Президент қазақстандықтарды вакцинаның кері әсері туралы желсөздерге сенбеуге шақырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауы көптің көкейінде жүрген мәселелерді қозғады.
Президент елдегі тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесі, өзге де мәселелер туралы баяндады. Бейбіт өмір, қалыпты даму жолы –дінаралық, ұлтаралық келісімнің нәтижесі екендігіне маңыз берді.
Жолдау барысында түрлі мәселелер айтылды. Соның бастысы – денсаулық сақтау саласы. Бүгінде мемлекет отандық медицинаны дамытуға, қауіпті індеттің алдын алуға ерекше маңыз беріп отыр. Осы бағытта ауыз толтырып айтар жетістіктер де бар. Дегенмен, тоқмейілсуге әлі ерте. Кейбіреулер «вакцина адамның денсаулығына зиян екен, оны алған адамның өмірі қысқарады екен» деген өсек әңгіме айтып жүр. Осының кесірінен қоғамда екпеге байланысты түрлі пікірлер туындауда. Президент бүгінгі Жолдауында осы жағдайға айрықша тоқталды. Қоғамды ел ішіндегі осындай желсөздерге ермеуді шақырды.
Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселеге де тоқталып, қашан да ескерусіз қалатын мұрағатшы, кітапханашы, техникалық қызметші секілді мамандық иелерінің жалақысын өсіруге пәрмен берді. Ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге дейін көтеру қажеттілігін айтты.
Ендігі жерде осы бастамалардың іс жүзінде атқарылуын күтеміз. Оның орындалуына бәріміз де үлес қосқанымыз жөн.
Ақмырза Батырқайыров, еңбек ардагері.