1 4

Денсаулық министрі коронавирус ахуалының күзде қандай болуы мүмкін екенін айтты

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар
14 / 100

Денсаулық сақтау министрі вакциналаудың вирус таралуын азайтудың әрі толық локдаунға оралмаудың жалғыз жолы екенін атап көрсетті.

Алдағы күндері коронавирусқа қатысты жағдайдың тұрақталуы екіталай, ал вакцина әсері күзге жақын байқала бастайды, деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

«Жағдайдың таяу күндері немесе тіпті бір айда өзгеретінін күтудің қажеті жоқ. Азаматтардың басым бөлігі 2-3 ай ішінде вакцина алғаннан кейін эпидемиологиялық жағдайдың саябырсығанын сезетін боламыз. Вакцинация, әрине, өз әсерін береді, бірақ бұл ұжымдық иммунитет пайда болған кезде, шамамен күзге жақын болады», – деді Алексей Цой «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы толық локдаунға, қалаларды жабу сияқты шараларға қайта жүгінгісі келмейтінін алға тартты. 

«Қатаң шаралар әрқашан тиімді екені сөзсіз. Оларға оралсақ, жағдайды тезірек өзгерткен болар едік. Бірақ айтарлықтай зардап шеккен бизнестің және жалпы экономиканың мүдделерін ескере отырып, инфекцияның таралу тізбегін ішінара бұзуға мүмкіндік беретін тепе-теңдікті тапқандаймыз. Алайда, оның әсері толық локдауннан гөрі баяу сезілуде», – деді министр.

Ол вакцинация – вирустың таралуын тежеудің жалғыз әдісі екенін баса айтты.

Сондай-ақ ол вакциналаудың зияны туралы жалған мәліметтерге сенбеуге шақырды.

«Ресми мәліметтерге сәйкес, вакцина алғандардың 0,8%-де катаралды синдром, дене температурасының көтерілуі, ине салған жердің ауырсынуы тәрізді реакциялар байқалады. Бірақ келесі күні олардың ізі де қалмайды. Екпеге байланысты басқа реакция расталмады», – деді Цой.

Қазақстанда халықты жаппай вакциналау сәуір айында басталды. Бүгінгі күні 300 мыңға жуық азамат вакцина алды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған