ҒЫЛЫМИ ЖОБА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ

Атыраулық оқушылар математика және механика пәндерінен Ө.Жолдасбеков атындағы IV халықаралық ғылыми жобалар сайысынан жүлдемен оралды. Олар биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылып, өздерінің қалаған жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алды. 

 

Атыраудың атынан қатысып, елдің намысын асқақтатқан білімді жастарды сыныптастары, мұғалімдері мен ата-аналары темір жол вокзалында құшақ-құшақ гүлмен қарсы алды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика және механика факультеті ғимаратында өткізілген білімділер сайысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен қатысқан 283 оқушының арасында Атырау облысы атынан тоғыз оқушы білімдерін сынады. Олардың ішінде екі оқушы күміс медаль, бес оқушы қола медаль иеленді. 

– Халықаралық деңгейдегі үлкен байқауға бірінші рет қатысып тұрмын. Тапсырмалар өте қиын болды. Әрбір елден ең мықты оқушылар келді. Бір-бірінен кем түспейді. Алайда, олардың қатарында мен де білімімді өз деңгейімде көрсете алдым деп ойлаймын, – дейді қаладағы №30 мектеп-гимназиясының 11- сынып оқушысы, қола медаль жүлдегері Қанат Беркімбаев. Ал, аталмыш мектеп-гимназиясының 11- сынып оқушысы Әзиза Дүйсенбаева мен облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 11-сынып оқушысы Айдана Сансызбаева күміс медальды иеленді. Қола медаль Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналғанлицейдің 11-сынып оқушысы Арайлым Мырзағалиға және қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушылары Әлсейіт Бейсенов пен Алмат Қайыржановқа, облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 11-сынып оқушысы Ернар Шалабаевқа бұйырды. 

Айта кету керек, Исатай ауданынан қатысқан Х.Нәубетов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Бектас Хабидоллаев пен Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әйгерім Сапарова жүлделі орын алмаса да, қатысқандары үшін сертификат иеленіп, ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды.

Бетті дайындаған Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз