Жарнама
Экономика

Энергетикасыз экономика дамымайды

Энергетикалық жүйе – кез келген мемлекеттің экономикалық тірегі. Президент Жолдауында айтылғандай, тұрақты даму үшін ең алдымен халықты сапалы жылу, жарық және сумен қамтамасыз ету қажет. Бұл – инвестиция тарту мен бизнесті дамытуға да тікелей әсер ететін негізгі фактор.

Атырау облысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті өкілдерінің мәліметінше, 2029 жылға қарай өңірдегі жылу желілерінің тозу көрсеткіші қазіргі 65%-дан 51%-ға дейін төмендемек. Бұл көрсеткіштің өзі ел бойынша орташа деңгейден (70–80%) әлдеқайда төмен болмақ.

Энергетикалық инфрақұрылым – тек әлеуметтік мәселе емес, экономикалық өсудің негізгі алғышарты. Тәжірибе көрсеткендей, өндірістің тұрақты жұмыс істеуі, жаңа кәсіпорындардың ашылуы және шетелдік инвесторлардың келуі тікелей электр, жылу және сумен жабдықтаудың сенімділігіне байланысты. Яғни, тозығы жеткен желілерді жаңғыртпай, индустрияны дамыту мүмкін емес.

Ұлттық жоба ұзақ мерзімді несие (5–20 жыл) негізінде жүзеге асырылады. Бұл қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, халыққа тарифтік жүктемені азайту үшін республикалық бюджеттен субсидиялар қарастырылған.

Тағы бір маңызды аспект – жөндеу жұмыстарына жергілікті мердігерлерді тарту және материалдарды отандық өндірушілерден сатып алу. Бұл, бір жағынан, өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдайды, екінші жағынан, ішкі нарықтағы өндірістің дамуына жол ашады.

Аталған ұлттық жоба қазірдің өзінде Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында пилоттық режимде жүзеге асуда. Атырау бұл тәжірибені ескеріп, өзінің аймақтық ерекшеліктеріне бейімдеп енгізуі тиіс.

Мұндай бастама тек энергетика саласын сауықтырып қана қоймай, өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Президенттің «Энергетикасыз экономика болмайды» деген тұжырымы – стратегиялық бағдар. Атыраудағы инфрақұрылымдық жаңғырту жобасы осы қағиданы нақты іске асыруға бағытталған.

Егер белгіленген жоспар уақытында әрі сапалы орындалса, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі артып, апатты жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі күшейеді. Ең бастысы, бұл жұмыс халықтың өмір сапасын жақсартуға, бизнестің дамуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына ықпал етпек.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: egemen.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button