
«Жайлы мектеп»: Жыл аяғында қос нысанның құрылысы басталмақ
Атырау қаласында білім беру жүйесін жетілдіру аясында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова баспасөз брифингінде жаңа мектептердің ашылуы, мектепке дейінгі ұйымдарды кеңейту, қауіпсіздік пен цифрландыру шаралары — барлығының сапалы білім беруге бағытталғандығын атап өтті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
–Биылғы оқу жылында 68 мектеп жұмыс істеп тұр. Онда 76 мыңнан астам оқушы білім алуда. Өңірде білім ордаларына деген сұраныс жоғары. Осыған байланысты мектеп салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл үш жаңа мектеп ашылып, тағы үшеуінің құрылысы жүріп жатыр. Жақында пайдалануға берілген 1200 және 300 орындық оқу орындары білім сапасын арттыруға ықпал етеді, — деді А.Дүйсекенова.
Бұдан бөлек қалалық мектептердің барлығы бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Бөлім басшысының мәліметінше, өткен жылы 35 мектепке жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелері орнатылды. Оған қоса 66 жаяу жүргінші өткелі белгісі мен 93 жылдамдық бәсеңдеткішін орнату қажеттілігі бар.
Цифрландыру және интернет желісі бойынша 61 мектеп ғаламтормен қамтылған. Қала мектептерінде интернет жылдамдығы 60-100 Мбит/с, ал ауылдық мектептерде 30-50 Мбит/с деңгейінде жұмыс істеп тұр.
–Білім беру үдерісін жетілдіру үшін цифрландыру аса маңызды. Біз мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіп, қашықтан оқыту мен цифрлық платформаларды дамыту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар қауіпсіздік жүйелері жетілдірілуде. Қосымша білім беру ұйымдары кеңейтіліп, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалып жатыр, — деді бөлім басшысы.