АЭС: қауіп пен үміт
Елімізде электр энергиясының тапшылығы жыл сайын артып келеді. Осы өткір мәселенің шешімі ретінде атом электр станциясын салу туралы жиі айтыла бастады. Адамзаттың қуат көзіне сұранысын қамтамасыз ету үшін атом энергиясының баламасы жоқ екендігі анық байқала түсуде.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында атом электр станциясын салу мәселесі жалпыұлттық референдум өткізу арқылы шешілетінін атап өткен болатын. Осыған байланысты, еліміздің әрбір өңірінде жария талқылаулар өтіп, жұртшылықтың пікірі тыңдалуда.
Мұнайлы өлкеде бұл шара облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылды. Энергетика министрлігінің өкілдері мен Ұлттық ядролық орталық, арнайы институт өкілдері келіп, маңызды мәселеге қатысты жан-жақты мәлімет берді.
Энергетика министрлігі өнеркәсіп және атомдық энергетика департаментінің директоры Ғұмар Серғазиннің айтуынша, егер жұртшылық жалпыұлттық референдум кезінде атом электр станциясын салуды қолдаса, онда мұндай іргелі жобаны жүзеге асыруға төрт ірі мердігер таңдалуы мүмкін. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Ресей, Франция, Қытай елдерінің осы салада тәжірибесі бар мықты кәсіпорындары бар.
– Әрине, бүгінде халықты экологиялық проблемалар алаңдатады. Оны өзіміз де жақсы түсініп отырмыз. Дегенмен, атом электр станцияларына қарағанда, көмір өндіретін кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері көп. Қазірдің өзінде мұндай зауыттар 70 пайыздан астам атмосфераға қалдық шығарады. Ал, атом электр станциясынан шығарылатын зиянды қалдықты 0 пайыз деп нақты айта аламын. Әлем елдері АЭС-ті экологиялық энергия екенін мойындап отыр, — деген Ғұмар Серғазин маңызды жобаның экономикалық аспектілеріне тоқталды.
Бәрінен бұрын, елімізде АЭС-тың салынуы бізді өзге мемлекеттердің энергия көзінен тәуелділіктен арылтады. Яғни, ешкімге жалтақтамай, электр энергиясының қуатын өзіміз өндіреміз. Екіншіден, АЭС салынған кезде оның құрылысына қарапайым тас қалаушыдан бастап қазақстандық мамандар тартылады. «Рас, атом электр станциясының құрылысы кезінде 10 мыңға тарта адам еңбекпен қамтылады. Олардың әрбірі отбасымен келсе, бұл аумаққа отыз мыңға тарта жан келеді. Демек, инфрақұрылым салынады, шағын және орта бизнес те дамиды. Сондай-ақ, біздің өнімдеріміз әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін атом электр станциясынан алынған энергия көзі арқылы жасалғаны тиімді. Өйткені, мұндай тауарлардың бағасы да қолжетімді болады» деді Ғұмар Серғазин жергілікті журналистерге берген сұхбатында.
Департамент директорының пікірінше, егер осы мәселе референдумда қолдау тапса, АЭС салынатын Алматы облысының аумағында қосымша сейсмикалық талдаулар жасалады. Ал, қазірдің өзінде тапшы болып отырған су мәселесіне қатысты сауалға Ғұмар Серғазин атом электр станцияларын салқындатуға және басқа мақсаттарға пайдаланылатын «тіршілік нәрінің» көлемі жылу электр орталықтарына қарағанда әлдеқайда төмен екендігін атап өтті.
«Атом электр станциясы бір жылда құрылысы аяқталатын үй емес. Оның құрылысының өзіне 10 жылға тарта уақыт керек. Оған дейін біздің елде осы салаға қажетті мамандардың бірнеше буыны даярланып шығады. Оның үстіне, мердігерлер өздерінің оқу орталығында да оқытады. Ал, атомдық энергетика бізге таңсық сала емес. Атом электр станцияларын салуға бұрын-соңды «мұрнының иісі де бармаған» мемлекеттер де жұмыстанып жатқанда, біздің жаңашылдықтан қашпағанымыз жөн» дейді ол.
Жария талқылау барысында Энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және Ядролық физика институтының өкілдері АЭС құрылысына ұсынылып отырған заманауи технологиялар туралы сөз болды. Қазақстанның бейбіт атомды дамыту тәжірибесі, отандық институттардың осы саладағы жүзеге асырып жүрген ғылыми зерттеулері талқыланды. Жергілікті тұрғындар АЭС құрылысының мерзімі мен құны, пайдаланылған ядролық отынды сақтау, кадрлардың даярлығы туралы өз пікірлерін білдірді. Өңірдегі қоғам белсенділері елімізде АЭС құрылысына қатысты қауіптері мен үміттерін де ортаға салды.
Айбөпе САБЫРОВА,
суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ