АСПАЗДАРҒА АРНАЛҒАН ШЕБЕРЛІК САБАҚТАРЫ
Оның айтуынша, мектеп бітіре салысымен аспаздықтың қыр-сырын үйрене бастаған. Үш жыл ішінде алғашқы машықтарын қолдана бастады, алайда Германияда бұл аздық ететін. Тәжірибе жинақтау үшін кем дегенде екі-үш жыл қонақүйлерде еңбек етуі тиіс. Сондықтан, бірден теориялық білімді іске асыруға мүмкіндік болмады. Сөйтіп жүргенде ол әскер қатарына алынып, бала кезден армандаған теңіз флотына жол тартты. Әскери борышын өтеп жүрген сәтінде аспаз сегіз жыл бойы түрлі кемелерде болып, теңіз асханасына жетекшілік етті. Қызметі кезінде ол Гейдльбергтегі кемелерде бір жыл жарымдай уақыт бойы арнайы оқытудан өтті. Кейін емтихан тапсырып, шебер сертификатын алды. Оқуын Килада жалғастырып, педагогикалық білім алып шықты. Артынан Любек қаласына оралып, зейнет жасына дейін тапжылмастан жұмыс істеді.
Бүгінде Георг Мединг аға сарапшы қызметінде еңбек етеді, өзінің ұзақ жыл бойғы тәжірибесін кейінгілерге үйретуден жалыққан емес. Аға сарапшылар қызметі – бұл зейнеткерлікке шыққаннан кейін өз елінде, шетелде тәжірибесімен бөлісуге қызығушылық танытқан жандарға қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік беретін халықаралық ынтымақтастық негізінде құрылған неміс экономикасының қоры.
Шеберлік сабақтарының бірінші аптасы тәтті тағамдар пісіруге арналды. Маман круассан, маффин, неміс штрудельдеріне қамыр илеуді үйретті. Сонан соң испандық, итальяндық, француздық ас түрлерін дайындау әдістері көрсетілді. Оның ішінде ыстық тағамдармен қатар түрлі дәмдеуіштер де болды. Сонымен қатар, құс етінен, балықтан тағамдар пісірілді. Осының бәрін шеберлік сыныбына қатысушылар тәжірибе жүзінде жасап көрді.
— Аспаз болу оңай жұмыс емес. Әрине, біздің өз тәжірибеміз бар. Бірақ, осындай шеберлік сабақтарының арқасында өзіміз білімдерімізді жетілдіріп, әлем халықтарының асүйлерінен көп нәрсе үйрендік. Енді сол жиған-тергенімізді өзіміздің студенттерімізге көрсеткіміз келеді,-дейді курсқа қатысушы, Атырау сервис колледжі директорының орынбасары Жанаргүл Қойшығұлова.
— Бұл – халықаралық сарапшылардың шақыртуымен Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырып отырған алғашқы шарасы. Бұған дейін осындай шаралар тек бюджет қаржысына өткізілген. Сондықтан, Кәсіпкерлер палатасының жергілікті педагог кадрлардың біліктілігін көтеруге атсалысуы қуантады, — дейді облыстық білім басқармасындағылар.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Ғанимұраттың айтуынша, кәсіптік-техникалық білім берудің сапасын арттыру үшін жұмысты мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеруден бастау керек. Бұл шеберлік сабақтарының басты мақсатына айналды. Алдағы уақытта, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жергілікті дәнекерлеуші, жонушы, темір ұстасын оқыту бағытында шетелден мамандар шақырмақ ниетте.
А.САБЫРОВА.