Дәрігерлер мен депутаттар ауыл тұрғындарымен кездесті
Қазіргі уақытта коронавирус індеті қайтадан белең алып, тұрғындар арасында аурушаңдық деңгейі қайта өсіп отыр.
Қауіпті індетке қарсы тосқауыл қоюдың жалғыз жолы — екпе.
Бүгін, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев, №7 Атырау қалалық емхана директоры Гүлнафис Таңбаева және Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әміржан Нұрланұлы, Махамбет аудандық мәслихат хатшысы Қайыржан Мәжиев және қоғам белсенділері
Махамбет ауданының Алға, Ортақшыл, Бейбарыс ауылдық округтарының тұрғындарымен кездесіп, вакцинациялаудың маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Вакцинацияның мақсаты – ұжымдық иммунитет қалыптастыру!
Дәрігерлер коронавируспен күресуде ұжымдық иммунитет қалыптастыру аса маңызды екенін айтады.
Осы бағытта ауруды алдын алу бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен кешенді іс-шара жүзеге асуда.
Бүгінде жасы 18-ге толған, қарсы көрсетілімі жоқ кез келген ел азаматының екпе алуға құқығы бар.
Мамандардың айтуынша, коронавируспен ауырып, жазылғандардың ағзасында «уақытша иммунитет» түзіледі. Ондай антиденелер 2 айдан соң азайып, 6 айға дейінгі уақытта толығымен жойылады.
Ал вакцина иммунитетті бекітеді. Екпеден кейін пайда болған антиденелер жұқпалы індеттен қорғайды.