ҒАСЫР КЕЛІСІМІ ЕЛІМІЗДІ ҒАЛАМДЫҚ ЖЕТІСТІККЕ БАСТАДЫ

77777777777777777777777777777777777777777777Кеше «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кеңсесінде тағылым мен тәлімге толы, мәні мен маңызы жоғары шара өтті. Ол белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Равиль Шырдабаевтың «Қазақстан мұнайы. Ғасырлық тарих» атты кітабының тұсаукесеріне арналды.
Кезінде тәуелсіз еліміздің алғашқы Мұнай және газ министрі болған автордың өзінің жаңа еңбегін бірлескен кәсіпорынның 20 жылдығы қарсаңында жарыққа шығаруы да тегін емес. Өйткені, ол ТШО компаниясының Қазақстан жағынан тұңғыш директоры қызметін атқарған. Майталман мұнайшының осы орасан еңбегін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те, бірлескен кәсіпорынның бас директоры Тим Миллер де, өзге пікір білдірушілер де атап айтты.

– Жалпы, осы шара, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов, – ел өміріндегі, оның мұнай-газ саласындағы айтулы оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Сонау 1993 жылғы 6 сәуірде Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының президенті Кеннет Дерр «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құру туралы қырық жылға шақталған келісімге қол қойды. Ол «ғасыр келісімі» деген атқа ие болды.
Осылай тәуелсіздіктің табалдырығында орын алған оқиғаны орынды еске салған облыс әкімі мұнай мен газдың ел экономикасында алар орны әрқашан ерекше екендігін айтты. Егемендік жылдары республикада көмірсутегі шикізатын өндіру көлемі еселеп артты, жаңа кен орындары ашылды. Теңіз бен Қашаған тәрізді ірі кен орындары әлемге әйгілі болды. Оларды игеруге шетелдік инвесторлар да атсалысып, ТШО, Аджип ҚКО, Шелл секілді дүниежүзілік салмағы бар компаниялармен әріптес болдық.
Жалпы, Бақтықожа Салахатдинұлы айтқанындай, республика бойынша жалпы мұнай өндіру көлемінің 40 пайызы Атырау аймағына тиесілі. Сонымен, қатар күллі еліміздің мұнай экспортының 35 пайызын да біз беріп отырмыз.
Одан әрі облыс әкімі жаңа кітап авторының есімі елге танымал екендігіне тоқталды. Равиль Шырдабаев еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастап қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілгенін айтып өтті. Елбасының сенімді серіктерінің бірі ретінде тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы қиыншылықтардың бәрін бірге көтергенін ерекше атады. Кейін Қазақстанның Украина мен Молдавиядағы төтенше және өкілетті елшісі ретінде алғашқы дипломатиялық тәжірибесін де осы бірлескен кәсіпорында жинақтады.
Облыс әкімі осындай тағылымды шараны ұйымдастырған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тим Миллерге алғыс айтты. Алдағы уақытта да екіжақты тиімді негізде бірлесіп қызмет атқаруға сенім білдірді.
Сөзінің соңында аймақ басшысы Равиль Шырдабаевқа ыстық лебізге толы Құттықтау хатын табыс етті.
Авторды жаңа еңбегімен Мұнай және газ министрі атынан оның орынбасары Болат Ақшолақов құттықтады. Ол аталмыш шығармада еліміздің мұнай тарихынан толық мағлұмат берілгенін, маңызды оқиғалар қамтылғанын айтты.
Бірлескен кәсіпорынның бас директоры Тим Миллер Қазақстан мұнайының ғасырдан астам тарихына ТШО да үлкен үлес қосып отырғандығын, осы 20 жылда күллі республикада «қара алтын» өндіру көлемі еселеп артқандығын атап өтті. Сайып келгенде, ТШО күллі ТМД елдеріндегі ең үздік бірлескен кәсіпорындардың бірінен саналады.
ТШО басшысы бірлескен кәсіпорынның бастапқы жылдары еңбек еткен аға ұрпақ тәлімі кейінгі буынға үлгі екендігін де айтып өтті. Осы орайда шетелдік инвестиция тарту жөнінде Елбасының өте оңды саясат ұстанып отырғандығына жоғары баға беріп, алдағы жиырма жылда да жемісті жұмысты жалғастыра беретіндіктеріне сендірді.
Сөз кезегі келгенде Равиль Шырдабаев алдымен «тшолықтарды» жиырма жылдығымен құттықтады. Одан әрі Қазақстан жағынан алғашқы директор болған бірлескен кәсіпорынның бастапқы қадамдарының қаншалықты қиын болғандығына тоқталды. Расында да, бұрынғы одақтас республикалар жан-жаққа тарап, экономикалық байланыстар бұзылған кезде әркім тығырықтан шығар жолды іздеді. Өндіріс тоқырады, жалақы берілмеді, күнделікті тұтыну тауарлары таптырмады. Жалғыз үміт – әлемде көмірсутегіне деген сұраныстың артуы.
Міне, осы кезде Елбасы мұнай-газ саласын басым бағыт ретінде жариялады. Сырттан инвестиция тарту көзін іздеді. Ол кезде бізде инвесторлармен жұмысты жүйелейтін заңдылықтар да жоқ еді, бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі тәжірибе де болмайды, әлемдік мұнай нарығын таразылайтын мамандар да жетіспеді.
Сол сын шақта Елбасының сөзіне сеніп, сонау мұхиттың ар жағынан келген «Шеврон» компаниясы еді. Онымен келісім жасалғандығын БАҚ арқылы күллі әлем білді. Өзгелері де бізге келуге ұмтылды.
Бірлескен кәсіпорынның Қазақстан жағынан бірінші директоры ретінде Равиль Шырдабаев бастапқыда инвесторлармен арақатынастың да жеңіл болмағандығын жасырмады. Бұған дейін түрлі идеологияда тәрбиеленген жандардың тез тіл табысуы да қиын еді.
– Арасында келіспей қалатынбыз, – деп еске алды сол шақты шынайылықпен автор, – қызылкеңірдек болып тартысатынбыз. Сондай сәтте тілмашымыз үзіліс ұсынып, кофеге шақыратын. Біраз демалған соң ашуымыз да басылатын. Сол тілмашымыз – бірлескен кәсіпорынның бүгінгі майталман маманы Мәрия Қаражігітова. Өндіріске келгенше жиырма жылдай мектепте ағылшын тілінен дәріс берген, өте мәдениетті, терең психолог.
Жалпы, Равиль Шырдабаевтың айтуынша, оның бұл еңбегі – бұдан үш жыл бұрын жарыққа шыққан «Мұнай: кеше, бүгін, ертең» атты алғашқы кітабының лайықты жалғасы. Автордың сол кітабы Қазақстан мұнайының 110 жылдығы құрметіне жазылса, осы еңбегі ТШО компаниясының 20 жылдығы қарсаңында оқырман қолына тиіп отыр.
Майталман мұнайшының айтуынша, Қазақстанда көмірсутегі қоры әлі жеткілікті. Тек дәлелденген мұнай мен газды өндіру үшін ғана жүз жыл шамасында уақыт қажет. Демек, «қара алтын» өндірушілердің әлі талай ұрпағы өмірге келеді. Олар тың технология мен жаңа техниканы қолданып, биік белестерді бағындырады.
Мемлекет және қоғам қайраткері Есен Тасқынбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин, байырғы мұнайшы Махамбет Батырбаев, белгілі геолог-ғалым Балтабек Қуандықов және басқалары жаңа кітаптың маңызын аса жоғары бағалап, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға тұратындығын айтты.
Әсіресе, кітапта Қазақстан мұнайына үлес қосқан ғұлама ғалымдар мен беделді басшылардың ғана емес, қатардағы операторлар мен бұрғышылардың да есімдері аталуы – қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген үлкен құрмет. Өзі де мұнайшы болған автор сол жандардың бәрін дерлік біледі, кезінде қоян-қолтық қызмет атқарған.
Сонау сұрапыл соғыс жылдарында Ембі кәсіпшіліктерінде 4700 әйел мұнайшы мамандығын меңгерген. Солардың күшімен үш кен орны ашылған. Міне, осы оқиғалар да кітапта көрініс тапқан.
Жалпы, бұдан бір ғасырдай бұрын Ембі мұнайын игеруге келген алғашқы шетелдіктер мұнай тасымалдайтын бірінші кемені де осында іске қосыпты. Ал, қазір елімізде «қара алтын» тасымалдайтын сегіз ірі танкер бар. Олар Қазақстан мұнайын әлемдік мұхиттармен дүниенің төрт бұрышына таратады. Автор мұны да мақтаныш етеді.
…Қысқасы, тұсаукесер рәсімінде айтылғанындай, Равиль Шырдабаевтың бұл еңбегі мұнайшы мамандығын таңдайтын жастарға да, бүгінде осы салада тәлім алып жатқан студенттерге де, жалпы мұнайдың не екенін білуге ұмтылған кез-келген оқырманға да ұсынылады. Ал, мұнай-газ компаниялары басшылары бұл кітапты күнделікті қызмет столының үстіне қойса да жарасымды.
Жалпы, мұнайшылық еңбек өтілі мың жылдан асатын Шырдабаевтар әулетінің айтары мол. Демек, көпшілік алда тағы да жаңа жинақтардың өмірге келуін күтеді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз