Жарнама
Экономика

ӘР АУЫЛҒА – ӨЗ АГРОӨНЕРКӘСІБІ

МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАҒАНҒА – СУБСИДИЯ

Есепті мерзімде облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының мал азығын дайындауға жұмсаған ақшалай шығындарының 50 пайызы бюджет қаражаты есебінен субсидия түрінде өтелді. Осы мақсатта 266 шаруашылыққа 327,5 млн. теңге берілді. Егістік жердің көлемін ұлғайтып, мал басын көбейту, сүт фермаларын ашу, сапалы мал азығын әзірлеу, суару-суландыру жүйелерін жаңғырту жобалары қолға алынды.
Облыс бойынша асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін иеленген ауыл шаруашылығы құрылымдарының арасынан 10-ы жаңа талаптарға сай қайта тіркеуден өтті. Осы санатқа кіретін түліктің генетикалық қорын сақтау және мал басының санын өсіру бағытында арнайы бағдарлама жасақталынып, әрбір аналықты бағып-күткенге кететін шығынды жабу үшін бюджеттен қосымша 145 млн. теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілді.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР — ИГІЛІК БАСТАУЫ

Мал азығының дайындалуын қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 3,5 млрд.теңгені құрайтын бес бірдей инвестициялық жобаның тұсауы кесілді. Бұлардың қатарында, алдымен Махамбет ауданына қарасты «Бірінші мамыр» ЖШС-нің базасында құрылысы қолға алынып, жаңа жылдың қарсаңында ашылған, 500 бас асыл тұқымды аналық мүйізді ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасын, осы өңірдегі «Розметова Т» шаруа қожалының қарамағындағы 600 бастық асыл тұқымды ешкі сүті мен етін өңдеу кешенін атауға болар еді. Жылдың еншісіндегі осындай игілікті істердің қатарында бұдан басқа Индер ауданындағы «Алға-1» ШҚ-ның базасында құрылған тәулігіне 1000 литрге дейін сүт өндіру мүмкіндігі бар шаруашылықты, «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС-нің иелігіндегі сүтті дайындау-өңдеу цехын, сондай-ақ «Ақжонас» серіктестігі (екеуі де Құрманғазы ауданынан) жүзеге асырған бір мың бас асыл тұқымды еділбай қойын өсіру жобасын да атағанымыз дұрыс.

КӨКӨНІС ПЕН КАРТОПТЫҢ КӨЛЕМІ КӨБЕЙДІ

Картоп егістігінің көлемі 940 гектарға дейін ұлғайтылды. Сол сияқты көкөніс-бақша дақылдары егілген алқаптың аумағы да 1600 гектарды құрап, алдыңғы жылғыдан біраз арттырылды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші құрылымдарды қаржылай қолдау мақсатында жергілікті бюджеттің есебінен 197,7 млн. теңге сомасында субсидия берілді.
Бөлінген қаржы жанар-жағар май мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың бәсін арзандатуға, жеміс-жидек дақылдарының тұқым-көшеттерін отырғызып, күтіп-баптау шығындарын өтеуге бағытталды. Бұдан бөлек, егіндікке пайдаланылған 14809,55 мың текше метр көлеміндегі судың шығындарын жабу үшін 92,3 млн. теңге қайтарымсыз қаржы жұмсалынды.

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ – ТАБЫС КӨЗІ

Мәселен, облыста израильдік әдіспен бапталып-күтілген егіндіктің көлемі 653 гектарды қамтыды. Мұның сыртында, жаңа технология аумағы 283 гектарды құрайтын алма бақтарындағы жеміс ағаштарын өсіруге де пайдаланылған.
Және бір дерек, 2013 жылы егістік және шабындық алқаптардың сумен жабдықталуын жақсарту мақсатында Махамбет ауданының аумағымен өтетін «Тереңөзек» және «Алға-Егіз» каналдарындағы су айдау насостарын жаңартуға қазынадан 34 млн. теңге қаржы қаралған.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

Бұған дейін де жария қылып жүргеніміздей, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, тұрғындарды жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-мен екі жақты фьючерстік келісім-шарт жасақталды.
Соған байланысты жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға да жергілікті бюджеттен 209,3 млн.теңге көлемінде қаржы бөлініп, аталған акционерлік қоғаммен мәмілеге келген 17 тауар өндіруші субъектінің күшімен 4000 тонна сәбіз, 1700 тонна жуа, 250 тонна қырыққабат және 50 тонна қызылша дайындалып, келісімге сәйкес «Атырауагроөнімдері» ЖШС-не тапсырылды. Қазіргі таңда Атырау қаласы мен аудандарды қоса алғанда, облыста жалпы сыйымдылығы 19,1 мың тоннаны құрайтын 33 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс жасайды.
Қорыта келгенде, Жылан жылында ауылдағы шаруаның алға басуына септігін тигізген басты қадамдар – осылар.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button