Қазына қыруар табыстан ҚАҒЫЛҒАЛЫ ТҰР

prararara Экономика

АТАМ ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗІНЕ БАҚСАҚ, ІШІНЕ ПЫШАҚ АЙНАЛМАЙТЫН ҚЫЗҒАНШАҚТАРДЫ СОЛАЙ АЙТУШЫ ЕДІ: «БАР БОЛСАҢ КӨРЕ АЛМАЙДЫ, ЖОҚ БОЛСАҢ БЕРЕ АЛМАЙДЫ!».

Атырау облысында тұңғыш интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысын жүзеге асыру жөніндегі ресми əңгіме ел Үкіметінің сонау 2004 жылғы 29 қаңтардағы №101 қаулысынан басталған еді. Мұндай əлемдегі саусақпен санарлық аса ірі инвестициялық жобалардың бірін жүзеге асыруға ұзақ ойланған мемлекет басшылығы дербес іс-тəжірибесі болмағандықтан, сол үшін «Атырау облысының Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл Жарлыққа 2007 жылдың желтоқсан айында қол қойды.

Әрине, құрылыс барысында талай рет кідірістер мен кешеуілдеулер болғаны да жасырын емес. Егер оның барлығы технологиялық процесс деп қарасақ, кешенді іске қосуға қолбайлау болып отырған қазіргі түйін мемлекет қазынасын миллиондарды айтпағанда, ондаған миллард теңге дефицитке ұрындыруы әбден мүмкін. Соған байланысты, республика Парламенті Сенатының депутаты, оған дейін екі жылдай «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС[1]нде жұмыс жасаған, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған білікті маман Сағындық Лұқпанов Атырау облысынан сайланған өзге де әріптестерімен бірге Премьер[1]Министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. 8 қыркүйек күні жолданған хатта сенаторлар Сағындық Лұқпанов, Ғұмар Дүйсембаев, Мәжіліс депутаттары Сәлімжан Нақпаев, Дүйсенбай Тұрғанов, Нұрлыбек Ожаев, Серік Ерубаев қол қойған. Аса күрделі проблема көтерілген сауал – арнайы экономикалық аймақтардағы ірі өнеркәсіп кешендерінің құрылыстары саласында заң шығару бастамаларына қатысты.

Парламентарийлер өз хатында былай деп көрсеткен: «Құрылыс қызметіне қатысты қолданыстағы заң шығару нормаларында нысанды пайдалануға беру актісіне қол қойылар алдындағы іске қосу мен жөндеу жұмыстары және шартты сынақтар мерзімі дұрыс есепке алынбаған. Соның кесірінен интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы проблема туындады. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС операторлық ететін бірегей жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, шикізат та (пропан) дер кезінде жеткізілді. Енді іске қосу мен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға сәйкес іске қосу-жөндеу жұмыстары мен жабдықтардың төзімділігі тексеріліп жатқан шақта, зауыт сынамалық өнімін шығаруы тиіс.

Бір таңғаларлығы, еліміздің 2001 жылдың 16 шілдесінде қабылданған «Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 73 бабының 7 тармағына сәйкес нысанды пайдалануға беру үшін қабылдап алу акті бекітілмесе, салынып дайын тұрған нысанды пайдалануға жол берілмейді екен. Арнайы экономикалық аймақтардағы өнеркәсіп (өндіріс) нысандарын іске қосу және жөндеу жұмыстары кезінде пайдалануға ғана рұқсат».

Депутаттар толық зерделеп шықса, Заңда солай көрсетілген. Ғажабы сол, әлгі өнім, стандарттау мен қауіпсіздік талаптарына сай болса да, нысанды пайдалануға беру үшін қабылдау акті бекітілгеннен кейін ғана таратылуы тиіс. Демек, Заңның бұл талабы техникалық тұрғыда зауытты іске қосуға рұқсат еткенімен, дайын өнімді сатуға немесе өткізуге тыйым салады. Соған қарағанда, «осы нормативтік құқықтық акт нақты ахуалға сүйенгеннен гөрі бюрократиялық тосқауыл тұрғысында қабылданған ба?» деген күмәнді пікір қалыптастыруы да ықтимал. Өйткені, «KPI» зауытының дайын өнімді сақтайтын қоймасының сыйымдылығы шектеулі, небәрі 24640 тонна ғана. Сөйте тұра, дайын өнім қоймада 25 күн бойы сақталуы тиіс. Ал, жоба бойынша зауыттың өнім шығару қуаты орта есеппен тәулігіне 1000 тонна деп көрсетілген.

Енді іске қосу мен жөндеу жұмыстарының бағдарламасына сәйкес зауыттың технологиялық құрылғыларын сынамалық өнім өндіру үшін қалыпты технологиялық режимге шығару мерзімі 120-150 күнтізбелік күн болуы шарт. Оған осынша мерзім бойы қоймада сақталатын 120-150 мың тонна өнім көлемін қосыңыз. Сонда қоймаға сыймаған өнімді сақтау үшін ғана зауыттың қаншама шығынға бататынын есептей беріңіз?! Елдегі осындай өндіріс ошақтарында технологиялық процестің ауырлығы мен оларды пайдалануға беру тәжірибесінің аздығын ескерсек, шартты көрсеткіштерге сай қалыпты жұмыс режиміне шығу мерзімі бұдан да ұзаруы ғажап емес.

Міне, Қазақстандағы теңдесі жоқ өндіріс ошағы, әлемдік дәрежеде де ең ірі санаулы зауыттардың біріндегі қазіргі ахуал осындай. Зауыттың экономикалық тұрғыда көтерер жүгін саралап көрсек, бұл – Қазақстанда теңдесі жоқ газ-химия кешені. Осы бағаның өзі де өндіріс ошағының қаншалықты зіл-батпан жүкті көтеретін маңызы барына айғақ. «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» жобасының өндірістік қуаты бүкіләлемдік полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайды. Технологияның лицензиары – «Lummus Technology» компаниясы да жер жүзіндегі полимеризация технологиясы көшбасшыларының бірі бола тұра, АҚШ-тағы жылы орнын суытатындай басына күн туып отырған жоқ. Соған қарағанда, іске қосу мен жөндеу жұмыстары кезінде өндірілген өнім де талап деңгейінде болып, экспорттық тұрғыда жоғары сұранысқа ие болатынына сенім кәміл. Егер зауыттың құрылысы Қытайдың Мемлекеттік даму Банкінің займына салынып жатқанын, «KPI» жобасы үлесінің 99 пайызына «Самұрық-Қазына» АҚ қосымша меншік иесі ретінде кепіл болып отырғанын ескерсек, бұл жерде біздің елдің «екі жеп биге шығатынын» естен шығармаған жөн.

«Қазіргі полимер нарығы конъюнктурасында өнім өткізуден түсетін тәуліктік табыс 2 миллион АҚШ доллары шамасында екенін есепке алсақ, зауытты пайдалануға қабылдау актісіне дейін дайындалған өнімді өткізу шетелдік банк алдындағы Қазақстанның міндеттемесін орындау үшін де зор табыс әкелгелі тұр. Болжам бойынша, қазіргі дайын өнімнің көлемі – шамамен 120-150 мың тонна», – деп көрсетілген хатта. Әрине, ол аз дүние емес!.. Соған қарағанда, парламентарийлер өздері көтеріп отырған проблеманы егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеуден өткізген. Оның үстіне, «піскен астың күйігі жаман» демекші, аталған Заң талабына бағынып, дайын өнімді өткізе алмаудың кесірі мемлекет қазынасын тиісті мерзімде 80 миллиард теңге шамасындағы қаржы тапшылығына ұрындыруы мүмкін екендігі де Үкімет басшысының қаперіне беріліпті.

Депутаттар жоғарыда келтірген дәлел-дәйектерін негізге ала отырып, мемлекет басшысының бақылауында тұрған стратегиялық жобаны мерзімінде жүзеге асыру мақсатында Үкіметке құзыреттер беру үшін заңнамалық түзетулерді қабылдау мүмкіндігін қарастыруды Премьер-Министр Ә.Смайыловтан сұрап отыр. Олардың пайымдауынша, егер Заңға түзету енгізілсе, жұмыстың жасалғаны жөніндегі актіге қол қойылғанға дейін сертификаттау арқылы өнімді өткізу жөніндегі шұғыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік болмақ. Әлбетте, Парламент депутаттарының күрделі мәселеге жанашырлықпен араласуы Атырау облысы ғана емес, күллі Қазақстандағы қордаланған түйіннің оң шешімін табуына сеп болмақ. Шындап келгенде, осы арқылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген ұстанымын жүзеге асыру бағытындағы Парламенттің ролі күшейе түсеріне сенім кәміл.

Назарбек ҚОСШИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз