
UTEBAYEV UNIVERSITY TNF-2025 ФОРУМЫНДА
Ресейдің Түмен қаласында өтіп жатқан TNF-2025 өнеркәсіптік-энергетикалық форумына UTEBAYEV UNIVERSITY делегациясы қатысуда. Форум отын-энергетика кешеніндегі жетекші интеграциялық алаң ретінде танылып, сала көшбасшыларын, ғалымдарды, инженерлер мен білім беру мекемелерінің өкілдерін бір арнаға тоғыстырды.

Халықаралық деңгейдегі алаңда университет ректоры Гүлзада Шакуликова кадр даярлау, инновациялық білім беру және ғылым мен өндірісті интеграциялау мәселелеріне арналған баяндама жасады. Ол өз сөзінде Атырау мұнай және газ университетінің Түмен облысымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

-Биыл маусым айында Түмен облысының делегациясы Атырауға келіп, ғылым, білім және энергетика салаларындағы бірлескен жобаларға алғашқы қадам жасадық. Түмен мемлекеттік университеті мен Индустриалды университетінің студенттері UTEBAYEV UNIVERSITY-де өткен жазғы мектепке қатысты. Біздің профессор-оқытушыларымыз Түмен облысындағы кәсіпорындармен танысып, бірлескен ғылыми жұмыстарды жүргізуде. Бұл байланысымыз алдағы уақытта да нығайып, жаңа нәтижелерге жеткізетініне сенімдімін, – деді Гүлзада Шакуликова.

Форум аясында университет өкілдері салалық компаниялармен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен кездесіп, тәжірибе алмасу мен болашақтағы серіктестік мүмкіндіктерін талқылады.
TNF форумы биыл оныншы рет өтіп, энергетика саласындағы жаңа технологиялар мен шешімдерді талқылаудың басты алаңына айналды.

Айта кетейік, бұған дейін де UTEBAEV UNIVERSITY делегациясы Түменге барып, Атырауда мұнай-газ химиясы бойынша білім беру және оқу-өндірістік орталық құру мәселесін талқылаған болатын.
Сонымен қатар ғылыми-инновациялық серіктестік аясында UTEBAEV UNIVERSITY мен Түмен мемлекеттік университетінің арасында мұнай-газ, мұнай-химия, IT және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында пікір алмасулар өтті.