ЖАЛЫН ЖІГЕР ТАНЫТАР ШАҚ

...Табиғат-ана қалың ұйқысынан оянып, жер беті жаңаратын кез бұл! Қыстан аман шыққан жұрт жақын-жуықтарымен емен-жарқын араласып, мәз болысады. Өткен жылды артқа тастап, жаңасына аяқ басқанда әрбір қадамымызға есеп беріп, әдеттегіше «не тындырдық, әлі атқарар қандай іс бар?» деп ойланатынымыз бар. Мәселен, жылқы жылы да бизнес иелері үшін  өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. Біз мереке қарсаңында Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Абай Жұмағұловпен тілдескен едік. 

 

Абай Төкенұлы, былтыр шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына мораторий жарияланып, көптеген жеке кәсіпкерлерге өз ісін алаңсыз жалғастыруға мүмкіндік туды. Биылдан бастап бұл талап өзгерді. Осы саладағы жаңашылдықтар турасында айта кетсеңіз…

– Біріншіден, мораторий мерзімі ұзартылған жоқ. Оның нақты уақыты өткенмен, кәсіпкерледі жаппай тексеру басталды деген сөз емес. Яғни, тексеру жүйесі түбегейлі өзгеріп, талаптар жаңарды. Бұл ретте Мемлекеттік Кіріс комитетінің бұрынғы жоспарлық тексеруді алып тастағанын айта кету керек. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы бір сұхбатында «кәсіпкерлер талапты бұзбауын фискальдық қысым арқылы емес, қоғамдық  бақылауды күшейту арқылы назарда ұстаймыз» – деген болатын. Ал, қасақана заңбұзушылар тізімі жасақталып Ұлттық кәсіпкерлер палатасына тапсырылып отырады.

Нақтылап айтар болсақ, бизнес иелері туралы белгілі тізім жасақталып, деңгейлер беріледі. Заң бұзушылық тәуекел факторы жоғары болатын деңгей тексеріледі, тәуекел факторы төмені бірінші құқық бұзылғанға дейін тексерілмейді.  Осыған сәйкес арнайы ереже жасақталуда.

Кедендік одақ арқылы біраз жеңілдіктер жасалды. Ал, Еуразиялық Экономикалық одақтың тиімділігі қандай?

– Рас, кедендік одаққа енгеннен кейін оның артықшылықтарын кәсіпкерлер бірден сезіне бастады. Яғни, одаққа кіретін мемлекеттер арасында тауарлық қарым-қатынаста кедергілер жойылды. Осы орайда, Еуразиялық Экономикалық одақтың тиімділігі зор. Бірінші меже, тұтынушылар рыногының он еселеп өсуі, бәсекелестіктің артуы, басқа да көптеген экономикалық факторлардың оңтайлануы нәтижесінде тұтынушыға арзан, сапалы өнім әкелетіндігіне мүлтіксіз сенуге болады.

Экономикалық одаққа басқа да әлемдік елдер тарапынан қызығушылық танытуда. Мысалы, одаққа алыс шетелдердің де ынтасы артуда. Олардың қатарында Түр­кия, Въетнам, Үндістан және басқа елдер де бар.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бизнесті қолдау жалғаса түсетінін айтқан еді…

– Елбасы Жолдауында атап өткендей, Ұлттық қордан ағымдағы жылға 100 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді.  Аталған қаражаттың 50 млрд. теңгесі шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға бағытталса, ал қал-ған 50 млрд. теңгесі ірі кәсіпкер-лікті ынталандыруға бағытталады. Сонымен қатар, инфрақұрылым жүргізуге қосымша 10 млрд. теңге бөлініп отыр.

Сіздің пікіріңізше, бүгінгі таңда Атырауда шағын және орта бизнесті дамытуға не кедергі?

– Осыдан екі жыл бұрын республика бойынша шағын және орта бизнестің өнім шығару және қызмет  көрсетудегі үлесі 16,9 % , ал былтыр бұл көрсеткіш 17,5% пайызды құрады. Осы көрсет-кіштің өсуіне Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да зор  үлесін қосып отыр. Қазіргі таңда ең өзекті кедергілердің бірі жер алу, тіркеу, заңдастыру және инфрақұрылым  жүргізу болып отыр.  

Оларды жою үшін не істеу керек?

– Жоғарыда аталған кедергілер бойынша Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес иелерінен түскен арыздар мен өтініштер бойынша мониторинг  және талдау жүргізіп, сәйкесінше осы бағытта қызмет атқаратын мекемелерге ұсыныс  жасай отырып, нәтижелі шешімін табу жолында еңбек етіп жатыр. Біз бизнесмендердің әрбір арыз, өтінішіне атүсті қарамай, мүм-кіндігімізше жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз.

Әңгімеңізге бек рахмет. Қой жылының да жағымды жаңалығы көп болғай деп тілейміз!

Әңгімелескен

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз