-ақ оқпен» атып алатын тәсіл.

  Қазір қолға алынғалы тұрған жоба біраз уақыттан бері айтылып жүргенімен, түрлі себептермен қаржыландыруға қатысты ақырғы шешім қабылданбаған. Бірлескен кәсіпорында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы Қазақстан үлесі де болғандықтан, қанша шығын шығарына мемлекет те мүдделі. Оның үстіне, қазіргі қаржы дағдырысы жағдайында әр теңгені есептеуге тура келеді. Міне, енді сол күрмеулі проблеманың түйіні тарқатылды. ТШО компаниясы Келешек кеңею (ККЖ) мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару (ҰЕҚБЖ) жобаларын қаржыландыру мәселесі шешілгенін хабарлады. Сөйтіп, соңғы нүкте қойылды. Бүгінде бұл жобаларға қажетті қаражат 36,8 млрд. АҚШ долларына бағаланып отыр. Әрине, бұл ретте күтілмеген шығындар мен өсімдер болуы да ескерілген. Сондықтан, келешекте бұл соманың өзгеруі де ықтимал. Әрине, әлемде қаржылық ахуал тұрақтанып, жағдай оңға өзгерсе, көп шығын шықпауы да мүмкін. Әйтсе де, қайткенде де, қайтарым боларына мемлекет те, мамандар да сеніп отыр.

КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?

  Сонымен, осы жобадан не күтеміз? Одан мемлекет нендей нәтижелерге қол жеткізеді? Алдымен, Елбасымыз айтқанындай, Қазақстан өзінде бар көмірсутегі шикізатының мол қорымен алдағы уақытта әлемдегі «қара алтынды» ең көп өндіретін алдыңғы қатарлы бес елдің қатарына кірмекші. Бүгінде қазақстандық геолог-ғалымдар республикада әлі де игерілмеген қыруар кеніш бар екенін дәлелдеді. Оларды кәдеге асыру – келер күннің үлесі. Биылғы қазанда Қашағаннан өнім алуды қалпына келтіру жоспарланған. Әрине, оның дүние жүзіндегі алып кеніштердің бірі екеніне ешкімнің дауы жоқ. Әйтсе де, Теңіз кенішінде қолға алынбақ тың жобаның да Қазақстан экономикасына қосар сүбелі үлесі бар. Одан әрі, жаңа кен орындары әзірге қатарға қосылмағанымен, Теңіздегі жоба арқылы еліміз «қара алтын» өндіру көлемін еселеп көбейтеді. Сонымен, аталмыш жоба бойынша кен орнынан алғашқы мұнай алу 2022 жылға жоспарланған. Соның нәтижесінде Теңізде мұнай өндіру тәулігіне 260 мың баррельге артады. Немесе жылына 39 млн. тоннаны құрайды. Шарықтау шегінде бұл көрсеткіш тәулігіне 900 мың баррельге жетеді. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болып па еді?. Жалпы, ККЖ арқылы өндіріс көлемі еселеп өссе, ҰЕҚБЖ қолданыстағы алты кешенді технологиялық желінің кіреберісіндегі қысымды арттырады. Бұл кен орнындағы зауыттардың толық қуатында жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстан халықаралық ірі компаниялардың мұнда инвестиция салып, еш алаңсыз жұмыс жасауына болатындығын тағы да дәлелдеді. Елбасының көздеген бағыты мен ұстанған саясаты да осы. Жоғарыда айтқанымыздай, республикада әлі алынбаған миллиардтаған тонна «қара алтын» бар десек, соның бәрін игеруге өзіміздің шамамыз жетпейді. Демек, сырттан іргелі компанияларды тартуға тура келеді. Міне, осы орайда ТШО компаниясының ұзақ жылдарға межеленген тағы бір ірі жобаны қолға алуы – бұл бағыттағы нақты шара.

  «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Тед Этчисон бірлескен кәсіпорынның Келешек кеңею және Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобаларын жүзеге асыруға дайындығын мәлімдеді. Оның ел экономикасына да, ТШО серіктестеріне де зор табыс әкелетіндігін атап өтті. Ал, оның орынбасары Әнуарбек Жәкиевтің айтуынша, осы жобалар нәтижесінде жаңадан жұмыс орындары ашылады, қазақстандық қызмет пен өнім түрлері барынша көп қолданылады. Осы орайда сонау 1993 жылдан бері бірлескен кәсіпорынның 20,8 млрд. АҚШ долларынан астам қазақстандық қызмет пен тауарды тұтынғанын айтқан абзал. Бұл көрсеткішті жаңғыртудың жайлы жағдайы туғызылғалы тұр. Атыраулық кәсіпкерлердің де тың жобаларға қосар үлесі бар. Мәселен, «Атыраунефтемаш» мекемесі ірі габаритті жабдықтарды құрастыра бастады. Осы өнім ТШО басшылығын да қызықтырып отыр. Немесе «Жігермұнайсервис» республикада тұңғыш рет аса ауыр салмақ көтеретін бұрғылау қондырғысы мен үлкен тереңдікті еркін қазатын төзімді қашаулар шығара бастады. Расында да, іргеде әлемдік талаптарға сай келетін іргелі кәсіпорындар тұрса, керек нәрсесін алыстан тасымалдап несі бар? Шетелдіктер де үнемді ұнатады. Оның үстіне, инвесторлар алдына отандық өнімдерді пайдалану талабы тұр. Тек соларға ұсынар тауардың сапаға сай болғаны жөн. Әйтпесе, өзімізге жарап қалар анау-мынау зат олардың сұранысын қанағаттандырмайды.

  Алдағы уақытта 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Еске сала кетсек, бұған дейін сәтті жүзеге асырылған Шикі газды кері айдау жобасына да мыңдаған қазақстандық тартылған-ды. Екінші буын зауытын іске қосуда атыраулық мамандар да сүбелі үлес қосты. Бұл жолы да мердігер ұйымдар қатарына жергілікті жастар қосылғалы тұр. Олардың дені бұған дейін де аймақтағы біраз жобаларда толымды тәжірибе жинақтаған. Демек, дайын мамандар. Ал, ТШО басшылығы келешек жобаларда жұмыс жасайтын қазақстандық мамандарын шетелдерге жіберіп, білімдерін жетілдіріп алды. Солардың сапында өрімдей жастар бар екенін де білеміз. Тек кейде біздің жігіттердің жұмыс берушіге тым артықтау талап қоятыны да бар. Ә дегенде «маған бәлен мың доллар бер» деп аттан салғанша, алдымен сол мамандықтың қыр-сырын меңгерген жөн емес пе? Кейбір орынсыз кикілжің осындай түсінбестіктен туындайды. Тағы айтарымыз – Атырауға сырттан да, республиканың өзге өңірлерінен де мыңдаған адамның жиналуы. Бұған дейінгі оқиғалар көрсетіп жүргеніндей, көпшілік арасында сәл нәрседен шатақ та шығады. Ендеше, қауіпсіздік шараларын қазірден бастап қамдаған жөн. Әйтсе де, қорыта қайырғанда, ТШО компаниясы қолға алып отырған жобалардан күтеріміз көп. Ол таяу уақытта басталады. Қазір 1600 шамалы қазақстандық кәсіпорын таңдаудан өтіпті. Кеніш басында негізгі инфрақұрылымды салу жөнінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қысқасы, келер күндері Атырау аймағы тағы да әлемдік деңгейдегі алып жобаның орталығына айналмақшы.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз