Жарнама
Білім

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА – ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ

 

Бұл шарада 1 қыркүйек – Білім күніне дайындық мәселесі сөз болды. Қазір 2015-2016 оқу жылына арналған дайындық шаралары күшейтілуде.

Қазақстан Республикасы бойынша биыл да «Мектепке жол» акциясы өткізілмек. Жаңа оқу жылы алдында ұйымдастырылып отырған бұл жоба балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалуын болдырмауға негізделген. Шара 5 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Ол екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – мектепке барар кезде оқушылардың оқулық, формасы, киімдері мен қағаз-қалам, құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуін қадағалау, көмектесу. Бұл 5 тамыз бен 1 қыркүйек аралығын қамтиды.

Қазіргі таңда жүргізілген есеп бойынша Атырау облысында мектепке 106000 оқушы баруы керек. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларындағы 14041 жеткіншек мектепке тартылмақ. Негізінен бұл акция әлеуметтік аз қамтылған жанұя балаларына арналған. Осы жоба аясында 2014 жылы 10000-нан астам жас өрендер көмек алған болатын.

Қазақ халқының кеңдігі, дархандығы, өзгелерге деген қамқорлығы осы шарада да байқалды. Көптеген кәсіпкер меценаттар мен мекемелер жас ұрпақтың мектепке ойдағыдай баруына көмек қолдарын созған еді. Биылғы жылы да азаматтар осы акцияға атсалысып, жас өркендердің мектепке баруына жағдай туғызып, сәт сапар тілейді деген сенім бар.

Жобаның екінші кезеңі – жеткіншектердің түрлі себептермен оқуға бармай қалуын болдырмау. Ол қыркүйектің 1-30 аралығын қамтиды. Екінші кезеңде мектепке баруға бөгет болып отырған жағдаяттарды анықтау үшін Ішкі істер басқармасы қызметкерлерімен рейд ұйымдастырылады. Ол себептерге ата-анасының мекен-жайды ауыстыруы, көші-қон мәселесі де жатады. Мектепке келмей жатқан балаларды анықтап, тиісті шаралар алынады.

Тағы да бір ортаға салынған мәселе – «Мектепке – оқулықпен!» акциясы. Бұл шараның мақсаты – шәкірттерді оқулықтармен қамтамасыз ету. Өткізу мерзімі ағымдағы жылдың 1 тамызынан басталып, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Айта кететін ең маңызды мәселе – биылғы жаңа оқу жылында бірінші сынып бүлдіршіндеріне оқулықтар Елбасы атынан сыйлыққа тапсырылмақ. Бұл бастаманың өте маңыздылығы баршаға түсінікті. Атырау облысы бойынша 2015-2016 жылғы оқу жылында бірінші сыныптың табалдырығынан 13000-нан астам бүлдіршін аттамақшы.

Негізінен, орта есеппен бір мектеп оқушысына қажетті мектеп формасы мен қағаз-қарындаштар, құрал-жабдықтар 15000 теңгені құрайды екен. Ал, оқулықтар да облыс мектептерінде жеткілікті көрінеді. Алдағы уақытта, ата-анасы мекен-жайды ауыстырған жағдайда шәкіртке бөлінген оқулық оның жаңа барған мектебіне аударылатын болады. Сөйтіп, оқулық та оқушымен бірге орын ауыстырады.

Ал, 12 жылдық білім беру жүйесіне келер болсақ, республика бойынша 30 мектеп эксперименттік жобамен оқуды бастамақ. Біздің аймақтан Атырау қаласындағы №17 мектеп пен Исатай ауданынан бір білім ордасы солардың қатарында. Бұл жүйе бойынша оқитын оқушылардың кітаптары дайын, мұғалімдер білім көтеру курстарынан өтіп, сертификаттар алған.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Суреттер редакция
мұрағатынан алынды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button