
Экономикалық әділеттілік – әлеуметтік қолдауға негіз
Мемлекет бюджетіне қайтарылған заңсыз активтер есебінен әлеуметтік инфрақұрылым нығайтылуда.
Қайтарылған заңсыз активтер есебінен ел экономикасын қолдауға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, бұл қаражат азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін білім және денсаулық сақтау салаларындағы құрылыс жобаларын қаржыландыруға жұмсалуда.

Қызылқоға ауданының Жамансор ауылында 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернат құрылысына Арнайы мемлекеттік қордан 2 млрд. 180 миллион теңгеден аса қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жобаның мердігер мекемесі ретінде «Жиенбай» ЖШС анықталды. Жобаның іске асуы ауыл балаларына сапалы білім алуға және интернат жағдайында тұруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ауыл жастарының білімге қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік теңсіздікті азайтады.
Сонымен қатар, Құрманғазы аудандық ауруханасы жанынан МРТ қондырғысын орнатуға арналған жапсаржай құрылысына 81 млн. 422 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұған қоса, жобаның 10%-ы жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырылуда. Құрылыс жұмыстары жақын күндері басталады, ал мердігер ретінде «Clima Eng» ЖШС таңдалды. Бұл жобаның іске асуы аймақтағы медициналық диагностиканың сапасын арттырып, халықтың денсаулығын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Аталған жобалар — ел экономикасының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі реформалардың жемісі. Қайтарылған заңсыз активтердің ел игілігіне қайта жұмсалуы — мемлекеттің қаржы тұрақтылығын арттырумен қатар, халыққа тікелей пайдасы тиетін әлеуметтік нысандардың санын көбейтуге ықпал етуде. Бұл бастамалар өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғыртуға, жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды экономикалық шешімдердің қатарында.
Алмас ҚАБДОЛ