Екпе туралы екіұдай пікір
Қазақстандықтардың жұмыс режимі және екпеге байланысты екіұдай пікір айтылып жатыр. Бірі вакцина алмағандар жұмысқа жіберілмейді десе, екіншісі бұл шараның ерікті түрде жүргізілетінін айтады. Сонымен, екпе алғандар мен одан бас тартқандардың қызметтегі жұмыс тәртібі қалай жүзеге асырылады?
Республика санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, вакцинацияның толық курсын алған қазақстандықтар вирустан қорғалған. Сондай-ақ COVID-19-бен ауырғандардың ағзасында негізінен 6 айға дейін қорғаныс антиденелері болады. Сондықтан олар вакцина алатындардың қатарына жатпайды. Осыған байланысты қызметкерлердің бұл санатының жұмысын онлайн форматына көшіру орынды емес. Ал біз ұйымдардың, кеңселердің қызметкерлерін қашықтан жұмыс жасау нысанына ауыстыруға қатысты Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Мәдениет Танауовтан жауап алдық.
– Республика бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің бұрын қолданыста болған қаулысының редакциясына сәйкес, «қызыл» аймақтағы қызметкерлердің 80%-ы қашықтан, 20%-ы күндізгі режимде жұмыс жасау туралы белгіленген. Ал «сары» аймақтағылар үшін 50% қашықтан, 50% күндізгі режимде қызмет ету қарастырылған. «Жасыл» аймақтағылар 30% қашықтан, 70% күндізгі режимде жұмыс жасауы тиіс. Бұл пайыздық ара-қатынас қаулыға енгізілген жаңа өзгерістерде де сақталып отыр, — деді Мәдениет Рашидұлы.
Екпенің толық курсын алған адамдарда коронавирус инфекциясына қарсы қорғаныш қабілеті қалыптасады. Ал вирус жұқтырып, ауырып, жазылған адамдарда 6 айға дейінгі кезеңде қорғаныш антиденелері болады. Олар осы уақыт аралығында вакцинациялауға жатпайды. Бұл санаттағы қызметкерлердің жұмысын қашықтық форматына көшіру қажет етілмейді.
– Қазір қызметкерлерді вакцинациялау барлық мекемеде жүргізілмегенін және екпе алмағандардың әлі де қауіп тобында екендігін ескере отырып, инфекцияға қарсы екпенің толық кезеңінен өткен және соңғы 6 ай ішінде COVID-19-бен ауырған барлық қызметкерді күндізгі режимде жұмысқа жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған және соңғы 6 ай көлемінде вирус жұқтырмағандар қашықтан жұмыс жасау форматына көшіріледі. Осылайша, қаулының жаңа редакциясында COVID-19-ға қарсы вакцинаның 2 дозасын алған қызметкерлер үшін жұмыс жасау форматына қатысты өзгерістер қарастырылған, — деді М.Танауов.
Егер «қызыл» аймақтағы талаптарға сәйкес, мекеме қызметкерлері үшін 80% қашықтық режимінде, 20% күндізгі режим белгіленген болса, бірақ ұйымда қызметкерлердің 90%-ы вакцинацияланса, екпе алған барлық қызметкерді күндізгі жұмыс режиміне жіберуге рұқсат етіледі. Яғни қызметкерлердің 10%-ы қашықтан, 90%-ы күндізгі режимде жұмыс жасай алады. Бұл жағдай басқа аймақтарға да қатысты. Сонымен қатар облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері «бүгінде екпе алмаған адамдар 3 күн сайын ПТР-тест тапсыруы керек» деген ақпаратқа түсінік берді.
– Қазір екпеге қатысты көпшілік арасында сан түрлі пікір айтылып жатыр. Оның барлығы бірдей шындыққа жанаспайды. Егер адам денсаулығына байланысты ауруханаға жатып, емделетін болса, міндетті түрде ПТР-тест тапсырады. Ал екпе алмағандардың 3 күн сайын ПТР-тест тапсыратыны туралы ақпарат жалған. Сондықтан әлеуметтік желілердегі кез келген дерекке құлақ аспауға шақырамыз. Тек қана ресми орындар таратқан мәліметтерге сүйенген жөн, — деді Мәдениет Танауов.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА