Жарнама
COVID-19: Соңғы поштадан...

Ата-ана келсімімен:2 миллион балаға вакцина салынатын болды

«БАЛАЛАР КОРОНАВИРУСТЫ ЖЕҢІЛ ҚАБЫЛДАЙДЫ», «ЖАСТАР СИМПТОМСЫЗ ӨТКЕРЕДІ» ДЕГЕН БАСТАПҚЫ БОЛЖАМДАР ШЫНДЫҚПЕН СӘЙКЕСПЕЙТІН БОЛЫП ШЫҚТЫ. ӨЙТКЕНІ, ВИРУСТЫҢ МЫҢ ҚҰБЫЛЫП, САН ТҮРГЕ БӨЛІНУІ ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚҚА ДА ҚАУІП ТӨНДІРЕ БАСТАДЫ. МАМАНДАР «ДЕЛЬТА» ШТАМЫН ЖАСТАР КӨБІРЕК ЖҰҚТЫРАТЫНЫН АЙТЫП, ДАБЫЛ ҚАҒУДА. МӘСЕЛЕН, АТАЛҒАН ІНДЕТ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ АЙМАҚТАҒЫ 2 283 БАЛАДАН АНЫҚТАЛСА, 141-І СТАЦИОНАРЛЫҚ ЕМ ҚАБЫЛДАҒАН. АЛ, ВИРУСТЫҢ ТҮРГЕ БӨЛІНУІ ОНЫҢ КҮШ АЛЫП ЖАТҚАНЫНЫҢ КӨРІНІСІ БОЛСА КЕРЕК. СОНДЫҚТАН, АҚ ХАЛАТТЫЛАР «ІНДЕТТЕН ҮЛКЕНДІ ДЕ, КІШІНІ ДЕ АРАШАЛАП АЛАТЫН – ЖАЛҒЫЗ ЕКПЕ» ДЕП ОТЫР.

Жалған ақпарат жиілеп кетті

Бұрын қайғылы хабарды жақын-жуығына қинала жеткізетін адамдар, бүгінде оны әлеуметтік желіге жариялай салатын болған. Соңғы уақытта адамдардың мұндай жағдайларды салқынқандылықпен қабылдауының бірден-бір себебі қауіпті індеттің кесірінен өлім-жітімнің жиілеп кетуінен болса керек. Өкініштісі, бұл вирус адам талғамайды, кімді болмасын ілмегіне ілуде. Бір күнде бірнеше адамнан айырылған жағдайларды көзбен көріп, құлақпен ести отырып екпеге енжарлық танытып жүргендерге қайран қаласың. Бірі екпе алуды кейінге қалдырса, келесісі «бұл әлі зерттелмеген, тәжірибеден өтпеген» деп жалған ақпараттардың жетегінде жүр. Бәрінен бұрын адамдар соңғы уақытта «мектептер балаларға екпе салу мақсатында ашылуда» деген негізсіз ақпаратқа алдануда. 

Иә, қоғамда теріс көзқарас тудырып жүргендер өз жазасын ала жатар, ал, шындығында жаңа оқу жылындағы басты мақсат не? Балалар вакциналана ма, олай болса, қашаннан бастап? 

БАЛА САНЫ – 2 МИЛЛИОН 

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерге «Pfizer» екпесі салынатынын айтқан болатын. Оның сөзінше, балалардың да вакцина салдыру құқығы болуы керек және бұл ата-ананың келісімі негізінде жүзеге асады. 

– Қазір тек ересектер екпе салдыра алады. Балаларға қанша уақытта вакцина салып бітіретінімізді айта алмаймыз, себебі ол ерікті түрде, тек ата-анасының келісімімен жүзеге асады. Осы мақсатта түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қазір ата-аналар жиі хабарласып, баласына екпе салдырғысы келетінін айтады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ол вакциналар жоқ. Балаларға салуға ұсынылған вакцина болған кезде оны қамтамасыз етеміз. Елімізде 2 миллион бала бар, бұл жерде мәселе – қанша ата-ана баласына вакцина салдырғысы келетінінде, — деді Алексей Цой. 

Министрдің бұл мәлімдемесінен ата-аналар балаларға мәжбүрлі екпе салынбайтынын түсінуі керек болатын. Алайда, кейбір тұрғындардың ресми емес кез-келген ақпараттың жетегінде кетуі мәселенің ушығуына негіз болып отыр. Сондай-ақ, А.Цой бұқаралық ақпарат құралдарына берген жауабында екпе тек 12 жастан асқан балаларға ғана салынатынын атап айтқан еді. «Тиісінше, азаматтар вакциналау керек пе, жоқ па – мұны өздері шешеді, бірақ, біз вакцина алуға шақырамыз, өйткені вакцина көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штамдар балаларға әсер етеді, — деді Денсаулық сақтау министрі. 

whatsapp image 2021 09 10 at 10.08.58

АТА-АНАДАН КЕЛІСІМ АЛЫНАДЫ 

ІНДЕТ ЖҰҚТЫРҒАНДАР – ДӘРІГЕР БАҚЫЛАУЫНДА 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуованың айтуынша, қазіргі уақытта коронавирус жұқтырған 389 бала індетті жеңіл өткеріп жатса, 10 бала стационарлық ем қабылдауда. Жансақтау бөліміндегі 1 баланың жағдайы ауыр. Қауіпті дертті жұқтырған балалар дәрігерлердің бақылауында. 

Басқарма басшысының орынбасары кавасаки ауруына ұқсас мультжүйелі қабыну синдромы 1 баладан анықталғанын айтты. 2007 жылы туған жасөспірім 2 шілдеде ауруханаға жатқызылып, тиісті ем қабылдаған соң ауруынан айыққан. Мұндай синдром белгілерімен өткен жылы 2005, 2010 жылғы екі бала емделіп, жазылған. 

Балаға екпе мәжбүрлі түрде салынбайтынын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында No1 қалалық емхана басшысының орынбасары Дина Камелова да растады. Сондай-ақ, маман балаларын мектепке жіберуге қарсылық танытып жатқан ата-аналарға қатысты мәселенің мән- жайын түсіндіріп берді. 

– Жыл сайын балалардың қауіпсіздігі мақсатында мектептердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы, оқыс оқиға жағдайында алғашқы көмек көрсететін ондағы медициналық бөлімшелер, медбикелердің дайындығы, арнайы құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер жайы тексеріледі. Мәселен, No1 қалалық емхана бақылауында 11 мектеп бар. Біз дайындық жұмысын жылма-жыл бақылап отырамыз. Бұл жоспарлы жұмысымыз. Алайда, біздің бұл ісімізге кейбір ата-аналар «балаларға коронавирусқа қарсы екпе салуға дайындалуда» деп түсінбеушілік танытуда. Дәл қазір өңірдегі балаларға коронавирусқа қарсы екпе салынбайды. Облысқа балаларға арналған вакцина келген жоқ. Елде балаларға екпе салу жөнінде нақты шешім қабылданбады, арнайы нұсқау да келген жоқ. Ал, мұндай бұйрық келген күннің өзінде алдымен ата-аналардың келісімі алынады. Сондықтан, ата- аналардың алаңдамай балаларын мектепке жібергендері дұрыс, — деді дәрігер.
Осындайда «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» деген халықтың сөзі еріксіз еске түседі. «Онсыз да мыңдаған отбасына қайғы әкеліп, талайлардың тағдырын жалмап жатқан вирусқа қалай тұсау саламыз?» деп жатқан тұста, жалған ақпарат таратып, елді арандату адами қасиетке жатпас. Осылайша жалғаса берсе, індетті жеңу оңай болмасы анық. 

P.S.: Жуырда өткен Үкімет отырысында елге Қытайдың Sinovac компаниясы өндірген CoronaVac, Sinopharm компаниясының VeroCell вакциналары мен бұған қоса, Pfizer-BioNTech вакцинасын жеткізу жоспарланып отырғандығы айтылды. Бастысы «аурудан сақтанамын» деген адамға екпе алуға мүмкіндік мол. Тіпті тегін екпені тезірек алып үлгерсін деп қомақты қаржылай ұтыстар да ойнатылуда. Түсінгенге мұның барлығы – халықты қауіпті дерттен қорғау бағытындағы маңызды қадамдар. 

Сол секілді, жаңа оқу жылы да балаларға екпе салу үшін емес, білімсіз қалмасын деген мақсатпен дәстүрлі фор- матта басталды. Жұртшылық осыны ұғынса дейміз. Пандемия жағдайындағы қиын кезеңге қарамастан қауіпсіздікті қатаң сақтай отырып, баланың білім алуы- на бар мүмкіндік жасалуда. Мән беріп қарасаңыз, мек- тепке барған балалардың жанарында жалын оты жана бастағандай. Өйткені, бала үшін мектеп – екінші үй… 

Мәлике ҚУАНЫШЕВА 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button