Жарнама
Білім

Ұстаздар ұлықталды

Абай атындағы оқушылар орталығында «Ұстазға тағзым» тақырыбында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жыл мерейтойына орай түлектермен кездесу өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық», — деп ұстаздардың біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап айтты. Ендеше бұл іс-шара да осынау міндетті алға қойып, университеттің зиялы түлектерімен арадағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Жиын барсында QyzPU түлектері қызықты оқиғаға толы студенттік өмір туралы естеліктерімен бөлісіп, өткен күндеріне ризашылықпен қарап, университет басшылығы мен оқытушы – профессорлар ұжымына шексіз алғыс білдірді.
— Іс-шараның басты мақсаты – әр кезеңдегі университет түлектері атанған зиялы ұстаздармен кездесу арқылы болашақ ұстаздарды шабыттандыру. Аталмыш іс-шара барысында университеттің дамуына үлес қосып, еңбегі еленген тұлғалар мен бүгінгі күнге дейін ұстаздардың қара шаңырағына айналған оқу орнын көркейту үшін тер төккен түлектердің жетістіктерін атап өту. Сол арқылы университетте білім алып жүрген жастарға ұстаз деген ұлы сөздің маңыздылығын айқындау. Өз саласына деген қызығушылығы мен жауапкершілікті сезіндіру. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына зор үлес қосқан ұлы ұстаздар мен ғалымдарды еске алып, олардың өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметтерін насихаттау. Сонымен қатар, ұлттық ғылым мен білімнің өткені мен бүгінгі күнін, болашағын талқылау, жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамыту, — дейді аталған университеттің қыздар көшбасшылығы мен кәсіптік бөлімінің басшысы Гүлзира Мағзомова.

Аталған жиын білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан ұлы тұлғаларды еске алып, олардың ізін жалғастыру үшін тамаша мүмкіндік болмақ. Ал аталған оқу орны жыл сайын өзінің позициясын нығайта отырып, жаһандық өзгерістерді басқара алатын педагогтерді даярлап келеді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 1944 жылы негізі қаланған. Шалғай аудан мен ауылдардағы барлық қыздар білім алсын деген мақсатта Орта Азияда жоқ, теңдесіз қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған баламасыз жалғыз жоғары білім ордасы.

— Менің осы күнге дейін жеткен әрбір жетістігім де университетімнің және ұстаздарымның қолтаңбасы бар. Осы оқу орнының түлегі болғаныма бақыттымын. «Бұл институт қазақ қыздарының шамшырағына айналады» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, сол шамшыраққа айналған университеттің абыройы үшін білікті маман, мықты педагог болуға жұмыстанамыз, — дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің аға оқытушысы Ақмарал Дәуітқұлова.
Басқосу соңында Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушылары мен білім және ғылым саласында қызмет етіп жүрген университет түлектері өз баяндамаларын оқып, сонымен қатар ұстаздар қауымын марапаттау рәсімі өтті.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button