БАҒАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАР ХАЛЫҚҚА ҚАЖЕТ

Экономика

 Ендігі меже – алғашқы отыздық

– Ерғали Мұқанұлы, мүмкіндігі мол Астанада жүрсіз. Нендей соны жаңалықтармен бөлісе аласыз?

– Өткен жылғы 11-12 қыркүйекте Астанада Халықаралық экономикалық форум өтті. Жалпы, мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Оларға Нобель сыйлығының лауреаттары, дүниежүзілік салмағы бар атақты академиктер, ғұлама ғалымдар, майталман мамандар шақырылады. Демек, көңіл аударарлық келелі кеңес өтеді. Бұл Астана форумының биік беделін, үлкен маңызын білдіреді.  Міне, сол басқосуда Мемлекет басшысы Қазақстанның таяу уақытта әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру керектігін айтты. Яғни, осындай міндет қойылып отыр. Бұған дейінгі меже елулік еді ғой. Енді жаңа батыл бастама көтерілді.  Демек, біз кейбір көрсеткіштер бойынша алғашқы елулікке енген екенбіз. Әйтсе де, тұтастай алғанда, өзімізбен қатар тұрған өзге мемлекеттермен салыстырғанда, әлі де ширай түсуіміз керек. Елуліктің, әсіресе, отыздықтың ортасынан табылу үшін орындалуы міндетті бірнеше талап бар. Бұл бағытта мен әр міндетті жеке талдап лекция да жазғанмын.

Айтпақшы, араға екі күн салып, яғни 13 қыркүйекте мемлекеттік басқару академиясында тұсаукесер лекция оқыдым. Ол әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына кірудің негізгі тұжырымдарына арналды. Осындай лекцияларымды Атырауда да оқыдым. Облыстық кәсіподақтар федерациясында, қалалық әкімдікте көпшілікпен кездестім. Халел Досмұхамедов атындағы университетте студенттермен жүздестім.

Жалпы, облыс дамуы дегеніміз не? Облыс – республика құрамындағы бір бөлік. Оның қарқынды дамуы күллі еліміздің ілгері басуына септігін тигізеді. Ал, менің байқауымша, қалың көпшілік инновациялық дамудан бейхабар тәрізді. Олармен сарапшылар да терең түсінік жұмыстарын жүргізбейді. Арнаулы әдебиеттер де жоқ. Бірен-саран журнал шығарылғанымен олар жұртшылыққа жетпейді. Республикалық деңгейдегі шаралар облысты түгел қамтымай жатады. Міне, осы олқылықтардың орнын толтыру қажет. Өйткені, тұрақты байланыс, толық ақпарат болмаса, іс те ілгері жылжымайды. Алғашқы отыздықты межелеген екенбіз, оған барлық қазақстандық үлес қосуы тиіс.     

Инновация дегеніміз  не?

– Елімізде қолға алынып жатқан индустриалдық-инновациялық жобалар экономикалық тұрғыдан дамуымызды жеделдетпей ме?

– Әрине, оң септігін тигізеді. Бірақ, біз «инновация» ұғымын терең түсініп болдық па? Жалпы, инновация дегеніміз не?

Қазіргі біздің инновациялық жобалар қатарында атап жүргендеріміз тыстан технология тасымалдаумен ғана шектеледі. Өзге елден әлдебір технологияны әкелеміз де, сонымен қанағаттанамыз. Мейлі, ол озық технология болсын, бәрібір инновацияның талабына толық жауап бермейді. Елбасы өз сөзінде «абсолютті инновация» дегенді айтты. Міне, осы тұжырым инновацияға келіңкірейді.

Жалпы, «инновация» сөзі бізге батыстан келді. Оны экономикалық термин ретінде айтуға да болады. Демек, инновация дегеніміз – тың идеялар, жаңа технологиялық шешімдер. Бізге осындай нақты инновация қажет. Қазір соны іздестірудеміз. Сол үшін мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылдануда. Алайда, сол бағдарламаларды жергілікті жерде жүзеге асырушылардың арасында байыбына жете бойламайтындар бар. Тек бетін ғана қалқып жүр. Мен солардың бірқатарымен сөйлесіп те көрдім. Сонда жан-жақты білімінің жетімсіздігін байқадым.  Маңызды  мемлекеттік  бағдарламалардың өңірлерде жүйелі жұмыс жасамай жатқандығы да сондықтан.

Демек, біз шын мәнінде инновациялық шешімдерге қол жеткізгіміз келсе, онда алдымен өзіміз сауаттануға ұмтылуымыз керек. Аудитория алдында сөйлеуіміз қажет. Оны тыңдайтын адамдар да көп болуы, құймақұлақтар құйып алуы шарт.

Экономика тақырыбы – әрі қызықты, әрі қиын

– Қалай ойлайсыз, бізде экономика тақырыбы терең жазылып жүр ме?

– Сауал жолдауыңызға қарағанда, оған өзіңіздің де көңіліңіз онша толмайтын тәрізді ғой. Бұл, шындығында да, солай. Жалпы, экономика саласын жазатын журналистерге көп нәрсе байланысты. Ол, әрине, оңай емес. Көтерген мәселесін, қозғаған тақырыбын өзгелерге жете жеткізу үшін оны журналистің өзі терең  түсінуі  керек. Әйтпесе, басқаны қалай ұғындыра алады.

Жалпы, Қазақстанда экономиканы жан-жақты жетік жазатындар тым аз. Қажетті әдебиеттер де жетіспейді. Әсіресе, қазақтілді журналистерге өте қиын. Оларға керекті мәліметтерді орысша оқулықтардан немесе интернеттен табуға тура келеді. Сондықтан, алдымен журналистердің экономикалық сауатын көтерген жөн.

Экономикалық іліммен қаруланған журналист сұхбат алушы адамына да сауатты сауалдарын бере алады. Жалпы, сұрақтардың нақты болғаны жөн. Жалпылама сауалдармен қазір ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Олардың жауаптары интернетте қаптап жүр. Оны кез келген табады. Ендеше, журналиске жұртқа белгілі жайды сұрап қажеті не? Демек, оқырманды көпшілікке беймәлім нәрсемен елең еткізу керек.

Әлемде «Дамыған елдер клубы» деген бар. Онымен штаб-пәтері Парижде орналасқан Халықаралық экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы шұғылданады. Польша, Венгрия, Чехия секілді кешегі социалистік топ мемлекеттері оған әлдеқашан кіріп алған. Ал, біз ене қойғанымыз жоқ. Мұны аймақтардағы журналистер біле ме?

– Жемқорлық жөнінде жиі жазып жүрміз.

– Бұл – расында да үлкен кесел. Онымен қалай күресуге болады? Жалпы, жеңу мүмкін бе? «Жемқорлық деңгейі төмендеді» деп жатамыз. Сонда қандай деңгейден төмендеді? Жемқорлықтың жоғары немесе төмен деңгейі бола ма? Міне, осындай сауалдардың жауабын кім берер екен? Журналистер де соның төңірегінде бас қатырып жүр.

Ғылымға ерекше көзқарас керек

– Ғылымның дамуы біраз кенжелеп қалған жоқ па? Ғалымдардың өндіріспен байланысы үзілген тәрізді.

– Бұл, шындығында да, солай. Жалпы, ғылым мен инновация егіз қозыдай қатар жүруі керек. Бірін екіншісінен айыруға болмайды. Ал, бізде керісінше. Ғылыммен Білім және ғылым министрлігі шұғылданады. Инновациямен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі айналысып келді. Бұдан күткендегідей нәтиже болды ма? Айта алмас  едім.

Мәселен, ірі қалаларда, облыс орталықтарында қаншама технологиялық парктер, еркін экономикалық аймақтар ашылды. Солардың бәрі жақсы жұмыс жасады ма? Осы Атырауда да бизнес-инкубатор құрылды. Ол не берді өңірге? Бірнеше гектар жер телімі бөлінді, әкімшілік ғимараттары салынды. Алайда, инновациялық дүмпу сезілмеді. Салынған нысандар әлдекімдерге жалға  беріледі.  Яғни,  басталған игілікті іс ақырына дейін жеткізілмеді.

Мен мұндай ахуалдың басты себебін министрлік құрылымында деп білемін. Білім және ғылым министрлігі басшылығының білімнен қолы босамайды. Мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш және орта білім беру, орта арнаулы және жоғары оқу орындары. Санап көрсеңіз, бес маңызды бағыт. Олардың ешқайсысын да босаңсытуға болмайды. Бәріне бөлінген қаражат бар, түгел игерілуі керек. Жүктелген міндеті де жеткілікті.

Осы бес бағыт ел халқының қанша бөлігін қамтып отыр деп ойлайсыз? Балабақшалардағы бүлдіршіндер, мектептердегі оқушылар,  колледждер  мен   институттардағы студенттер. Солардың тілегін тілеп ата-ана жүр. Сонда тек білім беру саласының өзі республика тұрғындарының 90 пайыз шамасын қамтиды екен. Сонда министрдің ғылымға  мойын бұратын шамасы да жоқ.

Сонау жылдары бізде Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі болды. Оны бүгінде көп адам ұмытып та қалған шығар. Ғалым Әбусейітов деген азамат Мәскеуден арнайы шақырылды. Ол Қазақстанда туған, бірақ сонда жұмыс жасап жүр еді. Кейін бұл министрлік жабылып қалды. Әрине, сол кезде инновация туралы айтуға ертерек еді. Ал, қазір бәрінің аузында инновация жүр, бірақ соны құра алмаймыз. Елбасы нақты істі талап етіп отыр. Бірақ, соған ұсынатын, ауыз толтырып айтатын жетістігіміз жетіспейді. Халықаралық деңгейдегі таза қазақстандық жобалармен әлемді таң қалдыра алмай жүрміз.

Ол үшін, жоғарыда айтқанымдай, инновация түсінігін терең ұғынуымыз керек. Инновациялық ахуалға да орта керек. Оған ғылымды тартқан жөн. Әзірге екі министрлік бірін-бірі толықтыра алмай жүр. Тіпті Білім және ғылым министрлігінде білімге жете назар аударылып, ғылымға жеткілікті қаражат та бөлінбейтін тәрізді.

Жалпы, ғылымды қалай түсінеміз? Оның жоғары білімнен нендей айырмашылығы бар? Ғалым адамдар кімдер? Олардың бүгінде беделі қандай? Осыны таразылап көрелікші.

Ғылым дегеніміз – тың идеялардың бастаушысы, жаңалықтар жеткізуші. Нағыз ғалым ешқандай қиындыққа да қарамай өз жұмысымен шұғылданады. Оның бастамасын ешкім де қажет етпеуі мүмкін. Тіпті, отандық өнеркәсіп ошақтары да. Өйткені, қазір бәрі де дайын технологияны сырттан тасымалдағанды жақсы көреді. Қыруар қаражатты соған жұмсайды. Одан қандай инновация болады?

Демек, қай министрліктің біліммен және инновациясымен шұғылданатыны нақты айқындалуы қажет. Елбасының талап етіп отырғаны да – әркімнің өз ісіне жауап беруі. Әйтпесе, екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді. Сайып келгенде, шағын және орта бизнестің өзі ғылыми тұжырымдарға негізделген бағытта жұмыс жасауы қажет. Бірақ, бұл сала жетекшілері оны көп қажет етпейді. Мұны қате түсінік дегенмен, осындай көрініс байқалып жүр.

«Болашақ» – болашақ кепілі

– Жастарға қандай иек артылады? Біздің келешегіміз солар емес пе?

– Біз жастарға сенуіміз керек. Оларға үміт артуға тиіспіз. Елбасы бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Мұндағы мақсат – осы бағдарлама бойынша білім алған жастардың ел игілігіне еңбек етуі. Менің білуімше, Атырауда 150 шамалы «болашақшылар» бар. Оның үстіне, Атырау осы бағдарлама  бойынша   білім  алғандар саны жөнінен Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші орынды иеленеді. Солар қайда еңбек етіп жатыр? Басым көпшілігі – мұнай-газ өндіру саласында. Ал, осы жастардың күш-қайратын еліміздің экономикалық дамуына жұмсауымыз қажет. Қазіргі ағылшын тілін білетін дарынды жастардың дені шетелдік компанияларда солардың мүдделерін қорғап жүр. Өйткені, солардан жалақы алады. Сонда мемлекет мүддесі жеке сұраныстың тасасында қалғалы тұр. Сондықтан, бізге мемлекет мүддесін қорғайтын мамандар қажет. Мұндай дарынды балаларды облыстық деңгейде қаржыландырудың өзіндік қиындықтары бар. Демек, мәселе республикалық деңгейде шешілуі тиіс.

Жалпы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқушылардың біздің студенттерден айырмашылығы қандай? Оны кім қандай талаптармен бағамдай алады? Мен айтып көрейін. Алдымен, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде білім алып жатқан студенттер әлемдік деңгейде өресі жоғары, білігі мол ғалымдардан дәріс алады. Олар – дүние жүзінде есімі мәлім, атағы белгілі ғылым иелері, академиктер, профессорлар. Олар біздің Атырауға келмейді. Шақыру да мүмкін емес. Мұндай жандардың әр күні емес, әр сағаты санаулы. Олардың бір лекциясының өзі қыруар қаржыға бағаланады.

Одан әрі, біздің жастарымыз әлемнің ең үздік техникасы мен технологиясын көреді. Солардың қызметін үйренеді. Ал, мұндай әлемдік талаптарға жауап беретін озық нәрселер әзірге бізде жоқ. Сондықтан, сырттан үйренуге тура келеді.

Сайып келгенде, «Болашақ» бағдарламасына жұмсалған қаражаттың қайтарымы болуы шарт. Ал, бұл, турасын айтқанда, аз қаржы емес. Бірақ, ол қомақты ақша қайда жұмсалып жатыр? Тап-таза білімге ме, әлде шалқып өмір сүретін тұрмысқа ма? Мүмкін «Болашақ» бағдарламасына бөлінген қаражаттың дені шет елдерде оқып жатқан балалардың ата-аналарының ақшалары жастардың қыдырысына кетіп жатқан шығар? Ал, шет елдерде, соның ішінде Ұлыбританияда қаражаттың дені білімге жұмсалады. Мұны, біздің Елбасымыз айтқанындай, білімге салынған инвестиция ретінде қабылдауымыз қажет.

Енді осы «болашақшылардың» бізге берері не? Олардан  не күтуге болады? Рас, сөйлесіп байқасақ, тың идеяларды айтады, шет елдерде көрген озық үлгілерді алға тартады. Атақты академиктерден, мықты профессорлардан тәлім алғандығын айтады. Мұның бәрін жоққа шығармаймыз. Әйтсе де, соны ел экономикасына енгізу керек қой. Бұл бағытта әзірге жарқын бастамаларды көре алмай келеміз. Сайып келгенде, екінің біріне «Болашақ» стипендиясы бұйырып жатқан жоқ. Елде қалғандардың ішінде де талантты, бірақ, түрлі себептермен білімін жалғастыра алмай қалған жастар бар. Міне, ел ақшасына шет елден білім алып келгендер ауылдағы қатарларына төбеден қарамай, солармен бірге қызмет атқаруы тиіс. Өйткені, қайткенде де, жергілікті күшке арқа сүйемей, үлкен міндеттер атқарылмайды. 

Қазір өңірлерде педагогтар көбейіп кетті. Экономикада «девальвация» деген ұғым бар. Ол бір нәрсенің құнсыздануын білдіреді. Демек, бізде де мұғалім мамандығы тым көп. Соның ішінде нағыз қажетті мамандықтар әлі де тапшы. Яғни, біздің өзіміз ұдайы білімімізді жетілдіруіміз керек.

Мен «болашақшыларға» үлкен үміт артамын. Келешек солардың қолында. Рас, оларға қойылатын да қатты талаптар бар. Үкімет тарапынан да қолдау қажет. «Болашақшылардың» бастамалары мемлекет тарапынан қаржылай қамсыздандырылып жатса, құба-құп емес пе?

Жұмысшы мамандығы МӘРТЕБЕЛІ МЕ, ӘЛДЕ…

– Жасыратыны жоқ, жұртшылықты мазалаған мынадай мәселе бар. Қазір орта мектептерде тоғызыншы сыныптан соң жаппай колледждер мен лицейлерге кетушілік бар. Турасын айтқанда, 10-11 сыныптарда санаулы ғана оқушы қалады. Осы оңды құбылыс па?

– Шынын айтсам, бұл сауал бүгінгі күннің өзекті мәселесінің тура нүктесіне тиіп тұр. Жауапты әріден бастап көрейін. Кешегі кеңестік кезеңде жастардың бойында білімге деген құмарлық болды. Олар оқуға ұмтылды. Ал, бүгін ше? Арнаулы немесе жоғары білім түгілі, сол ілімді беруші ғалымдардың өздері тиісті құрметке ие емес.

Негізінен, жұмысшы мамандығы қажет. Бүгінгі жұмысшылар білімі мен білігі жөнінен инженерден кем болмауы тиіс. Өйткені, турасын айтқанда, өркенді жобаларды жүзеге асыратындар – солар. Сондықтан, орта арнаулы оқу орындарына үлкен мән беріліп отыр.

Біздің елімізде орта білім тегін беріледі. Ал, тоғызыншы сыныптан соң оқушылардың білімін сол мектепте жалғастыру немесе арнаулы оқу орындарына бару секілді екі жол ғана бар. Егер екіншісі болмаса, онда 16-17 жастағы балалар далада қалады. Міне, техникалық білім сол үшін де керек.

Балалар неге тоғызыншы сыныптан соң мектептен жаппай кетіп жатыр? Алдымен, жасыратыны жоқ, олар  ұлттық  бірыңғай тестілеуден қашады. Тапсыра алмай қалса қайтеді? Мұндай балалардың білімнен де қағажу, жұмыстан да қағыс қалуы әбден ықтимал. Ендеше,  осы  бос қалған орынды кәсіби білім толтыруы тиіс.

– Соның салдарынан еліміз талантты инженерлерді жоғалтып жатқан жоқ па?

– Ұлттық бірыңғай тестілеудің оң нәтижесі де бар. Әлемнің дамыған елдері соны ұстанады. Бірақ, сауалдар нақты болуы шарт. Мектеп бітірушінің одан арғы білігін жетілдіруі керек. Бірақ, батыста тестілеу тәсілі өмірге енгендігін ұмытпаған жөн. Бұл – дамыған елдерде қолданылатын әдіс. Бірақ, соны біздің жағдайымызға ыңғайлап пайдаланған жөн.

– Жұмысшы мамандығын күштеп таңу дұрыс бола ма?

– Мен жұмысшы мамандығына қарсы емеспін. Адамдардың бәрі инженер болуы міндет емес. Сайып келгенде, білікті жұмысшылар жоғары білімді мамандардан гөрі сұранысқа көбірек лайық болуы ықтимал. Демек, нарықтық қатынастардың қажеттілігін  ұдайы назарда ұстаған абзал.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Досмағамбетпен әңгіме ел тірлігінің өзге де салаларын қамтыды. Сұхбат барысында әлеуметтік-экономикалық дамудың сан қыры тілге тиек етілді. Бұл жөнінде газетіміздің алдағы сандарында тағы да қозғамақпыз.

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған