
UTEBAYEV UNIVERSITY-де түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті
С.Өтебаев атындағы UTEBAYEV UNIVERSITY-де түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл университетті 800-ге жуық студент табысты аяқтап, еңбек нарығына алғашқы қадамдарын жасады.
Мерекелік іс-шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетова, сондай-ақ өңірдегі жетекші индустриялық серіктестер мен өндірістік кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Қонақтар түлектерді маңызды өмірлік белеспен құттықтап, болашақ кәсіби жолдарына сәттілік тіледі.
Іс-шара барысында үздік бітірушілер мен белсенді студенттерге алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
UTEBAYEV UNIVERSITY жыл сайын мұнай-газ, энергетика, экология, инженерия және IT салалары бойынша жоғары білікті мамандар даярлап, оларды өңірлік және ұлттық деңгейдегі өндірістік мекемелерге жолдауда. Бұл – университеттің индустриямен тығыз әріптестік байланысы мен сапалы білім беру жүйесінің айқын нәтижесі.
Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен испаниялық Tecnicas Reunidas компаниясы арасындағы ынтымақтастық аясында университеттің 12 түлегі халықаралық инженерлік жобаға іріктеліп, Испанияда оқу және TR компаниясының әлемдік жобаларында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Биыл дәл осы жас мамандар да өз дипломдарын ресми түрде алды.
Айта кету керек, UTEBAYEV UNIVERSITY – Қазақстандағы мұнай-газ саласына маман даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет түлектері еліміздің энергетика, экология, инженерия және цифрлық технологиялар саласында табысты еңбек етіп келеді.