2024 жылға дейін хабар тарату сандық жүйеге көшпек

21373a8b989dfd7c7ad56322e8b31f09 1280x720 Экономика

Атырау облыстық телерадиохабар тарату дирекциясының бас инженері Досжан Хайрулиннің айтуынша, ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрінің бұйрығы бойынша 31 тамыз күні Атырау облысында аналогты телевизия ресми түрде өшіріледі.

– Енді облыс тұрғындарына кескіні мен дыбысының сапасы жоғары отандық 24 телеарна цифрлық жүйеде тегін қолжетімді болады, – дейді ол. – Аналогты хабар тарату телевизия пайда болғаннан бері қолданылып келеді. Онда сигнал үздіксіз диапазонда өзгеріп тұрады әрі сыртқы әсерлерге сезімтал болады. Нәтижесінде кескін барлық жағынан бұрмалануы мүмкін. Сигнал өте алыс қашықтыққа берілсе, оның сапасы жоғалады, ал ТВ аналогты пішімде кескін мен дыбыстың арнаулы эффектілерін толық жеткізе алмайды. Ал цифрлық сигнал кедергіге төзімді және телекөрермендерге, тіпті ең алыс елді мекендерге өзінің бастапқы түрінде жетеді.

Цифрлық телевизияның көптеген мүмкіндіктері мен қызметтері бар. Атап айтқанда арналардың саны, сурет пен дыбыстың үздік сапасы, электрондық пошта, мультимедиялық қосымшалар, радио, батырманы бір басу арқылы экранға шығатын электрондық хабарлар бағдарламасы, субтитр тілін таңдау және басқа да көптеген жаңашылдығымен ерекшеленеді.

Айта кеткен жөн, өңір бойынша 180 елді мекеннің 106-ы сандық эфирлік хабар таратумен қамтылса, қалған 74 елді мекенді қамту 2024 жылға дейін жоспарлы түрде жүзеге аспақ. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алатын 794 отбасы анықталып, оларға жергілікті бюджеттен телевизия қабылдағыштар сатып алуға қаражат бөлінген. Оның ішінде 641 отбасы телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтылған. Биыл қалған 152 отбасын толықтай қамту мақсатында жауапты мамандар тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Ал, Атырау облыстық телерадиохабар тарату дирекциясының бас маманы Айгүл Досанованың сөзінше, жаңа жүйе қаржылық жағынан тиімді әрі қосылу да қиындық келтірмейді.

«Қосылу үшін теледидар DVB-T2 цифрлық хабар тарату стандартына сай келетініне көз жеткізу керек, – дейді ол. – Егер сәйкес болса, тек дециметрлік антеннаны ғана қосу керек. Ал ескі теледидарлар, әдетте, DVB-T2 стандартын қолдамайды, сондықтан цифрлық сигнал қабылдағыш сатып алу қажет болады. Оның бағасы шамамен 4500-5000 теңге тұрады».

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз