Жарнама
Білім

ЖАҚСЫНЫҢ ІЗІ

1991 жылдың 5 наурызында Халықаралық әйелдер күніне орай «Қыз өссе – елдің көркі» атты кездесуге облысқа танымал апа-сіңлілерімізді шақырып, қызықты кездесу өтті. Сол кездесуде ерекше көзге түсіп, жастарға тағылымды әңгіме айтып, кездесудің басты тұлғасына айналған Қатира апа Дүтбаева сөйлеу мәнері өзгешелігімен оқшауланып отырды. Бойындағы жігері, күш-қайраты зейнеттегі адамның қимыл-қозғалысына мүлде ұқсамайтын. Әрине, бұл кеште ешкім де апамызды соңғы рет тыңдап, соңғы рет жүздесіп тұрғанын сезбеп еді.
Наурыз айының аяғында Қатира Ермекқызын мәңгілік сапарға шығарып салдық. Сол күндерден бастап аяулы ана, ұлағатты ұстазға деген құрмет, есімін ұрпақтар есіне қалдыру қажет деген ой да үнемі мазалайтын.
Қалалық атқару комитетінде төраға болып елге танымал азамат Нұрпейіс Мақашев қызмет атқарған еді. Ұжымның кезекті бір жиналысында Қатира Дүтбаеваның есімін училищеге беру туралы шешім қабылданып, Нұрекеңе арнайы кіріп, өтінішімізді тапсырдық. Ұсынысымызды үлкен ықыласпен қолдап, 1992 жылдың ақпан айында атқару комитетінің №201 шешіміне сәйкес апамыздың есімі училищеге берілді.
Қатира Ермекқызының есімі берілген күндерден бастап, ұжым жаңа бір белеске көтерілгендей, небір тамаша бастамалар тәрбиелік жұмыстың қайнар көзіне айналды. Мұражай ашылды, «Қыз Жібек» атты шығармашылық бірлестік құрылды, Қатира Ермекқызының ұстаздық өмір жолынан курстық, дипломдық жұмыстар қорғалды.
Қатира Ермекқызының 70 жылдық мерейлі мерекесі облыс көлемінде тәрбиелік мәні жағынан жоғары дәрежеде атап өтілді. Облыста бірінші болып министрлік тарапынан училищеге колледж дәрежесі берілді.
Қатира Ермекқызының есімін иеленген сол бір жылдары алты алашқа аты жайылған Халық жазушысы Хамит Ерғалиев колледждегі кездесу кезінде былай деп естелік қалдырған еді: «Қатира — әрбір ұстаздың өз бойынан білімдарлық өндіріп, талғам танытуын талап дәрежесіне көтерген кісі. Оның жұмыс, тұрмыс баптарындағы күллі әрекеті ұлт мүддесінен шығып жататын. Қысқасы, осынау ұлағатты ұстаз, алақаны аялы ана, жайсаң мінезді жар – қазақ жұртының жоғалтқанын халқына қайтарып, әрі осы халықтың жанын жасартуды өз ұрпағына жүктелген тәңір тапсырмасы деп түсінген тұлға. Ол өзіне осындай мазмұн тағайындады. Мұндай адамның екінші өмірі басталғанда оның есімі ел жүрегіне берік бекініс жасауы әбден заңды».
Өнеге деген осы емес пе? Кешегі көзін көрген, сөзін естіген апамыздың бар тіршілігі, саналы өмірі қарапайым. Өйткені, ол кісіні бәрі түсінеді, әрі күрделі, өйткені, ол кісінің даналығын толық ұғыну келер ұрпақтың да үлесіне жетеді.
Қатира Ермекқызы тірі болса, биыл 85 жасқа толар еді. Қазақта «Өзіңді өзің сыйла, жат жанынан түңілсін» демей ме? Жақсыларды алыстан іздемей-ақ, апамыздың өмір жолын бүгінгі ұрпаққа насихаттау — апайға лайық құрмет деп ойлаймыз.

Рашила Мұрсалиева,

«Құрмет» орденінің иегері,

1999-2006 жылдарғы Атырау облысы әкімінің орынбасары.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button