
“Жайлы мектеп”: қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жояды
«Келешек мектептері» жобасы – ауылдық елді мекендердегі білім беру сапасын арттыруға бағытталған уақыт талабы. Бұл – тек жаңа ғимарат салу немесе инфрақұрылымды жаңарту емес, ең алдымен балаға қолайлы, заманауи білім беру ортасын қалыптастырудың маңызды тетігі. Бүгінде қала мен ауыл арасындағы білім беру жағдайының алшақтығы қоғамды алаңдататын өзекті мәселелердің бірі. Мұндай жағдайда ел көлемінде іске асырылып жатқан бұл жоба ауыл баласының да сапалы білімге тең қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Аталған жобаның ерекшелігі – мектептердің құрылымдық және ішкі мазмұндық тұрғыда толықтай жаңғыруында. Яғни, оқу кабинеттерінің заманауи техникамен жабдықталуы, интерактивті тақталар мен цифрлық құрылғылардың енгізілуі – білім беру сапасына оң ықпал ететін негізгі факторлар. Бұл – оқытушы мен оқушы арасындағы байланысты жеңілдетіп, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға жол ашады.
Сондай-ақ мектептердің оқушылардың психологиялық және жас ерекшеліктеріне сай жобалануы өте құптарлық. Мысалы, бастауыш сыныптар үшін жеке блоктардың қарастырылуы, тыныш әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде баланың мектепке бейімделуін жеңілдетіп, оқу мотивациясын арттырады. Оқушылардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға арналған арнайы аймақтардың қамтылуы – білім беруді тек теориялық емес, жан-жақты дамуға негізделген жүйеге айналдырады.
Тағы бір құптарлық жайт – құрылыс пен жабдықтау кезінде отандық өндірістің өнімдеріне басымдық берілуі. Бұл – тек білім беру саласын емес, сонымен бірге ұлттық экономиканы қолдауға бағытталған маңызды шешім. Отандық өнімдерді пайдалану арқылы жергілікті кәсіпорындарға қолдау көрсетіліп, өңірлік даму да қатар жүреді.
Қорыта айтқанда, «Келешек мектептері» жобасы – еліміздің зияткер ұрпағын тәрбиелеуге бағытталған ауқымды әрі болашағы зор бастама.
Шынар ШОҚАН,
Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары
Махамбет ауданы