ТІЛ – ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ БАСТЫ ФАКТОРЫ

Тіл – ұлттың жаны. Жыл өткен сайын мемлекеттік тілді құрметтеушілер, тіл жанашырлары, көп тілді білуге ұмтылған жастар саны артып келеді. Тіл мәселесіне қатысты туындаған сауалдарға жауап іздегендер де баршылық. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Қилымғали Қайненов интернет-конференция барысында облыс тұрғындарынан электронды поштаға және телефон арқылы түскен сауалдарға жауап берді.

 

– Облыстық тіл-дерді дамыту басқармасы жыл бойы түрлі облыстық конкурстар өткізіп жатқанын газеттен оқимын. Ал, сондай конкурстар республикада өте ме?
 

Данияр.

– Биыл Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің, қазақ тілін меңгерген түрлі этнос жастарының арасында «Абай оқулары», орыс жастары арасындағы қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті», үш тілді меңгерген жастардың арасында «Тіл шебері», орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» облыстық байқауларын, үш тілді жетік меңгерген жастардың арасында «Тілдарын» олимпиадасын ұйымдастырдық. Өткізілген байқаулардың көпшілігі республикалық конкурстардың облыстық кезеңі болып табылды. Сондықтан, облыста үздік шыққандар республикалық байқауларға жолдама алды.
Облыстың алты өкілі республикалық сайыстарға қатысты. Нәтижесі жаман емес. Қазақ тілін жетік меңгерген түрлі этнос жастарының арасында «Абай оқулары» республикалық байқауында белорус қызы Раушан Стомма бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, үш тілді жетік меңгерген жастар арасындағы «Тілдарын – 2013» республикалық байқауында Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенті Жасұлан Самиғоллаұлы бірінші орынды және қазақ тілі оқытушыларының арасында «Үздік оқытушы» республикалық байқауында Қазіргі заманғы Каспий өңірі колледжінің мұғалімі Айнагүл Ахметова үшінші орынды иеленді.
Бұндай конкурстарды алдағы уақытта да тұрақты өткізу жоспарланып отыр.

– Жақында дүкеннен кофе алғанмын. Қорабында келтірілген ақпаратшасы орысша, түрікше, тағы басқа тілдерде жазылған. Бірақ қазақша нұсқасы жоқ. Бұл үшін айыпқа тартуға бола ма?

Райхан.

– Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабында мынадай талап бар: «Қазақстанда өндірілетін тауарлардың арнайы мәліметтер көрсетілген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде қажетті ақпарат болуға тиіс.
Шетелде өндірілетін тауарлардың арнайы мәліметтер көрсетілген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебінен мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі аудармасымен қамтамасыз етіледі. Сіз көрсеткен жағдайда тіл заңнамасының осы талабы бұзылып тұр.
Тауар алған дүкеніңіздің атауын, қай жерде орналасқанын көрсетіп, басқармаға жазбаша түрде ұсынуыңыз сұралады. Сіздің арызыңыз негізінде заңда қаралған шараларды аламыз.

– Мен тегімді өзгертуге ниет білдірудемін. Алайда, естуімше, мұндай жағдайда жеке құжаттарымның бәрін кері рәсімдеуге тура келеді, өз атымдағы мүлікті де қайта тіркеу керек. Жалпы, бұл мәселені реттейтін заң бар ма?

Жәнібек.

– Ел Президентінің 1996 жылғы 2 ақпандағы №2923 «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығымен сіз көтеріп отырған мәселе реттеледі. Соның ішінде, «Азаматтың тегі мен әкесінің атының жазылуын өзгертуі оның құқықтық субъектілігін қозғамайды, яғни, тегі мен әкесінің атының бұрынғы жазылуында алған құқықтары мен міндеттерін доғаруға немесе өзгертуге негіз бола алмайды» делінген.

– Қазақ алфавитін болашақта латын әліпбиіне көшіру жөнінде Сіздің пікіріңіз қандай?

Т.Құрманбаев.

– Латын әліпбиіне көшу – өте бір ауқымды, әлеуметтік маңызы зор, саяси астары бар мәселе. Жалпы, Елбасы осы мәселеге аса байыппен қарап, қоғамның талқысынан өткізгені мәлім. Бұл – біздің үлкен артықшылығымыз. Кезінде латын әліпбиіне асығыс көшкен Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан сияқты елдер үлкен қиындықтарға ұшырағаны жасырын емес. Тіпті, түркі елдерінің ішінде алғашқы болып көшкен Түркияның өзінде латын әліпбиін пайдалануда бірқатар қиындықтар туындап отыр.
Ал, Қазақстанда олардың оң тұстарын да, теріс тәжірибесін де ескеріп, бірден оңтайлы әліпби жасап алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру қазақ тілін түбегейлі жаңғыртып, оның коммуникативтік, ғылыми, технологиялық әлеуетін арттыруға, қазақ тілін әлемдік ақпараттық кеңістікке шығаруға орасан зор мүмкіндіктер ашады. Және әліпби алмастыру арқылы шынайы рухани тәуелсіздікке қол жеткіземіз.

– Ономастикаға қатысты жаңа заң қабылданды деп естідім. Мектепке атау беру мәселесі енді қалай шешіледі?

А.Нұржанов.

– Бұл үрдіс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі №395 қаулысына қосымша ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, темір жол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ, оларды қайта атау, олардың
атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидалары» негізінде жүзеге асырылады.
Нысанға ат беру, қайта атау үшін қажетті құжаттардың бекітілген тізбесі бар. Сол құжаттар толық жинақталғасын, мәселе мәслихат депутаттарының талқысынан өтеді. Жергілікті өкілді және атқарушы органның бірлескен қаулы-шешімі қабылдануы тиіс. Қабылданған жағдайда бірлескен акт басқа да қажетті құжаттарымен республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданады. Комиссияның оң қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы шығып, мектепке ат қою, қайта атау мәселесі заңды шешімін табады.
Мұндай тәртіп тек мектеп емес, мемлекет меншігіндегі барлық нысандарға қатысты.
– Мен №12 маршрут бағытындағы жаңа сары автобустар арқылы Авангард мөлтекауданына жиі қатынаймын. Өте қолайлы қоғамдық көлік. Әр аялдамада хабарлама жасалады. Бірақ, хабарлама қазақ тілінде айтылады. Олардың орыс тіліндегі нұсқасын да хабарлап отыруға бола ма? Заң бойынша қалай екен?

Т.Кожурина.

– ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында көрсетілгендей, ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жүргізіледі. Бұл сұрағыңыз өте орынды. Шын мәнінде, қоғамдық көліктердегі хабарландырулар екі тілде жүргізілуі тиіс. Ал, қала аумағындағы жолаушылар тасымалы мәселесімен қала әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі айналысатын болғандықтан, аталған бөлімнің қызметкерлерімен байланысу сұралады.
– Мен қазір жер-гілікті кәсіпорында қызмет етемін. Ағылшын тілін үйреніп, шетелдік компанияға жұмысқа кірейін деп едім. Сіздің басқармада тегін курста оқуға мүмкіндік қарастырылған ба?

Айбек.

– «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 4-бабында былай деп көрсетілген: «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті». Яғни, заңға сәйкес қазақ тілін тегін оқимын деп талап білдірген адамның сұранысы қанағаттандырылып, жағдай жасалуы тиіс.

Ағылшын тіліне келетін болсақ, бекітілген стандарттарға сай барлық мектеп оқушыларының ағылшын тілін үйренуге мүмкіндігі бар. Қаншалықты жақсы игереді – ынтаға байланысты.

Ал, ересек адамдар қаладағы түрлі оқыту орталықтарының ақылы курстарында оқып жатыр. Кейбір компаниялар қызметкерлерін өз есебінен ағылшын тіліне үйретуде. Бірақ, азаматтарды шет тілдеріне бюджет есебінен ақысыз оқыту заңнамада қаралмаған.

 

– Мені түрлі атаулардың шығу тарихы қызықтырады. Соның ішінде, «Индер» атауының қандай мағынасы бар? Осы жөнінде түсінік берсеңіз.

Ерғали.

– Индер (Дендер) – Атырау облысындағы кент, тау, аудан атауы. Атауды Ғ.Қоңқашпаев моңғол тіліндегі ундер – «биік, дөң» мағынасымен байланыстырса, сондай-ақ, әзірбайжан тілінде «һүндурлик», «тәпәлик» – «төмпешік» мағынасында кездеседі.
Бұл арада «атау моңғол не әзірбайжан тілінен енген бе?» деген мәселеге орай зерттеу жүргізген топонимист-ғалым Ә.Әбдірахманов бұл пікірге қарсы келіп, «дендер» сөзін моңғол тіліндегі «дөндгөр» – «көтеріңкі, шошайған, биіктірек» мағынаны білдіретін сөзімен байланыстырады. Сөйтіп, «Ундер» сөзінің «Индер» болып аталуы сол маңайдағы табиғи оқпандарға, яғни, індерге байланысты болса керек» деп жазады.
Осы «Дендер» сөзін XVIII ғасырда өмір сүрген Жиембет жырау Бөртоғашұлының толғауынан кездестіруге болады. Осы орайда, атауды Жиембет жырау өмір сүрген дәуірімен қарасақ, онда ол XVII-XVIII ғасырлардан да әрі пайда болғанын байқауға болады. Сондай-ақ, осы атау хақында жергілікті өлкетану зерттеушісі М.Жолжанов оның, ең алдымен, қыратқа, содан соң көл, тау, т.б. байланысты қойылғанын айта келіп: «Дендер» сөзі қалмақ тілінде «биік», от жағып, жаудың келе жатқанын байқайтын биік үйік мағынасын білдіреді, – дейді.
Картада берілген Индербор сөзінің құрамындағы «бор» сөзі сол жерде табылған қазба байлықтың (борат) атына байланысты біріктіріп атаса керек.
Жалпы, Индер топонимі туралы Э.Мурзаев: «Термин Индер көлінің атауы негізінде қойылған. Қалмақ тіліндегі «ундер» – «биік, жоғары, төмпешік» мағынасында» деп жазады. Жоғарыдағы ғалым пікіріне қосыла отырып, Индер (Дендер) топонимінің беретін мағынасы мен рельефі жағынан сәйкес келетіндіктен, оны қалмақ тілінен енген «биік, дөңді жер» мағынасында қараған жөн (Мәліметтер Манасбай Қожанұлының «Атырау облысының жер-су аттары» кітабынан алынды).

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз