Президент вакцинация мәселесінде дүрбелеңге жол бермеуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі мен өңір әкімдеріне халықты жаппай вакциналау мәселесіне баса мән беруді тапсырды.
«Бұл мәселе бойынша тек Денсаулық сақтау министрі ғана емес, әкімдердің бәрі мына жайды ескеруі керек: жалпыға ортақ вакцинация — өте маңызды мәселе. Бізге азаматтарды вакцинациядан өткізуде өте салмақты, ойластырылған, қыр-сыры ескерілген жоспар керек. Дүрбелең болмас үшін ол салада ескеретін өте көп нюанс бар. Вакцинация эпидемиологиялық ахуалды түзеуі керек. Алда жұмыс көп», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Онлайн форматтағы жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқылануда.
ҚазАқпарат