ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ

өйткені, әділ шешім ғана сот беделін арттырады
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 2011-2015 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарында адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, мемлекеттің және Қазақстан қоғамының мүдделерін сот арқылы қорғауды қамтамасыз ету мақсаты көзделген. Осы жоспарды іске асыру мақсатында сот реформаларын жүзеге асыру үшін көп істер тындырылды. Жалпы, сот саласындағы реформалар хақында Елбасы кешегі съезде көбірек тоқталды.
- Қазақстанда жасалған сот реформасы сот төрелігі жүйесін азаматтар талаптары мен мүдделеріне жақындатты, істерді сотта қараудың сапасын айтарлықтай арттырды. Қазақстандықтардың соттарға деген сенімі арта түсті. Мұны, біріншіден, сот тәртібімен қаралатын істердің саны артқаны көрсетеді. Бұл көрсеткіш 2000 жылдан бері жылына 1 миллионнан асып түседі. Екіншіден, Қазақстанның сот жүйесіндегі сапалық өзгерістерді БҰҰ қолдауымен өткізіліп келе жатқан әлеуметтік зерттеулер де дәлелдеп отыр, - деді Мемлекет басшысы алқалы жиында.

Елбасы осының алдындағы судьялар съезі өткеннен бергі төрт жыл ішінде Қазақстанның сот жүйесі Жаhандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде «Тәуелсіз соттар» өлшемі бойынша өз көрсеткішін 23 позицияға жақсартқанын да атап өтті. Сөз жоқ, сот саласындағы реформалардың нәтижелілігі белгілі. Сонымен бірге шешуін күткен маңызды мәселелер де аз еместігін осы орайда айтсам деп едім.
Қазақстан Республикасының бірінші сатыдағы соттарында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер, сондай-ақ сот актілерін орындаудан туындайтын материалдарды, қамауды, үйде қамап ұстауды санкциялау, оның мерзімін ұзарту, тағы сондай мәселелер қаралатыны белгілі.
Статистикаға сүйене отырып, жыл өткен сайын сотқа азаматтардың және заңды тұлғалардың жүгінуі де ұлғайып отырғаны, біріншіден, халықтың сотқа деген сенімінің арта түскендігін байқатса, екінші жағынан бірінші сатыдағы соттарда жүктеменің еселеп өсіп, соның ішінде азаматтық іс бойынша сот билігін жүзеге асыру сапасына әсерін тигізіп келеді.
Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың 9 айында республика соттарына 527 018 арыз-шағым, 36 434 қылмыстық, 292 824 әкімшілік іс, әртүрлі санаттағы материалдарды қарауды қоспағанның өзінде барлығы 856 376 іс түскен. Ал, қаралатын әрбір іс бойынша екі, кейде одан да көп тараптың, куәгерлердің, сарапшы-мамандардың қатысатынын, яғни бір іс бойынша орташа есепппен 8 адам сотқа тартылатындығын ескерсек, республикадағы бірінші сатының небәрі 1 183 судьясы 2013 жылдың тоғыз айында 6 851 000 адаммен жұмыс жасағаны көрінеді. Бұл мәселені шешу үшін бірінші сатыдағы судьялардың штаттық санын көбейтіп, сот саласының жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып келе жатқан судьялардың көмекшісі статусын енгізу қажет деп есептеймін.
Судья көмекшісі – сотта іс қарағанға дейінгі қазіргі судьялар атқаратын барлық дайындық жұмыстарын жүргізумен, процессуалдық құжаттарды дайындаумен айналысуы тиіс. Осы жағдайда ғана судьялар қағазбастылықтан арылып, тек қана сот төрелігін жүзеге асырумен айналысуына жағдай туады.
Бүгінгі таңда судьялар қызметінің бос орындарына кандидаттар іріктеуді Жоғарғы сот кеңесі өтініш берген адамдар арасынан конкурстық негізде жүзеге асырады. Алайда, іріктеу қандай талаптар, критерийлер бойынша жүргізілетіні заңда нақты анықталмаған. Ал, егер, осы заңда судья қызметінің бос орындарына басқа кандидаттарға қарағанда судья көмекшісі болған қызметкерлерге артықшылық берілетін болса, судьялардың қатарына біліксіз және кездейсоқ адамдардың өтіп кетпеуіне шек қойылған болар еді.
Бірінші сатыда судьямен бірдей ауыртпалықты көтеретін сот мамандарына тек қатардағы мемлекеттік қызметкер деп қарауға болмайды. Себебі, олардың күнделікті лауазымдық міндеттері тікелей судьяның сот төрелігін жүзеге асыруға бағытталған процессуалдық іс-әрекеттерімен байланысты. Сондықтан, соттың жұмысы қалыпты түрде жүруі үшін сот мамандарының бос орындары дер кезінде жаңа мамандармен толықтырылып отыруы қажет. Ал, қазіргі таңда сот мамандарының бос орындарына конкурс жариялау процесі ұзаққа созылатыны белгілі. Сондықтан, сот саласына білікті және төзімді мамандарды жұмысқа қабылдау функциясы облыстық соттың өз құзыретіне бергеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Сот төрелігін ашық және жариялы түрде жүзеге асыру мақсатында қазіргі таңда бірінші сатыдағы соттарда сот процестері аудио-бейне жазбалары арқылы жүргізіледі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бірінші сатыдағы соттарды қағазбастылықтан арылту және сот қаулыларында (ұйғарымдарында) көрсетілген мән-жайлардың басты сот талқылауының хаттамаларында қайталап көрсетілмеуі үшін Қазақстан Республикасы атынан шешім, үкім шығумен аяқталмаған азаматтық және қылмыстық істер, сол сияқты сотта қаралатын басқалай материалдар бойынша сот талқылауының хаттамасын жүргізудің қажеттілігі жоқ деп есептейміз.
Айта кетер тағы бір мәселе – соттарда судьялардың, сот отырысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін приставтардың жетіспеуі. Мысалы, біздің Атырау облысында 15 сот залына келетін бір ғана пристав штатының болуы сот отырысының залында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Сот төрелігіне жүгінген азаматтар алғашқы кезекте бірінші сатыдағы сотқа келетіндіктен, дау-дамайдың алғашқы шешілуі сол соттан басталатыны сөзсіз.
Дара билікті дана билікпен ұштастырған от ауызды, орақ тілді билеріміз ешқандай полиция, прокуратура, басқа да құқықтық органдарсыз-ақ ел ішінде татулықты, бірлікті, тәртіпті қамтамасыз етіп, ел арасындағы жер, жесір дауларын екі ауыз сөзбен шешіп отырды. Олардың пәтуәлі билігіне хан да, қара да тоқтады. Солардың жолын жалғастырушылар – бүгінгі медиаторлар. «Медиация туралы» заң күшіне еніп, медиаторлар жұмысқа кіріскеннен бері көп жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы Елбасы кешегі съезде өзінің пікірін білдірді. «Қазақстанның құқық жүйесін дамытудың ауқымды әлеуеті, әсіресе, әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалық жолдарын енгізуде жатыр. Медиация туралы заңнаманың жетілмегендігі біздің еліміздегі даулы жағдайларды реттейтін соттық емес институттардың дамуын тежеп отыр. Биылғы жылы барлық істің бір пайызы ғана медиация тетіктерінің пайдаланылуымен қаралды. Медиация туралы отандық заңнаманы халықаралық стандарттармен сәйкестендіру керек. Бұл Қазақстанның сот жүйесіне оң ықпал етеді, соттардың жүгін жеңілдетуге септігін тигізетін болады. Сонымен қатар, іскерлік белсенділікті арттыруға, елде қолайлы ивестициялық ахуал орнатуға әсер етеді» деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Біздің Атырау облысы бойынша 300-ге жуық іс медиация жолымен өз шешімін тапты. Алайда, халықтың медиация туралы түсінігі де, оларға деген сенімі де өз дәрежесінде емес екендігін айтуға тура келеді. Бәлкім, ол медиаторлардың басым бөлігі кәсіби заңгерлерден құралмағандықтан да болар. Сондықтан да, медиация институтын жетілдіру мақсатында бұл бағытта дәріс алуды жоғары оқу орындарының сабақ беру бағдарламасына енгізу қажет деп санаймын.
Сот саласындағы ардагерлеріміз – біздің алтын қорымыз. Себебі, олар бүкіл саналы ғұмырын сот жұмысына арнаған. Сондай-ақ, олардың көп жылдар жинаған тәжірибелік білімін жоғалтпас үшін зейнеткерлік жасқа жетіп, демалысқа шыққан судьяларға тек дәріс беру қызметімен ғана айналысуды шектемей, ақылы түрде медиация қызметімен де айналысуға рұқсат беру қажет. Сондықтан, бүгінгі соттардың жанынан «судья-медиатор» лауазымды қызметін енгізуді уақыттың өзі талап етіп отыр.
Тағы бір көтеретін мәселе, қазіргі таңда сот төрелігін жүргізу көрсеткіші төмен болған жағдайда соттар мен судьялардың жұмыстарының сапасына баға беру үшін жүзеге асырылып жүрген мониторинг формасы уақыт талабына толықтай жауап бере алмайды деп ойлаймын.

Мұхтар СМАҒҰЛОВ,
Атырау облыстық
сотының төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз