БІЛІМГЕ ҚҰЛАШ СЕРМЕТКЕН

- Айжан Сәрсенқызы, сіз басқарып отырған Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі - тамырын тереңге тартқан тарихы бар іргелі білім ордасы.  Әңгімені сол тарихтан бастасақ.

- Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі алғаш рет 1929 жылы педагогикалық техникум ретінде ашылған. Бұл жалпыға бірдей бастауыш білім беру үдерісі енгізілген уақыт еді. Педагог кадрлар өте қат болған уақытта Гурьев педагогикалық техникумының жанынан арнайы курстар  ұйымдастырылған. Бұл оқу орнының  алғашқы басшысы Нұрғали Нұржігітов болды. 1932 жылы бірінші түлектері бітіріп шықты. Техникум жұмысының қарыштап дамуы жолында 1934-1940 жылдары басшылық еткен Шоқан Қаржауовтың үлесі зор болғанын айта кетуіміз керек. 1937 жылы техникум педагогикалық колледж болып қайта құрылды. 1941 жылы училище директоры болып  тағайындалған Сұлтан Жұрынтаев соғысқа кетіп, қайта оралмады. Соғыс уақытында да училище мамандар дайындау ісін үзіп тастаған жоқ. 1949-1956 жылдары оған Қатира Дүтбаева басшылық етті. Бұл жылдары училищеде бастауыш сыныптар мұғалімі, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері, дене шынықтыру пәні оқытушылары оқытылды. 1958 жылы училище таратылды. Жиырма жылдан соң 1976 жылы қайтадан ашылды, сол уақыттан күні бүгінге дейін жұмыс жасап келеді. 1997 жылы оңтайландыруға байланысты педагогикалық және мәдениет колледждерін біріктіру арқылы Атырау гуманитарлық колледжі қайта құрылды. 1992 жылы колледж директоры Р.Мүрсәлиеваның бастамасымен оқу ордасына Қатира Ермекқызы Дүтбаеваның есімі берілді.

 – «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді. Осы жылдардың ішінде сіздің білім ұясынан қанаттанып ұшқан мыңдаған шәкірт еліміздің әр аймағында, әртүрлі салада еңбек етіп жатыр.

– Иә. Олардың арасында елге ғалым ретінде танылған С.Қазыбаев, Қ.Шәукенов, М.Орашева, Ү.Қыдыралин, Қ.Сейталиев, Ғ.Нығметов, М.Ізмұқанов, Д.Қалуевтар, ақын-жазушылар Н.Әбуталиев, Н.Оразов, Т.Жауыров, М.Қарақұнанова, өнер қайраткерлері Ж.Назаров, Г.Әбукакимова, В.Машқалиева, М.Төреханова, С.Жаскелеңовалар бар.  Қоғам және саясат қайраткерлері М.Ғабдусалимова, С.Мусағалиева, М.Сабыровалардың да біздің колледжден білім алғандарын мақтанышпен айтамыз. Сол секілді екі жүзден астам түлегіміз жемісті еңбектері үшін еліміздің жоғары наградаларына ие болған. Басшылық лауазымдарда жұмыс жасайтын қаншама шәкірттеріміз бар, бұлардың бәрі біздің ұжымның еңбегінің өтеуі деп білеміз.

– Қазір колледж қандай мамандықтарға оқытады?

– Бүгінде 2859 студент білім алып жатыр. Олар «бастауыш сынып мұғалімі», «информатика мұғалімі», «қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі», «ағылшын тілі мұғалімі», «музыка мұғалімі», «технология», «мектепке дейінгі тәрбие», «дене шынықтыру пәні мұғалімі», «аудармашы», «педагог-ұйымдастырушы, халықтық  қолөнер», «мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастырушы педагог», «би ұжымының жетекшісі», «мұғалім-спорт жаттықтырушысы», «сурет және сызу мұғалімі» мамандықтарында оқиды.

– Соңғы жылдары білім беру мекемелеріне енгізілген жаңалықтың бірі – дуальдық оқыту жүйесі. Бұл бағыт бойынша сіздің оқу орнында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қандай мекемелермен қарым-қатынас орнаттыңыздар?

–  Мамандар даярлау ісінде дуальдық оқыту жүйесінің берер нәтижесі мол екені сөзсіз. Бұл жүйе студенттердің өндірістік тәжірибелерін сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ, бірқатар мекемелермен әлеуметтік серіктестік орнатуда маңызға ие. Бүгінде 54 мекемемен әлеуметтік серіктестік туралы келісім-шартқа отырдық. Олардың арасында отандық, шетелдік іргелі кәсіпорындар мен ұйымдар бар.

– Енді студенттердің қоғамдық жұмыстарға қатысы жайлы әңгімеге ауыссақ. Колледжде біліммен қатар тәрбие беру ісіне қаншалықты көңіл бөлінген?

– «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фарабидің сөзін біз де басшылыққа аламыз. Әрине, біз үшін колледждің әр түлегі тек сапалы біліммен қаруланып қоймай, саналы, мәдениетті, жан-жақты дамыған тұлға болуы маңызды. Бұл ретте «Мәңгілік Ел» патриоттық актін тәрбие жұмысына негіз етіп алып отырмыз. Сабақтан тыс уақытта студенттер үшін «Қыз Жібек» қыздар клубы, «Эверест» пікірталас клубы, «Ғажайып» КТК тобы жұмыс жасайды. Біздің «Ғажайып» тобымыз республикалық көңілді тапқырлар клубында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Студенттердің бастамасымен «Қолғанат» волонтерлік қозғалысы құрылды. «Жас талапкер» студенттердің өзін-өзі басқару жүйесі де бар.

– Қазір қандайма болмасын оқу орнын бітірген түлектің қызметке орналасуы оңай емес екені белгілі. Бұл бағытта сіздер қандай жұмыс жасап жатырсыздар?

– Біздің колледжде студенттерге негізгі мамандығымен қоса «бастауыш сыныптардағы ағылшын тілі мұғалімі», «бастауыш сыныптардағы неміс тілі мұғалімі», «аудармашы-хатшы», «мектепке дайындық және өзін-өзі тану» секілді қосымша кәсіптік білім де беріледі.

Барлық бітірушілерге жастар тәжірибесі жөнінде мәлімет беріледі.   Еңбек  нарығындағы  өзгерістер, кадрларға сұраныс жайлы үнемі ізденістеміз.

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі бүгінгі  талаптарға сай қоғамға лайықты тұлға қалыптастыруда, елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуда білім беру саласының жаңа стандарттарына сай жұмыс жасауды басты мақсаты деп біледі.

– Айжан Сәрсенқызы, әңгімеңізге рахмет. Оқу орнының барша ұстаздар қауымын, түлектерін, студенттерін колледждің бір ғасырға жуық тағылымды тарихи мерейтойымен құттықтаймыз. Тәуелсіз еліміздің тұғырын нық ұстайтын, жігері жалынды ұрпақ тәрбиелеуге қосар үлестеріңіз мол болсын!

Бақытгүл  БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз