ПТР сынамасы – тегін!
ПТР СЫНАМАСЫ ТУРАЛЫ АЙТЫЛҒАНДА, КӨПШІЛІКТІҢ ОНЫ АҚЫЛЫ ДЕП ҚАБЫЛДАЙТЫНЫ АНЫҚ. ӨЙТКЕНІ, ШЕТ ЕЛГЕ ШЫҒУҒА МҮМКІНДІК АЛУ ҮШІН АЗАМАТ ПТР ТЕСТТІ ӨЗ ЕСЕБІНЕН ТАПСЫРАДЫ. ЕГЕР ТЕРІС ПТР БАР СЕРТИФИКАТ ҚАНДАЙ ДА БІР ҒИМАРАТҚА НЕМЕСЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ НЫСАНҒА КІРУ ҮШІН ТАЛАП ЕТІЛСЕ, ОНДА ТЕСТІЛЕУ ӨЗ ҚАРАЖАТЫ ЕСЕБІНЕН НЕМЕСЕ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ КЕЛІСІМІ БОЙЫНША ТӨЛЕНЕДІ. ДЕЙТҰРҒАНМЕН, МЕДИЦИНАЛЫҚ ТЕСТІЛЕУДІҢ БҰЛ ТҮРІН ТЕГІН ТАПСЫРАТЫН ДА МҮМКІНДІКТЕР БАР.
Мəселен, суық тию, тұмау немесе пневмонияның белгілерін сезсеңіз, онда ПТР əдісімен коронавирусқа тест тапсыра аласыз. Мұны өзіңіз тіркелген емхананың сүзгі-кабинетіне жүгіну арқылы жасауға болады. Сондай-ақ мамандар індетті өзгелерге жұқтырмас үшін емхананың тіркеу бөліміне немесе анықтама бөліміне қоңырау шалып, үйге мобильді топ шақыруға болатынын айтады. Бұл жағдайда зерттеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ақысыз жүргізіледі. Бұл өз ортаңыз үшін аса қауіпті инфекциялық ауру болғандықтан, сақтандырылған болуы міндетті емес. Тағы бір ескерерлік жайт – ПТР тестілеу коронавирус анықталған пациентпен байланыста болған адамдарға да жүргізіледі. Бұл жағдайда да сүзгі-кабинетіне жүгінуге немесе мобильді топты үйге шақыруға болады.
Қазақстан Республикасының Медициналық сақтандыру қоры ПТР тест тегін жүргізілетін жағдайлардың тізімін жариялады. Мысалы, медициналық көрсеткіштер бойынша фильтркабинетіне жүгінгенде, ЖРВИ жəне вирустық пневмония белгілері болған жағдайда, коронавирус инфекциясына күдікті науқас үшін мобильді топты үйге шақырған кезде, жедел тест оң нəтиже көрсетсе стационарға шұғыл емдеуге жатқызу кезінде аталған сынақтан тегін өтуге болады. Жоспарлы емдеуге жатқызуға немесе ауруханаға дейінгі тексеруге жіберу сəтінде, жүкті əйелдерге 37 аптадан бастап босануға емдеуге жатқызу үшін жəне гемодиализдегі пациенттерге ақысыз ПТР тестілеу тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
Зауыттағы ахуал
АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ 91 ПАЙЫЗЫ ВАКЦИНАНЫҢ ЕКІ КОМПОНЕНТІН ДЕ САЛДЫРҒАН. ДЕГЕНМЕН, ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫҢ УШЫҒУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ «АМӨЗ» ЖШС МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ ГАЛИНА ӘУБЕКЕРОВА ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ 59 ПАЙЫЗЫ ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕУ РЕЖИМІНЕ КӨШКЕНІН АЙТТЫ.
– Зауыт аумағында COVID-19 инфекциясына қарсы шаралардың толық кешені іске асырылып жатыр. Жұмыс уақытында қызметкерлер бетперде режимін сақтайды. Өткізу пункттерінде дене температурасын бақылау жүйесі жұмыс жасап тұр. Барлық ғимараттарға дезинфекциялық шаралар жасалды. Ұжымдық иммунитетті нығайту үшін COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаны ерікті түрде алу зауыт аумағында орналасқан медициналық орталықта жүргізіледі. Қазір зауыт қызметкерлерінің 91 пайызы вакцинаның екінші компонентін салдырды. Ал, ревакцинациядан өту үшін «QazVac», «Vero Cell» вакциналары жеткізілді. Зауытта жұмыс істейтін 60 жастан асқан адамдар, жүкті əйелдер мен бала емізетін аналар ерікті түрде Pfi zer вакцинасын алады, – дейді ол.
Зауытта алғашқы болып қайта вакциналаудан өткендердің бірі – мұнай жəне мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіру өндірісінің бастығы Асқар Ермышев. Ол əлем елдерінде коронавирустың «Омикрон» штамы тарап жатқандықтан, өзін, əріптестері жəне жақындарын қорғау үшін қайтадан екпе салдырғанын айтты.
Жаңа қаулы: 7 күн сайын тест тапсырады
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІНІҢ ЖАҢА ҚАУЛЫСЫНДА БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫҢ ВАКЦИНА АЛМАҒАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ 7 КҮН САЙЫН ПТР ТЕСТ ТАПСЫРУЫ МІНДЕТТІ ЕКЕНІ АЙТЫЛҒАН.
Бұл құрылымдардың санаты мынадай: халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығының нысандары, сақтандыру компаниялары, жылжымайтын мүлік жөніндегі жəне жарнама агенттіктері, айырбастау пункттері, ломбардтар, сұлулық салондары, шаштараздар, химиялық тазалау орындары, кір жуу орындары, фитнес, спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары, СПА жəне массаж салондары /орталықтары/ кабинеттері. Моншалар, сауналар, бассейндер, жағажайлар, тігін ательесі, фотосалондар, аяқ киім шеберханалары, гүл дүкендері, аяқ киім, киім жөндеу, ұйымдастыру техникасын жөндеу жөніндегі сервис, нотариус, бухгалтер жəне консалтинг, маникюр жəне педикюр, косметологиялық қызметтерді көрсету жөніндегі нысандардың екпе алмаған қызметкерлері де əр 7 күн сайын ПТР сынамасын тапсыруға міндетті.
«Омикроннан» аз да болса қорғайды
ДНКОМ МОЛЕКУЛАЛЫҚ-ГЕНЕТИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ ЖӘНЕ БАС ДИРЕКТОРЫ АНДРЕЙ ИСАЕВТЫҢ АЙТУЫНША, «ДЕЛЬТА» ШТАМЫН ЖҰҚТЫРҒАННАН КЕЙІН АҒЗАДА ҚАЛЫПТАСҚАН АНТИДЕНЕЛЕР «ОМИКРОННАН» ҚОРҒАЙДЫ, АЛАЙДА БҰЛ ПРОЦЕСС ӘЛСІЗ ЖҮРЕДІ.
Сарапшының пікірінше, ағзаны жаңа штамнан антидене қорғай алады. «Өкінішке қарай, зерттеу нəтижесі «Омикроннан» кейінгі иммунитет басқа штамдардан қорғауда нашар жұмыс істейтінін дəлелдеді. «Дельтадан» кейінгі антидене «Омикроннан» аз да болса қорғайды, ал «Омикроннан» кейінгі антидене «Дельтаға» өте əлсіз əсер етеді» дейді ол. Ескеретін жайт – гректің «Омикрон» əрпімен белгіленетін B.1.1.529 коронавирусының штамы былтыр Африканың оңтүстігінен анықталған болатын. Соңғы мəліметтер бойынша, көрші Ресей елінде бұл штамды 1682 адам жұқтырған. Жаңа инфекциямен күрес жөніндегі федералды жедел штабтың соңғы мəліметтері бойынша Ресейде инфекцияның жаңа жағдайлары арасында коронавирустың «Дельта» штамының үлесі бір күн бұрын 52,3 пайыздан 56,2 пайызға дейін төмендеді. «Омикрон» мен басқа штамдардың үлесі 47,7 пайызға өсті. Жаңа штамм елдің 52 өңірінде тіркелген.
Дайындаған: Мəлике ҚУАНЫШЕВА