ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІНЕ – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Аймақ басшысының кезекті қабылдауына алғашқы болып кірген Атырау қаласының тұрғыны Рауан Тұрғантай осыдан екі жыл бұрын үшінші топтағы мүгедек ретінде өзіне «СМП-163» мөлтекауданындағы көп қабатты үйлердің бірінен бір бөлмелі пәтер берілгенін, енді сол алған баспанасын жекешелендіргісі келетінін айтады. Өтініш мұқият тыңдалып, жан-жақты сараланғаннан соң дәл қазіргі уақытта мұның ешқандай заңдылыққа жатпайтындығы мәлімделді.

 

Келесі кезекте қабылдауға жазылған Атырау қаласы, «Вокзал маңы-5» мөлтекауданының тұрғыны Орынша Исмұханова біраздан бері облыстық мүгедектерді оңалту орталығында аспазшы болып жұмыс жасайды екен. Жұбайы Мұрат Абулханов – екінші топ мүгедегі. Жеке бастарында баспанасы жоқ. Апасының меншігіндегі екі бөлмелі пәтерде төрт адам тұрады. Қалалық әкімдіктегі тұрғын үй алушылардың кезегіне өзінің әлеуметтік санатына байланысты қойылған. Мәселенің мейлінше жуық арада шешілуіне жәрдемдесуін сұрайды. Бұл жайында сол бойда қала әкімі Нұрлыбек Ожаевпен пікірлескен облыс әкімі өтініш берушінің кезектегі саны өте әріде еместігін, сол себепті де алдағы жылдың аяғына дейін жаңа пәтерге қол жеткізетіндігін атап айтты.

Ал, Махамбет ауданының Алмалы селосында тұратын Бұхар Асиев осыдан он жыл бұрын көршілес Өзбекстан Республикасының Жизақ облысынан осында қоныс аударыпты.  Күйеу баласы атыраулық азамат болғанымен жеке бастарында баспаналары жоқ, оның үстіне қызы екінші топ мүгедегі көрінеді, жақында көптен күткен армандары орындалып, сәбилі де болыпты. Махамбет ауданы бойынша тұрғын үйге мұқтаждардың кезегіне тіркелген. Оған  келер жылы қазына қаражатына салынатын 60 пәтерлік үйден бір пәтердің беріліп қалу мүмкіндігі қарастырылатындығы қаперленді.

Атыраулық бірінші топ мүгедегі Манарбек Исембаев – облыстық зағиптар қоғамының мүшесі. Отбасымен (үш адам-әйелі және қызы) «Қазақ соқырлар қоғамы» ғимаратының аядай бір бөлмесін паналап тұрады. Қала бойынша тұрғын үй алушылардың кезегіне тіркелген (келіп тұрған реттік саны – 343). Түбінде баспаналы болатындықтарынан үміттенсе де, көңілдерін күпті қылып жүрген кейбір жайлардың да барын білдік. Бұған да ден қойып, назар аударған облыс әкімі көтерілген қай мәселенің де оңынан шешілуіне ықпал ететінін мәлімдеп, оны тиісті құрылым  басшыларына жүктеді.

Сол сияқты, апатты жағдайдағы тұрғын жайлардың тізіміне енгізілген Жарбосынов көшесі, 10-үйдің тұрғыны, екінші топ мүгедегі Роза Жұмағазиева тіркеу кітапшасы бойынша отбасында алты адам есепте тұратынын, сондықтан да мына баспаналары бұзылып, басқа жерге көшірілген кезде мүмкіндігінше үш бөлмелі пәтер берілсе деген өтінішін жолдаған. Реттік санының жақындап қалғандығы, оған қоса басқаша мүмкіндіктің жоқтығы ескеріліп, бұл отбасына көп кешікпей қазіргі тұрып жатқандарынан едәуір артық көлемде, екі бөлмелі пәтер берілетіндігі нақтыланды.

Темір жол мекемелерінің бірінде көлік жүргізуші болып қызмет істейтін Мұрат Дүйсеғалиев әйелі және екі кішкентай баласымен қаланың  Мырзағали Қазірет көшесіндегі  107-үйдің ауласындағы вагон үйшікте тұрады. Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының «Жас отау» жас отбасылары үшін салынатын, жалға алу құқығымен берілетін пәтер иеленуші ретінде арызданған. Үміткерлерге қойылатын талаптарға сай тиісті ұпайын жинақтап, қажетті құжаттарын тапсырған. Әрине, дәл қазіргі күні бұлардың баспаналы болатындығы жайлы нақты ештеңе айтылмағанымен, бұл мәселеде әлі де қайта қарап, пысықтай түсетін тұстардың барлығы айтылды. Бағдарламаға қатысушылардың тізімі мен реттік сандарына да ішінара өзгерістер енгізілетіндігі қаперленді.

Бұлардан бөлек, Атырау қаласының тұрғыны, көп балалы ана, еңбек ардагері Жансұлу Ағисова қызы Асылайдың отбасымен (жұбайы мен екі баласы) түгелдей туберкулез дертімен ауыратындығын, сол себепті де олар өз алдына баспанамен қамтылуы қажеттігін айтып арызданыпты. Осыған орай әуелі  олардың өздері қала әкімдігінің тұрғын үй алушылар кезегіне тіркеліп, керекті құжаттарын тапсыруы қажет. Содан кейін барып қана есепке алынады.

Байқағанымыздай, облыстық ауруханада мейірбике болып қызмет істейтін Рая Ермекбаева қабылдауға баласының жай-күйіне байланысты келіпті. Ағымдағы жылдың шілде айында квадроциклден құлап, ауыр жарақаттанған ұлы Жәнібек беломыртқа жүйесінен қатты зақымданған. Осында шұғыл түрде ота жасалғанмен, екі аяғынан мүлдем жүре алмайды, жағдайы нашар. Бірнеше ай бойына төсекке таңылған, көмекке мұқтаж. Жергілікті дәрігерлер «баланы дереу шетелге апарып емдетіп, күрделі ота жасату керек» деген ұйғарымға келген. Бұған,  әрине, біраз қаражаттың қажетсінетіндігі белгілі. Сол үшін де көмек сұрап, облыс әкімінің қабылдауына келуге мәжбүр болыпты. Өз кезегінде аймақ басшысы осындағы мұнай компанияларының бірі арқылы көмектесуге уәде етті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз