52 МЫҢ САЛЫМШЫ ӨТЕМАҚЫҒА ҚҰҚЫЛЫ
Айта кетейік, ҚР Ұлттық Банкінің еркін айырбас бағамын бекітуіне байланысты жеке тұлғалардың ұлттық валютада ашқан депозиттері бойынша бағамдық айырманы төлеу механизмі құрылды. Екінші деңгейлі банктерге өтінімдер беру мерзімі биылғы қазан айынан 1 желтоқсанға дейін ұзартылды.
— Өтемақы салымшыға 2015 жылдың 18 тамызындағы операциялық күн соңындағы екінші деңгейлі банктерде және «Қазпошта» акционерлік қоғамында ашылған бір миллион теңгеге дейінгі депозиті болған жағдайда ғана төленеді. Сонымен қатар, салымшы депозитті қайта ресімдеуден соң арнайы есепшотта бір жылдан кем емес уақыт ішінде сақтауы міндет. Егер бір жыл аяқталмай тұрып қандайма бір операциялар жүзеге асса, өтемақыға деген құқық жойылады, — дейді қаржы маманы.
Облыста өтемақыға құқылы 1 миллион теңгеге дейінгі 52 мыңнан астам депозит бар екен. Ал екінші деңгейлі банктер небәрі 2 мың өтінім қабылдаған. — Конвертация арнайы шот ашылған күні емес, бір жылдан кейін ғана, яғни, шоттан ақша алу сәтінде ғана жүзеге асырылады. Өтемақы курсы ретінде келесі жылғы 30 қыркүйекте шығатын курс бекітілді. Өтініштерді қабылдау мерзімінің ұзартылуына байланысты, кері есептеу курстарына 2016 жылғы 31 қазан және 30 қараша күндеріндегі АҚШ долларының курсы алынады.
Өтемақы сомасы «Т2:Т1-1х 18.08.2015» формуласы бойынша есептеледі. Мұндағы Т1 – 2015 жылғы 18 тамыздағы ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамы, Т2 – 2016 жылғы 30 қыркүйектегі курс. Мәселен, депозитте 1 миллион теңге болып, келесі жылдың 30 қыркүйегінде доллар курсы 260 теңгені құрайды делік. Ал, биылғы 18 тамызда ол 188,35 теңгені құраған еді. Енді өтемақы сомасын формула бойынша есептейтін болсақ, «260:188,35-1х1000000 теңге=380 408 теңге» шығады.
— Сыйақы мөлшерлемесі депозиттік шотта тұрған қаржыға байланысты есептеледі. Мұның барлығы арнайы шотқа аударылған ақшалар бір жылға дейін қозғалмаған жағдайда ғана орындалады. Негізгі соманы да, жиналған пайыздық үлесті де алуға рұқсат етілмейді. Арнайы ашылған шотта салымшылардың барлық қаражаты көбейіп отырады. Егер физикалық тұлғаның бір банкте бірнеше депозиті болса, әрқайсысында қалған қаржы бір миллион теңгеден аспаса, өтемақы барлық депозиттер бойынша төленеді, — дейді А.Аққұлова. Айта кету керек, өтемақы тек девальвация орын алған, яғни биылғы 18 тамызда тіркелген сомаға ғана қатысты жүргізіледі.
Амандық АБДОЛ.