Белгілі ел ағасы дерт алдындағы дәрменсіздіктің себебін айтты

izobrazhenie 2020 12 17 154155 COVID-19: Соңғы поштадан...

«Әлемді әуреге салған дерт біздің де басымыздан өтті. Былтыр ауру өршіген тұста төсекке таңылып, ақ халаттылардың дер кезінде жасаған емінің арқасында айығып шықтық. Сол бір қиын шақтардың бәрін артта қалдырдық-ау деген тұста дерт кері өршіді. Қазір Атырау – «қызыл» аймақта. Қынжылтатыны, бұрынғы қиыншылықтарға қарамастан, халық бәрін ұмытып, алаңсыз жүр…»

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан», «Парасат» ордендерінің иегері, композитор, музыкатанушы, жазушы Илья Жақанов ағамызбен әңгіме осылай басталды. Әлі де түпкі әсері толық зерттелмеген, өмірлік құндылықтардың мәнін терең ұғындырған дертпен күресте дауасыздық танытуымыздың «басты себебі – өзіміз» екенін айрықша атаған ел ағасы қазіргі ахуалға аса алаңдаулы екенін айтты.

  • «Күнде көріп, естіп отырмыз. Індет Алматы, Нұр-Сұлтан сынды үлкен қалаларда өршуде. Білікті мамандар бұрынғыдан басқаша, қатерлі деп айтып жатыр. Бұл – үлкен қауіп. Ерекше сақтықтың қажет екенін, өзін-өзі сақтаудың маңыздылығын көбірек айтуымыз керек» деген белгілі тұлға «Ел баяғыдай жиналып, бірбіріне ауру жұқтырып жатыр. Көрінбейтін тізбек арқылы таралатын вирустың қалай, қайдан, қашан жұққанын да білу мүмкін емес. Сонысымен де үрейлі. Сол қорқынышты біз де бастан кешіп отырмыз» дейді.

Қазір үйден шықпай, жиын, шақыртулардан түбегейлі бас тартқан Илья аға халықтың өткеннен сабақ алмай, жауапты мамандардың дабылдарына құлақ аспайтынына наразылық білдірді.

  • – Атырауда сақтықты білмейтін, тәртіпке көнбейтіндер көп. Көрінген жерде садақа, жасырын құдалық, жиын-той. Қауіпсіздік туралы айтылғанымен, дәрігерлер дабыл қаққанымен, халық әлі күнге түсінетін емес, – дейді ол.

Ауру таралмауының жолын кесу үшін ең бастысы оқшаулану қажет. Яғни, өзінөзі сақтау – қорғанудың күшті амалы.

  • «Бір түнде 93 адамнан вирус анықталып, ауруханаға түсті дегенде жүрегім ауырды. 80-90-жылдары Гурьев кедей өңірдің бірі еді. Қазір жағдай бар, тұрмыс түзу, үй, көлікке қол жетті. Экономика дамып, облыстың барлық көрсеткіштері көтерілді. Алайда, осынау жетістіктердің бәріне жетіп тұрғанда, дәрігерлер айтып жатқан қарапайым сақтық шаралары туралы сөзге құлақ аспай, зая кетіріп жатқаны санама сыймайды. Әркім өзінен бастап, тиісті талаптарды сақтаса, жолын кесуге болары анық» дейді ел ағасы.

Дауасыз дертпен күрес медицина саласындағы біраз олқылықты байқатты. Күн санап күрт өскен науқастар, қажетті дәрі-дәрмек пен тиісті құрылғылардың жоқ болғанына қарамастан ақ халаттылар уақытпен санаспай еңбек етті. Ауа жібермейтін арнайы қорғаныш киімін бірнеше сағат бойы шешпей, қызмет қылып, әр науқас үшін бәйек болған дәрігерлер еңбегі – ерен.

  • «Біз дәрігер құдіретінің арқасында аман қалдық. Жұбайым Тиыш Әлтайқызы екеуіміз басында мән бере қоймағанымыз шын. Өйткені, ешкіммен араласпай, азық-түлік, дәрі-дәрмек алу үшін бетперде киіп, қолғаппен шығып жүрдік. Әуелі тамаққа тәбетіміз болмай, басымыз ауырып, жөтеле бастадық. Кейін ыстығымыз көтеріліп, ентікпе пайда болды. Сөйтіп, жедел жәрдем шақырып, алғашқыда облыстық ауруханаға түстік. Арада 4 күн өткенде жұқпалы аурулар ауруханасындағы дәрігерлерге тап болып, жанқиярлық еңбекті көзімізбен көрдік. Қай санаттағы медициналық құрам болмасын, күні-түні науқастар өмірі үшін күресті. Айта кетейін, сол бір қиын шақтарда Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың бірнеше рет ауруханаға келіп, ауырып жатқан адамдармен сөйлесіп, олардың жағдайымен танысқанына куә болдық. Әкімнің орынбасары Бақытгүл Хаменова да ахуалмен жеке танысып, дәрі-дәрмектің дер кезінде жеткізілуі, аурухананың сырқаттарға керекті аппараттармен қамтамасыз етілуі туралы үнемі хабардар болып отырды. Бақылау жасады. Бұл да аса маңызды» деді сол бір қиын шақтарды ой елегінен өткізе отырып.
  • – Айтыңызшы, аурумен бір рет бетпе-бет келген адам қайтадан жұқтырмауы әбден мүмкін дейді. Сіз қалай ойлайсыз? – дедік сөз арасында.
  • – Жоқ, қарағым. Ол болжаусыз. Жай айтыла салған сөз. Мәселен, біз ауырдық. Ал, қайталап сырқаттанып қалмайтынымызға кім кепілдік береді? Айтуың өте орынды. Кеше ауырдық, енді жұқпайды деп, қарапайым бетперде тақпастан жүретіндер де бар арамызда. Бұл – дәлелденбеген факт. Сондықтан, сенуге болмайды. Вирустың қауіптілігі, ескіні қоздырып, жаңа ауру жамап беретіндігінде. Мәселен, біз әлі күнге дейін толыққанды айықтық деп айта алмаймыз. Ұмытшақ болып кеттік. Сүйек қақсайды. Бас айналады. Менің қан қысымым ешқашан көтерілмеген, үнемі бірқалыпта тұратын-ды. Осыдан біраз бұрын көтеріліп, 200-ден бір-ақ шықты. Сондықтан, ойнайтын нәрсе емес. Қалай болғанда да, тәртіпті қатаң сақтау керек. Былтырғы ахуалды қайт аламас үшін бақылау, тексеруді күшейту керек. Жасырын жиын-тойлар кім үшін қажет? Маңыздысы, денсаулық емес пе? Бір жасқа енді толған сәбидің қызықшылығына жиналған жүзге жуық адамның басын қосқан аста-төк тойда бір адам арқылы бірнеше адамға ауру жұқса, кімге пайда? Кеңе с өкіметі кезінде комсомол жастарынан құралған арнайы топтар қызмет етуші еді, солардың ізімен саналы жастарды рейд жұмыстарына жұмылдыру да оң нәтиже береді деп ойлаймын, – деді Илья аға.

Қазіргі таңда вакцина алу белең алды. Бірнеше кезеңнен тұратын екпе жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Осы мәселеге қатысты әңгімелесушіміздің пікірін сұрадық. «Расында да, вакцина туралы да неше түрлі сөздер шықты. Алған адамдарды көрсетіп те жатыр. Ол – дәрігерлердің ғылыми жолмен жасап жатқан амалдары. Мен маман емеспін. Білетінім, үлкен адамдарға ауырлау тиеді екен» деді ол. Бұл күнде ешқайда шықпай, үйде отырған отбасы өзгелерге де сақтық шараларының маңызды екенін айтты.

  • – Атырау үшін өткен жыл қасіретті болғаны жасырын емес. Небір марғасқа азаматтар, тепсе темір үзетін жастағы жайсаң жандардан айырылдық. Әлемге, елге қасірет болып келген вирус кезінде Атырау әкімшілігі мен медициналық персонал аянып жатқан жоқ. БАҚ та үгіт-насихат жүргізіп-ақ жатыр. Олардың ел үшін бәйек болған қамқорылығын айтуымыз керек. Дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Қазірдің өзінде екі күннің бірінде бізді тексеріп, хал-жағдайымызды сұрап отыр. Талап пен тәртіпті сақтау арқылы ғана ауруды жеңе аламыз, – деді Илья аға.

Күллі әлемді құрсаулаған коронавирус індеті әлі де айылын жияр емес. Аурудың қармағы ұзын-ақ. «Қашан, қайдан, қалай?» деген сауалдарға жауап ала алмастан, ауруханадан бір-ақ шығып жатқандар жетерлік. Өмірлік құндылықтың денсаулық, жақын адамың, өз отбасың екенін демде сездірген дертпен күресте қажыр-қайрат таныту үшін әр адам өзін сақтаудан бастаса екен! Ауырмаңыздар!

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз