АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ
Бүгінгі таңда қабылданып отырған шешім отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, сонымен қатар, оларға түсетін пайданың көбеюіне және ең бастысы, жұмыс орындарын сақтауға жағдай жасайды. Бұл шешім адекваттық және өте қажет. АҚШ долларының теңгеге шаққандағы өсуі экспортқа өнім шығарып отырған кәсіпорындарға және мемлекет ішінде сырттан келетін тауарлардың арзандығынан өнімдерін өткізе алмай отырған кәсіпорындарға жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Қазақстан мұндай жағдайды басынан бірінші рет өткізіп отырған жоқ. Бұған дейін де еліміз өтпелі кезеңге түсіністікпен қарап, тығырықтан шыға білді. Ал, қазір Елбасы тарапынан құрылымдық реформалар жүргізіліп жатқанда халыққа алаңдауға негіз жоқ.
Мемлекет басшысы айтқандай, бағаның өсуіне ешқандай да жол бермеу керек. Әсіресе, Қазақстанда өндіріліп жатқан азық-түлік тауарларына баға өспеуі тиіс. Жағдайды пайдаланып қалу мақсатын көздеп, бағаны шарықтатқан кәсіп иелеріне батыл да, қатаң шара алу керек, әрі ол жариялы болса екен. Бұл өтпелі кезеңді де еңсеру үшін бәрімізге де, ең бастысы, сабырлылық, түсіністік танытқан жөн.
Ербол ҚАЙРАНБАЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.