Үздік педагог Гаухар Қабдешова: «Байқауға 2020 жылдан бері қатысып келемін»
Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында үлкенді-кішілі талай талпыныстар мен сілкіністерді бастан өткердік. Қазақтың бағына біткен ұланғайыр даласы жатбауырлардың көздеген нысанасы, меңзеген межесі еді. Сондай қиын-қыстау заманды бастан кешсе де, ұрпақтың кемел болашағы үшін аянбай еңбек еткен асылдардың орны тым бөлек.
Ізгілердің ізін жалғастырған кейінгі ұрпақтың да жан сүйсінтер істері мақтауға тұрарлық. Әсіресе азат елде өмірге келген толқынның алды бүгінде өзінен кейінгі буынға тәлім беріп, қоғамнан орнын тауып, пайдасын тигізіп жүр. Солардың қатарында келешегінен үміт күттіретін жастардың көптігі қуантады.
Үздік педагог – Астана төрінде
Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және кәсіби қызметінде жоғары жетістіктері бар педагогтарға қолдау көрсету мақсатында 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық «Үздік педагог» байқауында үздік 64 ұстаздың ішінде Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы Гаухар Қабдешованың да есімі аталды. Республикалық комиссия отырысының қарауына ұсынылған 1000-ға жуық өтінімнің ішінде мектепке дейінгі, орта және арнаулы орта білім беру мекемелерінің 400 қызметкері республикалық кезеңге жолдама алған.
Айта кету керек, Атыраудан қатысқан 19 педагогтың ішінен жұлдызы жанған Гауһар байқаудағы әр кезеңнің өзіндік қиындығы болғанын жасырмады.
– Әр кезең сайын күрделілене түскен байқауда техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің 30 ұстазы іріктеліп, Астана төрінде дәріс бердік. Бұл тізімнен мен де табылып, республикалық кезеңнің алғашқы бөлігінде елордадағы құрылыс-техникалық колледжінің студенттеріне сабақ өткіздім. Екінші бөлімде педагогтардың портфолиосы, яғни педагогикалық қызметіндегі жетістіктері, білім алушының жетістіктері, педагогикалық тәжірибені тарату, зерттеу қызметі, жобаларды іске асыру, педагогтың сараптамалық немесе жобалау қызметі, тәрбие жұмысының және сабақтан тыс іс-әрекет бағыттары, еріктілік қызметі бойынша материалдары қаралып, бағаланды, — дейді Гаухар Асхатқызы.
Ол байқауға 2020 жылдан бері қатысып келе жатыр екен. Содан бері білікті ұстаздың тұрақты ізденісі мен табанды еңбегінің арқасында жеңімпаз атаныпты. Сондай-ақ Атырау политехникалық жоғары колледжіндегі бесінші «Үздік педагог» атанып, ұжымның мерейін өсірген.
Байқаудың марапаттау рәсімінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздік педагогтарға төсбелгілер мен 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы сертификаттарын табыстады.
Махамбет ауылындағы Есенбай Ағелеуов атындағы орта мектептің түлегі Гауһар Асхатқызы Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін «мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша 2013 жылы ойдағыдай аяқтағаннан бері С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде өз мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы болып жұмыс істейді. Педагог-зерттеуші біліктілік санатын иеленген ол техникалық және кәсіптік білім беру саласында 10 жылдан астам еңбек өтілі бар.
Шәкірттері – мақтанышы
Мақтаулы педагогтың жетістіктері мен марапаттары да жеткілікті. Атап айтсақ, мұнай-газ саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсында бас жүлде иеленген. Республика Оқу-ағарту министрлігінің мақтау қағазымен, республика Энергетика министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. 2022-2023 жылдары облыс бойынша «Үздік педагог» атағына қол жеткізсе, республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы», «Үздік бейнесабақ», «Үздік панаромалық сабақ» секілді педагогикалық оқулардың жеңімпазы.
Мұнай саласы бойынша оқулықтар, оқу құралдары мен цифрлық білім беру ресурстарының авторы ретінде республика көлеміне кеңінен танылған Гауһар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, мақалалары жинақтарға енді. Оған қоса республикалық сарапшылар одағының мүшесі.
– Бүгінде білім берген түлектерімнің алды «Ембімұнайгаз», «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Теңізшевройл», «Қазмұнайгазбұрғылау» сияқты ірі өндіріс орындарында жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның «ТОП-100» студенттері қатарына еніп, шеберлік конкурстарының жеңімпазы атанғандар да бар. Менің мерейімді өсірген осындай шәкірттерімнің сенімі мен ауызбірлігі деп ойлаймын, — дейді «Үздік педагог».
Әкесі Асхат Қабдешов пен анасы Ғафура Көпбаева да білім беру саласына сүбелі үлес қосқан 35 жылдай тәжірибесі бар педагогтар. Тіпті атасы Масабай Мұқанов он төрт жасынан еңбекке араласып, өзінің табандылығының арқасында беделді қызметтер атқарған. Осындай ұлағаттың әулеттің ұрпағы да биік абыройға ие болмағы жаратылыстың заңдылығы болса керек.
Алмас ҚАБДОЛОВ