COVID-19: Тағы 250-ге жуық қазақстандық шетелден анықтамасыз ұшып келді
Кеше Қазақстан аумағына Германия, Мальдив, БАӘ, Мысыр, Түркия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 20 халықаралық әуе рейсі ұшып келді.
Бұл туралы «Қазақпарат» хабарлады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен мәлім еткендей, өткен бір тәулікте елімізге барлығы 2 055 жолаушы ұшып келді. Олардың 1 806-сында коронавирусқа ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтама болған. Қалған 249-ында анықтама болмаған, барлығы да – ҚР азаматтары.
- Атап айтқанда:
— Алматы қаласының әуежайына – 12 рейс, 1 149 жолаушы, анықтамамен — 1 043, анықтамасыз — 106; — Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына – 7 рейс, 811 жолаушы, анықтамамен — 668; анықтамасыз — 143; — Атырау қаласының әуежайына – 1 рейс, барлық 95 жолаушы анықтамамен келген.
«Анықтама болмаған Қазақстан азаматтары келген жерлері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестіленді және карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтуде» деді министрліктен.
Сондай-ақ ақпаратқа сәйкес, 3 ақпанда шетелден анықтамасыз келген Қазақстан азаматтарының ПТР-талдау нәтижелері дайын болған — барлық 247 жолаушыда коронавирус инфекциясы анықталған жоқ.