ҰБТ-ға құлаққаппен кіріп, 130 балл жинады

283262569 1378629399318302 9115338794707135466 n Білім

ҰБТ-ға құлаққаппен кіріп, жоғары балл жинаған оқушының нәтижесі жойылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.

«Біз ҰБТ-дағы әрбір жоғары нәтижені тексереміз. Осылайша, өткен аптада тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан барлығы 21 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды. Сонымен қатар жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерді қайта бақылау барысында ерекше назарымызға түскен тестіленушіге тоқталсам. Тест тапсырушы қаңтар айында 72 балл, ал негізгі ҰБТ-да 130 балл жинаған. Нәтижесі бірден 58 балға өскен, сондықтан біз қосымша күшейтілген бақылауды өткізуді жөн көрдік. Бейнежазбаларды тексеру барысында талапкердің ҰБТ ережелерін бұзғаны белгілі болды. Ол тестілеу барысында бейнекамера мен мини құлаққап қолданған» дейді Руслан Емелбаев.

Оның айтуынша, осыған жол берген қызметші тестілеуден шеттетілген.

Қызметтік тексеріс жүргізіліп, тиісті шара қолданылады. Ал тест тапсырушының нәтижесі жойылды. Енді ол екінші мүмкіндігін қолдана алмайды.

«Достар, жүйені алдауға тырысудың қажеті жоқ. Жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды. Тағы да сіздерді академиялық адалдықты сақтауға шақырамын. Ал біз бақылауды одан әрі күшейтеміз», — дейді орталық директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз