Энергияға сұраныс жыл сайын арта береді
АЭС салу – бұл өте маңызды мәселе. Мысал келтірейін, Қазақстандағы электр энергиясын тұтыну көлемі 2023 жылы 115 миллиард кВт/сағат болды. Оның 3,4 млрд. кВт/сағатын сырттан сатып алдық, яғни импорттадық. Қазіргі болжам бойынша егер осылайша қол қусырып отыра берсек, бұл дефицит көлемі жылма-жыл өсе беретіні түсінікті. Қолданыстағы көмірмен жұмыс істеп, әбден тозығы жетіп тұрған жылу электр станцияларының да жағдайы өте мүшкіл. Сондықтан, олардың энергетикалық қуаты жыл санап төмендеген сайын энергия өндіру көлемі де азая береді.
Бұл жерде Қазақстанға төнетін қауіп – мынау. Мысалы, былтыр бізге 3 миллиард кВт/сағаттай энергия импорттауға Ресейдің мүмкіндігі болды. Егер көрші елде де энергия тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, келесі жылы Қазақстанға беретін энергияның импорттық көлемін азайтуы да мүмкін. Ондай жағдайда Қазақстан Үкіметі электр жарығын тұтынушыларға сағатпен беру, тіпті кейбір өндіріс ошақтарының жұмысын тоқтату сияқты мәжбүрлі шараларға бару қаупін ескерген жөн.
Тағы бір қауіп – импорттаушы тарап бізге беретін энергияның бағасын қымбаттатуы ықтимал. Оған біз ешқандай тойтарыс бере алмаймыз, сату бағасы жөнінде ұсыныс-талап та қоя алмаймыз. Себебі, кісідегінің кілті – аспанда. Сондықтан, сырттан келетін энергияның бағасы жылма-жыл өздігінен өсе береді деген сөз. Бұған ешкім кепілдік бермейді.
Мысалы, былтыр 100 миллиард теңгеге жуық қаржы шығындап сатып алған 3,4 млрд. кВт/сағат энергияның әр кВт/сағатын бізге шамамен 29 теңгеге бұлдапты. Ал, біздің елдегі ең ірі станцияның өнім бағасын алып қараңыз, Екібастұздағы ГРЭС-1 кәсіпорны өндірген энергияның әр кВт/сағатының құны – небары 8,05 теңге ғана. Яғни, импорттық энергия жергілікті өнімнен үш-төрт есе қымбат!..
Демек осындай қауіптерді жою үшін бізге атом электр станциясы ауадай қажет. Бұл тәсілмен алынатын қуатты Еуроодақ, басқа да халықаралық ұйымдар «жасыл» энергетикаға жататын электр энергиясына теңестірді.
Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшесі