Жарнама
Білім

Ұстаздық –  ұлы қызмет

Бала жанына нұр сеуіп, санасына сәуле шашатын ұстаздың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі зор. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ең алдымен педагогтың біліктілігіне байланысты екені де белгілі. Уақыт өткен сайын мұғалім жауапкершілігімен қатар, беделі де артып келеді. Әсіресе мұғалім мәртебесін айқындаған арнайы заң да ұстаздардың алаңсыз білім беруіне жол ашып отыр.

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтпақшы, мектептің мерейі мен баланың болашағы мұғалімнің қолында екендігі даусыз. Осындай жауапты істі арқалап,  алтын уақытын ағарту ісіне арнап, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген мұғалімнің еңбегін еш нәрсемен өлшей алмаспыз.

Ендеше, алдындағы әр шәкіртінің жүрегіне жол тауып, ұлағатты ұстаз атанудың сыры қандай? Кезекті «Мінбер» төрін облыс ұстаздарына ұсынуымыздың себебі де осы болатын.

1. Ұстазды ұлық ететін қандай қасиеті?

2. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушының жүрегіне жол табу қаншалықты қиын?

3. Педагогикалық озық тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

Гүлмайра ИБРАГИМОВА,

облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясы физика пәнінің мұғалімі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері (Атырау қаласы):

««Физика – өмір» қағидасын ұстанамын…»

– Меніңше, ұстазды ұлық ететін – жүрегінің жылулығы. Балаға жүрегіңіз ашық болып, өзіңізбен тең адамдай акылдасып, оның ойымен бөлісу.

– Ойланатын сұрақ екен!..

Әуелі оқушыға сенетініңізді, оны жақсы көретініңізді сездіру, мейіріміңізді көрсету. Егер балаға салқын карасаңыз, ол саған жақындамай, қашып тұрады. Сондықтан, мұғалімнің баламен жаны бір болуы керек. Оқушының тілін тауып, оның не ойлап тұрғанын, нендей мақсаты барын түсініп, соған мүмкіндік беру қажет. Мұғалім өз ойын ұсынып қана қоймай, баланың қандай тақырыпты таңдағысы келетініне құлақ түріп, тыңдай біліп, ойын жүзеге асыруы үшін алға сүйреп, үйретуі керек. Өйткені, қазіргінің баласы жан-жақты, жаңашыл келеді.

– Соңғы уақытта жаңартылған бағдарламамен оқып, білім беріп жатырмыз ғой.  Сондықтан қазіргі оқу жүйесіндегі ұстаздардан сұраныс өте көп. Мұғалімнен көп ізденісті, өзін ұдайы дамытуды талап етеді. Сол себепті сабақты түрлендіріп өткізу үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Кез-келген әдісті қолдана беруге де болмайды. Пән бойынша тақырыпқа, оқушының жас ерекшелігіне, бала санына қарай қолдану керек. Мысалы, физика сабағында ойын элементтерін қолданып, практикалық тұрғыда есептерді көбірек шығартамын, «физика – өмір» деген қағиданы ұстана отырып, пәнді өмірмен байланыстыруға бағыт беріп отырамын. Пәнаралық байланыстар ұйымдастыруды да ұмытпаймыз. Өйткені, сабақтас пәндердің зерттеу объектілері бойынша алған білімдерін өзара қолдана білуге дағдыландыру жақсы нәтиже берері анық.

Айгүл ҚҰБАШЕВА,

Тасшағыл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, жоғары санатты педагог (Қызылқоға ауданы):

«Бала табиғатын табу қажет»

– Ұстазды ұлық ететін қасиет көп болуы мүмкін, алайда мен ең бастысы деп санайтыным – баланың болмысын дұрыс тану және бар болмысымен қабылдай білу. Яғни балаға дербес болмыс, рухани потенциал, ерікті жаратылыс деп қарау. Балаға сенім артып үйрену керек. Осы талаптың үдесінен шыға алған мұғалім кемеңгер мұғалім (гуманный педагог) бола алар еді.

– Мағжан айтқандай, «дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ». Олай болса, адамның жүрегіне жол табу – қиынның қиыны. Ол үшін көзі соқыр көретін, құлағы керең еститін мейірім дейтін аяулы сезім керек. Ол мұғалімге аса қажет дүние ғой.

Меніңше, екі сұрақтың жауабы бір болуы керек секілді. Алдыңғы жауаптағы ұстазды ұлық ететін қасиетке ие болсақ, шәкірттің жүрегіне жол табу оңай. Балаға дербес болмыс, рухани потенциал, ерікті жаратылыс деп қарау мейірімді мұғалімнің ғана қолынан келеді.

– «Адамға қалай өмір сүруді үйретпе, не үшін сүру керегін түсіндір. Қалай сүру керегін өзі де үйреніп алады» депті Ницше. Алдыма әр сынып жаңадан келген сайын, тіпті әр сабағымда өз пәнімнің мынау өмірде не үшін керек екенін ұқтыруға тырысамын, түсіндіремін. Өмірдегі практикалық қолданысын ғана емес, фундаменталды мәнін ашуға ұмтыламын. Баланы бағалауда біреуді басып озуымен емес, өзін жеңуімен өлшеуге тырысамын.

Өзіме ұнайтын тәжірибем – тақырыпты әр оқушының жеке қызығушылығы арқылы ұғындыру. Сол арқылы оқушыны шабыттандыру. Мысалы, мен сабақ беретін сыныптарда суретші оқушылар баршылық. Тіпті кейбірінің ата-анасы баласының сурет салуға осыншалықты қабілетті екенін біле бермейді. Үнемі сурет салып отыру балаға ұнайды. Мен соны пайдаланамын. Сол арқылы оқушы менің пәнім бойынша берілген тапсырманы шабыттана орындайды. Себебі ол оның сүйікті ісі ғой. Бұл тәжірибе де оңайлықпен келмейді. Жеке адамның табиғатын тап басып тану арқылы жүзеге асады. Адам табиғатын тану қабілеті мұғалімнің ең басты жетістігі болуы керек. Әйтпесе, «ұстаздық ұлы қызмет» бола алмайды. Марқұм ұстазым Алма Қыраубаева айтқандай, «мұғалімнің міндеті балаға өз пәнін үйретуден гөрі тереңіректе, ол – адам жасаушы Адам».

Жылбек ТҰРСЫНБАЕВ,

Дүйсенғали Төленов атындағы мектеп-гимназиясы информатика пәнінің мұғалімі (Махамбет ауданы):

«Авторлық бағдарламам бар»

– «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалімнің тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт болашақ жолында бағытынан таймайды. Өз басым қолыма қалам ұстатып, оқу мен жазуды, тәрбие мен тағылымды сіңірген алғашқы ұстазым Қалампыр Шапауованы әрқашан құрмет тұтамын. «Каллиграфияңды дұрыста – жазуың көркем болады», «кітап оқы – рухани байисың», «тәртіпті бол – сыйлы боласың», «жақсылық жаса – алдыңнан шығады» деген сөздері әлі күнге құлағымда. Информатика пәнінен сабақ берген Гүлсім Молдрахманованың сабақта қауіпсіздік ережесін «алгоритм» арқылы түсіндіргені өмірлік азық болды. Осылайша, мектеп қабырғасында алған білім өмір бойына кәдеме жарап келеді.

Өзінің бар білімі мен білігін шәкірттерінің санасына сіңіріп, оның жақсы болғанын қалап, жетістігіне қуанатын – мұғалім. Педагогтың мәртебесі әрқашан да биік болатыны сондықтан!

– «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, әрбір оқушының өзіне тән жақсы қасиеттері мен мүмкіндіктері болады. Тәжірибелі мұғалім тұңғиықта тұнып жатқан осы қасиеттерді дамытады, олқылықтарын жояды. Бұл – үлкен өнер. Информатика пәні бойынша облыстық пәндік олимпиададан жүлделі орындарды иеленген М.Қоспанов, Д.Сапи, А.Тлепов, Ә.Мырзабаев сынды оқушыларым бүгінде қаржы, бизнес, мұнай саласының білгір мамандары екенін мақтан етемін.

– Бүгінгі мұғалім үнемі оқу, білу, даму үстінде болуы керек. Өз білімімді үнемі жетілдіру нәтижесінде өзімнің «Робототехника курсы бойынша қысқа мерзімді жоспарлар жиынтығы» авторлық бағдарламамды жасадым. Онда информатика сабақтарын ұйымдастыру негізінде оқушылардың роботтық техника қабілетін дамытуға бағытталған жаңа әдіс-тәсілдер мен тың технологияларды пайдалану жолдары, жұмыс істеу тәртібі, ақпаратты өңдеу мәні мен оқушылар қабілетін дамытуға бағытталған инновациялық технологияларды қолданудың мән-маңызы кеңінен қарастырылған.

Наурызгүл ҚАЗИМОВА,

Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі (Атырау қаласы):

«ХХІ ғасыр – жаңашыл педагог заманы»

– Ұстаздық ету – ұлы жол. Өйткені, ол – оқу мен тынымсыз еңбектің жолы. Әр үйдің еркесінің тілін тауып, оның жүрегіне жол таба білу – тек ұстазға тән қасиет. Сол себепті білім нәрімен сусындатып, көкірегіне білімнің дәнегін сеуіп, оқу-жазуға үйреткен мамандық иесінің ерен еңбегін құрметтеп, есімін үнемі ұлықтаған.

– «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, әрбір ұстаздың берген білімі мен тәлімі қаншалықты баланың санасына жетіп, көкейінде қалуымен өлшенетіні белгілі. Болашақта өзі еккен ағашының біртіндеп бүршік атып, жеміс беруі – әрбір ұстаздың қуанышы мен арманы. Алайда, «жас шыбық иілгіш келеді» демекші, әр баланың жаратылысы әртүрлі. Қалай тәрбиелеп баптасақ, солай өседі. Әр баланың көңілінен шығып, тілін тауып, жүрегінен жол табу – баланың кейбір ісіне бала көзімен қарап, анасындай шын жақсы көрген ұстаздың ғана қолынан келеді деп білемін.

– ХХІ ғасыр – жаңашыл педагог заманы. Демек оқыту технологияларын қолдану арқылы оқушылардың әртүрлі қабілеттерін жетілдіріп, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін дамытып, қарапайым нәрседен ой тұтатып, ойын еркін айта алатын тұлға тәрбиелеуге жұмыстанудамыз. «Ақыл-ой картасы», «Сандық білім беру үрдісі», Thingling-пен жұмыс жүргізгенді тиімді санаймын.

Жазып алған Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button