Жарнама
Экономика

Экономика – эмоция емес, есеп

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың «DAT» республкалық апталығында жарық көрген мақаласына байланысты экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Рысты Сабирова пікір білдірді:

Бүгінде «экономика дамып жатыр» немесе «тұралауда» деген секілді жалпылама тұжырымдар жиі айтылады. Алайда экономика – көркем сөз емес, нақты дерек пен жүйелі талдаудың айнасы. Бұл салада әрбір пікірдің ар жағында сан мен сапа тұруы керек. Сондықтан әрбір экономикалық үдерісті бағалау үшін байыпты көзқарас пен дәлелді сөз қажет. Жақында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың «DAT» республкалық апталығында жарық көрген мақаласы төңірегінде біз де деректерді сарапқа салып көрелік.

Экономиканы әртараптандыру – бұл бір күнде шешілетін шаруа емес. Ол – құрылымды қайта құру, инвестиция тарту, жаңа өндіріс ошақтарын ашу, экспортқа бағытталған тауар түрлерін арттыру сынды ұзақ мерзімді және жүйелі жұмыс. Еліміз осы бағытта көптен бері қадам жасап келеді. Бұл ілгерілеуді жоққа шығарып, жетістікті елемеу – кәсіби емес көзқарас.

Мысалы, ел экономикасының жалпы ішкі өнімі 2018–2024 жылдар аралығында 1,6 есе өсіп, 135 трлн теңгеге жеткен. Бұл – сапалы өсімнің бір көрінісі. Сондай-ақ, экономиканың құрылымында да елеулі өзгерістер байқалады: 2018 жылы ЖІӨ-дегі мұнай-газ секторының үлесі 21 пайыз болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 16,9%-ға дейін төмендеген. Бұл – экономиканың шикізатқа тәуелділігін біртіндеп жеңіп келе жатқанын көрсетеді.

Шикізаттық емес сектордағы өсім де қуантады. Осыдан алты жыл бұрын бұл салада 51,5 трлн теңге көлемінде өнім өндірілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 90,6 трлн теңгеге жеткен. Жалпы ішкі өнімдегі үлесі де 75,9 пайызға дейін артқан. Бұл – нақты салалардағы өсімнің нәтижесі. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштер – айтарлықтай жетістік. Мәселен, машина жасау өндірісі 2,7 есе ұлғайған. 2016 жылы елде 30 мыңнан астам ғана автокөлік шығарылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 134 мыңнан асты. Бұл – саланың қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Қазақстан енді тек шикізат емес, дайын өнім шығаратын елге айналып келеді. Болат, тазартылған мыс, титан құймалары, фосфор тыңайтқыштары, полипропилен, аккумуляторлар – осы өнімдер еліміздің жаңа индустриялық даму бағытын айқындап отыр. Мұнай-газ химиясы саласының өзі 540 мың тонна өнім өндіріп, 150 пайыздық өсім көрсеткен. Айталық, полипропилен өндіретін КРІ зауыты бүгінде өнімін экспорттап, тауар түрлерін көбейте бастады. Енді арнайы экономикалық аймақта бутадиен, полиэтилен секілді іргелі жобалар қолға алынып жатыр. Әрине, инфрақұрылымда әлі де жүзеге асырылуы тиіс мәселелер бар. Бірақ соған қарамастан өңірге инвестиция құйып, бізде өңделген өнімнен жаңа тауар түрін шығаруға ниет білдірген кәсіпкерлер саны артып келеді. Айталық, жол жұмыстарына қажетті геотекстиль де өзімізден шығарылады.

Ауыл шаруашылығы саласы да жаңа тыныс алып келеді. Осыдан екі жыл бұрын бұл саладағы өсім 13,7 пайызға жетіп, соңғы 12 жыл ішіндегі абсолютті рекорд орнады. Жалпы 26,8 миллион тонна дәнді дақыл жиналып, әр гектардан 16,2 центнер өнім алынды. Бұған қосымша агросекторда 276,7 млрд теңгенің 286 инвестициялық жобасы жүзеге асқан. Бұл да – салаға деген сенім мен қолдаудың көрінісі.

Қорытындылай келе, ел экономикасының қазіргі беталысы –даму жолында екенімізді аңғартады. Әрине, шешілмеген түйіндер бар. Бірақ бұл жетістіктерді жоққа шығару – тек жалпылама сын айту ғана емес, ел экономикасын бағалаудағы әділетсіздік болар еді. Экономика – тек цифрлар тілімен сөйлейді. Ал сол деректер бізге нақты ілгерілеудің бар екенін көрсетіп отыр.

Экономика – эмоция емес, есеп. Ал есеп шындықты жасыра алмайды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button