UTEBAYEV UNIVERSITY-де жаңа мамандық ашылады
Келесі жылдан бастап UTEBAYEV UNIVERSITY-де «Көлік құрылысы» мамандығы ашылады. Бұл туралы республика Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев Атырауда өткен Батыс Қазақстанның жол инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған аймақтық семинарда мәлімдеді.
– Бұл іс-шара Батыс Қазақстанның жол инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамның бірі ретінде болашақта аймақтың көлік-логистика саласын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деген ойдамыз. Республика Көлік министрлігі мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті бірлесіп, жол мамандарын даярлайтын білім беру бағдарламаларын ашуды жоспарлап отыр. Осы мамандықты таңдаған талапкерлер үшін министрлік тарапынан гранттар бөлінеді, — деді С.Аблалиев.
UTEBAYEV UNIVERSITY академиялық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Нұркен Ахметов отандық көлік құрылысы саласына маман даярлаудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында болғандықтан жолдардың ұзындығы да үлкен, ал жол сапасына қойылатын талап жылдан жылға артып келеді. Осыған байланысты жол мамандарын даярлау стратегиясы да жетілдіруді қажет етіп отыр.
Семинар барысында жол инфрақұрылымын дамытуға байланысты жаңа технологиялар мен кадр мәселесі талқыланды. Биыл салалық жоғары оқу орындары мен «ҚазЖол» ғылыми зерттеу институты, Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары бірлесіп, жол мен көлік саласындағы тапшы мамандарды әзірлейтін «Көлік құрылысы» атты жаңа бағыт құрған болатын. Осы мақсатта ҚР Көлік министрлігі мен UTEBAYEV UNIVERSITY ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім негізінде университетте 2025 жылдан жастап «Көлік құрылысы» мамандығы оқытылады.
«Көлік құрылысы» мамандығы еліміздегі жол сапасын арттыру және инновациялық шешімдер енгізу үшін білікті кадрларды даярлауға бағытталған. Бұл ынтымақтастық болашақта аймақтық жол инфрақұрылымын жетілдіруге септігін тигізеді.