АЙЫППҰЛ МӘЖБҮРЛЕП ТЕ ӨНДІРІЛЕДІ
Жауаптылыққа тартылған адам жұмыстан босатылған не оның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл өндіріп алу мүмкiн болмаған жағдайларда, ұйымның әкiмшiлiгi жұмыстан босатылған немесе өндіріп алуға мүмкiндік бермеуге әкеп соғатын оқиға басталған күннен бастап он күндік мерзiмде, айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы жауаптылыққа, тартылған адамның жаңа жұмыс орнын (егер ол белгiлi болса), өндiрiп алуға мүмкіндік бермеген себептердi көрсетiп, сондай-ақ жүргiзiлген ұстап қалулар (егер мұндай жүргiзiлсе) туралы белгi соғып, қаулы шығарған сотқа, органға (лауазымды адамға) қайтарады.
Салық қызмет органдары қарайтын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ дара кәсiпкерлерге, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына және адвокаттарға қатысты салық салу саласындағы өзге де әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салу туралы қаулыны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен салық қызметі органдары орындайды.
Сонымен қатар заңды тұлғаға айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату шаралары ҚР ӘҚБтК-нің 895-бабында көзделген. Яғни, айыппұл салу туралы қаулыны сот, уәкiлеттi орган (лауазымды адам) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында, Қазақстан Республикасының ақша төлемі мен аударымы туралы, атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен заңды тұлғаның банктік шотынан оның келiсiмінсiз ақшаны алып қою үшiн сот орындаушысына жiбередi. Салық қызметiнiң органдары қарайтын әкiмшiлiк құқықбұзушылықтар бойынша, сондай-ақ салық салу саласындағы өзге де әкiмшiлiк құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл салу туралы қаулыны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен салық қызметiнiң органдары орындайды.
Банк немесе банк операцияларының өзге түрлерін жүзеге асыратын ұйым айыппұл сомасын белгіленген тәртіппен бюджетке аударуға міндетті.
Гүлмира ҚАЛЖАНОВА,
Атырау қаласы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасының құқықтық қамтамасыз ету және салық заңнамасын түсіндіру бөлімінің басшысы.