Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...

COVID-19: «Қауіп – қыр астында»

Бір айға жуық уақыттан бері коронавирустың таралу көрсеткіші төмендеп, адамдар оның атауынан да алшақтай бастаған еді. Дегенмен арқаны кеңге салуға әлі де ерте екені белгілі болып отыр. Өйткені, әлемде вирустың жаңа штамы пайда болып, бірқатар елдер карантин шараларын қайтадан күшейте бастады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, «стелсомикрон» нұсқасы қазір барлық анықталған инфекциялардың 86 пайызын құрады. Бұлайша вирустың түрге бөлінуі – оның күш алып жатқанының айқын көрінісі. Елде вирус жұқтыру көрсеткіші көбейсе, медицина қызметкерлеріне үлкен міндет жүктелері анық. Сондықтан, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтен аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал және алдын алу шаралары туралы сұрап білдік.

– Асхан Мархабайұлы, тұрғындарды індеттен арашалап алар жалғыз жол екпе екені белгілі. Облыста вакцина қоры жеткілікті ме?

– Облыста вакцина қоры жеткілікті. Қоймаларда 115 790 доза «Comirnaty» (Pfizer), 19 500 «QazVac», 17 000 VeroCell екпесі бар. «Comirnaty» (Pfizer) екпесін алуға бұған дейін жүкті, балалы әйелдер мен кәмелет жасына толмаған балаларға ғана рұқсат берілсе, енді екпенің бұл түрі барлық адамдарға қолжетімді. Оны бастапқы кезде де ревакцинацияда да алуға болады. Аталған вакциналар облыстағы 30-дан астам екпе пункттерінің барлығында бар. Бұған қоса, ірі компаниялар мен мекемелерден ұсыныс түссе, жылжымалы пункттер жұмыс жасап тұрғанын да құлаққағыс етеміз. Өңірде эпидахуал тұрақтанған уақыт аралығында да бұл бағыттағы жұмыс тоқтаған емес. Қазір әлемдегі жағдайға байланысты алдын алу шараларын күшейтіп жатырмыз.

– Коронавирус түрге бөлініп, «дельта», «омикрон», енді «стелс-омикрон» атты штамм пайда болды. Жаңа штамның қауіптілігі қаншалықты, одан қалай қорғана аламыз?

– «Стелс-омикрон» әзірге біздің елде анықтала қойған жоқ. Дегенмен ақпарат құралдары соңғы аптада Қытайда жаңа штамның өршіп кеткенін хабарлады. Бұрынғы штамдармен салыстырғанда, қаупі жоғары. Оның алдын алудың бірден-бір жолы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Ол үшін тұрғындар вакцина алуы тиіс. Иә, қазіргі ахуалға қарап, «екпе алмаса да болады» деуге болмайды. Қауіп қыр астында. Керісінше, осындай вирус жұқтыру көрсеткіші төмендеген уақытта вакцина алу әлдеқайда тиімді. Олай дейтінім, елде індет жұқтыру көрсеткіші артқан жағдайға дейін ағзада антидене қалыптасып, сізді аурудан қорғай алады. Жалпы сақтық үшін бетперде тағып жүру, қолды таза ұстау, халық көп жиналған орындар мен сауда орындарына бармау, қонақ шақырмау секілді екі жылдан бері айтып жатқан шаралар өзінің өзектілігін жоймайды.

– Ал, қауіптілігі жоғары жаңа штамның басты белгілері қандай?

– Ауру симптомдары – шаршау, бастың ауруы, дене қызуының көтерілуі секілді жалпылама белгілер. Қарттар, созылмалы аурулары бар адамдар, жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге екпе салу көрсеткіштерін арттыру қажет. Ұлыбританияның денсаулық сақтау қауіпсіздігі агенттігінің мәліметінше, ағзаның қорғаныс деңгейі үдеткіш вакцина арқылы қалпына келеді. Вакцина алғандардың арасында қайтыс болғандар мен ауруханаға жатқандар аз. Ғалымдардың айтуынша, жақында COVID-19 вирусының BA.2 ауруының өсуі ықтимал. Өйткені, аурудың күрт тарауы көптеген елдердің бетперде режимін, басқа да антиковидтік шараларды алып тастағанына байланысты. Зерттеушілер BA.2 аурушаңдық көрсеткіші өсуі себепті әсіресе вакцинацияланбаған, халықтың басқа да осал топтарына зиян тигізетініне сенімді. Сондықтан, тиімділігі дәлелденген препараттармен екпе алу коронавирустың жаңа толқынының бетін қайтаратынына сенім мол.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Мәлике МӘЛІК


Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button